Онда Ұлттық экономика министрі (ҰЭМ) Тимур Сүлейменов баяндама жасап, заң жобасы заңнамаларға негізінен бірнеше бағыт бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетінін айтты. Соның ішінде, біріншіден, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламасын бекіту ҰЭМ-нің келісімінсіз жүргізіледі; Мемлекеттік органдар бюджеттік бағдарламаларына бөлінген қаражаттың ішкі бөлінісін ҰЭМ және Қаржы министрлігімен келіспей, өз еркімен жасай алады және т.б. Осындайлардың арқасында орталық және жергілікті деңгейде 1,5 мың құжатты қысқартуға болады деді министр.
Екіншіден, бағдарламаларды іске асырудағы дербестікті арттыру үшін бюджетті нақтыламай-ақ, Үкіметтің қаулысымен бағдарламалар арасындағы қаражатты қайта бөлуге рұқсат етеді; Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде ең төменгі қаржыландыру көлемін жергілікті атқарушы органдардың қайта бөлуіне болады.
Үшіншіден, мемлекет-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлау процестерін 5-тен 3-ке қысқартуды, сондай-ақ осы жобаларды әзірлеу мерзімдерін 7-ден 3 айға дейін қысқартуды қамтыған.
Айта кететін жайт, заң жобасы айыппұлдарды болжауға тыйым салуды да қарастырған.
Ұсынылған түзетулері бюджет қаражатының экономикаға неғұрлым жылдам жетуін, игерілмейтін сомалардың азаюын, бюджет процесінің жеңіл болуын және т.б. қарастырған заң жобасын депутаттар қызу қолдай отырып, бірқатар өткір сұрақтар да берді.
Депутат Жексенбай Дүйсебаев бюджеттік бағдарламаның орындалуына бағдарлама әкімшілігінің бірінші басшысы тікелей жауапкер деген Президенттің талабы заң жобасында неге нақты көрсетілмеген, мұнда тек «министрлік тағайындаған бағдарлама басшысы жауап береді» делінген. Осыны қалай түсінуге болады? – деп сұрады. Бұған министр Т.Сүлейменов көп сөзбен жауап беріп, жауапкершіліктің жалпылай болатынын айтты. Бұл жауап палата Төрағасы Н.Нығматулинді де қанағаттандырмады. «Жалпылай жауапкершілік – жаппай жауапсыздық» деген емес пе? Сіздер бағдарламаның орындалуына бірінші басшы жауап береді деген сөзді жазбай, жауапкершілікті бюджеттік бағдарламаның жетекшісіне іліп қойғансыздар, ал ол бар-жоғы департамент немесе басқарма бастығы ғана. Заң бойынша бағдарламаның орындалуына бірінші басшы тікелей жауапты болуы керек еді ғой», деп ол министрдің «жалпы жауапкершілік» деген сөзіне қанағаттанбады. Пікірсайыстың қорытындысында министр заң жобасын екінші оқылымға әкелгенде «жауапкершілік тікелей бірінші басшының мойнында болады» деген сөзді заң жобасын әзірлеушілермен келісіп, енгізетін болды.
Палата спикерінің пікірсайысқа араласып, орынды сұрақтар бергені депутаттарды белсенділікке қамшылағандай болды. Осыдан кейін депутаттар да өздерінің қойған сұрақтарына нақты жауап талап ете бастады. Мысалы, депутат Александр Суслов отырысқа қатысып отырған Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұловқа «2018 жылы ауылдық округтердің бюджеті бола ма, жоқ па, соған нақты жауап беріңізші?», деді. Оған Б.Шолпанқұлов ауыл тұрғындары бюджетті жоспарлауға қатысады, ұсыныстарын айтатын болады, сөйтіп бюджетті әзірлеу процесін жүйелендіреміз деген сияқты жалтарма жауап бере бастаған еді, Н.Нығматулин тағы да сұрақ беріп, «2018 жылы ауылдықтар өз бюджеттеріне қол жеткізе ме, жоқ па, нақты айтыңыз», деді. Қаржы министрінің орынбасары тағы да тура жауап бермей, «2018 жылы болады?» деп жақаурата бастап еді, Нұрлан Зайроллаұлы «2018 жылдың 12 айының қайсында болады?», деп сұрағын нақтылай түсті. Шегінетін жері қалмаған Б.Шолпанқұлов «2018 жылдың 1 ақпанынан ауылдық округтердің бюджеті болады», деген жауапқа тоқталды. Вице-министр өз жауабына сенімсіздеу болса да Мәжіліс Төрағасы оны сөзінен ұстап, 2018 жылы ауылдықтар көп жылдан бергі армандары – өз бюджетіне қол жеткізетін болады екен деп ашық жариялады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»