Соның барысында елордадан жүз шақырымдай жерде орналасқан «Ақкөл» ЖБК жұмысымен, кәсіпорын қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларымен танысуға мүмкіндік алдық. Мұнда 90 адам жұмыс істесе, қазіргі кезде олардың баспана және өзге де әлеуметтік мәселелері толығымен шешімін тапқан. РҒБО ұжымы құрған Қазақстандағы тұңғыш радиомұражайды таныстыру рәсіміне қатысқанымызды да айта кету керек. Мұнда раритеттік радиотехникалар қойылыпты. Және байланыс мониторингін басқару орталығының (МБО) міндеттері мен функцияларын да сұрастырып білдік. Соның ішінде 9 метрлік пилон-байланыс мониторингі жүйесінің техникалық жарақтандырылуы ерекше қызығушылық туғызды. Бұдан басқа, спутниктердің ұшуын басқару орталығы да (ҰБО) тамсандырмай қоймады. Тур барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қызықтырған сауалдарға «РҒБО» АҚ президенті Виктор Лефтер, компанияның вице-президенті Бауыржан Құдабаев, Байқоңыр ғарыш айлағында қызмет еткен кәсіпорынның мамандары жан-жақты жауап берді.
Жалпы, «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы (ҒБО) 2005 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген болатын. Содан бері аталған орталық «KazSat» сериялы телекоммуникациялық спутниктердің берілген техникалық және баллистикалық сипаттамаларын басқару, бақылау және қолдау міндеттерін мүлтіксіз атқарып келеді. «Ақкөл» ҒБО Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) спутниктік радиобақылау стансаларының бірыңғай тізіліміне енгізілгендігін де атай кеткен орынды. Оның үстіне «Ақкөл» ЖБК-ні техникалық қайта жарақтандыру бойынша 2008-2009 жылдары «KazSat-2» ҒА бағдарламасы және 2012-2013 жылдар кезеңінде «KazSat-3» ҒА жобасы шеңберінде іс-шаралар жүргізілді.
Басқару орталығы жұмысын айтқанда ең бірінші қаперге «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спутниктері оралады. Өйткені мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар жердің осы жасанды серіктерімен тікелей байланысты. Мысалы, «KazSat-2» спутнигі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 2011 жылғы 16 шілдеде ұшырылса, қазір ол 86,5ºш.б. орбиталық позициясында мақсаттық бағыты бойынша пайдаланылуда. Спутниктің пайдалы жүктемесін Thales Alenia Space компаниясының италиялық бөлімшесі жасаса, оның транспондерлік сыйымдылығы 864 МГц (жиіліктердің Ku-диапазонында) құрайды. Орайы келгенде «KazSat-2» елімізден өзге Орталық Азия аумағын (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) және Ресейдің орталық бөлігін қамтитындығын да қаперге сала кеткен жөн. Осылайша «KazSat-2» ғарыш аппараты базасында ұлттық байланыс және хабар тарату операторларына қызмет көрсетіліп, шетелдік спутниктер қызметі импортын азайтуға қол жеткізіліп отыр.
Ал 2014 жылғы 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спутнигі ұлттық ғарыштық жүйені барынша дамытуға бағытталған-ды. Тарқатып айтқанда, қазақстандық спутниктік байланыс және хабар тарату операторларының спутниктік сыйымдылыққа деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Шетелдік спутниктік импорт қызметін шектеу арқылы мемлекеттік бюджетке кірісті арттыру. Қазіргі таңда ғарыш аппаратының жерден алыстығы 39000 км құраса, орбитадағы қозғалыс жылдамдығы 3 км/с, ал ұстау боксы 0,05º құрайды екен.
Қорыта айтқанда, Ақкөл қаласында орналасқан KazSat байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарын басқару жерүсті кешені біртіндеп дамытылуда. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің жартысынан астамы инженерлер болса, олардың қатарында «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі еңбек етіп келеді. Турдың мақсаты осы іске дарынды жас инженерлерді тартып, еліміздің ғарыштық бағдарламасының дамуына үлес қосу.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы