Аймақтар • 16 Қазан, 2017

БҚО-да «Айбынды Алаш жастары» форумы өтті

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында «Жас Отан жастар қанатының» қолдауымен «Айбынды Алаш жастары!» атты аймақтық жастар форумы өтті. Форум Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу оқиғасына арналды.

БҚО-да «Айбынды Алаш жастары» форумы өтті

Күнбатыс Алашорда өкіметінің орталығы болған көне Жымпиты шаһарында өткен басқосуға ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендір, және Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау облыстарының жас көшбасшылары арнайы шақырылған екен.

Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев биыл ауданда Алаш мұрасын түгендеу бағытында жүргізілген жұмыстар туралы айтып өтті. Жергілікті басшылықтың тікелей қолдауымен екі халықаралық және бір республикалық экспедиция жүзеге асты. Жымпитыдағы Алаш мұражайы жаңғыртылды, жаңа жәдігерлермен толықты. Осы жылдың ең басты жаңалығы, Сырым ауданының орталығы Қазақстанның қасиетті жерлерінің республикалық тізіміне енді.

- Алаш мұратын бір датаға, бір – екі күнге байлап қоюға болмайды. Олай етсек, тарихқа да, болашаққа да қиянат болады. Бұл тақырып күнделікті шаралардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Тәуелсіздік Алаш идеясымен тыныс алуы керек. Алаш идеясы – ол, алаш баласының жүрегінде. Алаш аманатына адал болайық! Бізге бұйырған міндет – сол! Бұл ақын Қалқаман Сариннің айтқан сөзі. Біздің ойымызша, ақынның осы бір ауыз сөзі пленарлық мәжілістің мәніне қызмет етіп тұр, - деді аудан басшысы.

Форумның күн тәртібіндегі мәселеден бөлек, өнер, мәдениет тақырыптары, қазақ руханиятындағы негізгі мәселелер де кең талқыға түсті. Делегаттар мен аудан қонақтары С. Датұлы атындағы тарихи өлкетану музейімен, Алаш саябағы, Алаш мұражайы, Ж. Досмұхамедов атындағы мектептегі мұражай бөлмесімен танысты. Кешкілік Жымпиты халық театры Жайсаң Ақбайдың «Жанша» қойылымын қойды. Күн әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендірдің концертімен қорытындыланды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ