Әлем • 16 Қазан, 2017

Қырғызстандағы президент сайлауына шолу

408 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Дауыс беру аяқталған соң, Орталық сайлау комиссиясы алдын ала нәтижені жариялады. Ол бойынша, Сооронбек Жээнбеков 54 пайыз дауысқа ие болды. Egemen.kz сайлау нәтижесіне қатысты шолу жасады. 

Қырғызстандағы президент сайлауына шолу

Қырғыз Республикасының Орталық сайлау комисссиясының хабарлауынша, сағат 08:00-де дауыс беру басталып, барлық сайлау учаскелері жұмысқа кірісті. 

Қырғызстаннан бөлек бірнеше мемлекетте дауыс беру орындары ашылған. Нақтырақ айтсақ, Бішкек уақыты бойынша 10:00-де Ресейде (Владивосток, Красноярск, Новосібір, Екатеринбург), Жапонияда, Кореяда, Қытайда (Пекин, Гуанчжоу), Малайзияда, Үндістанда, Пәкістанда, Қазақстанда (Астана, Алматы), Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстанда учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарын бастады.

Сайлау үміткерлігіне алғашында 13 адам өткен болатын. Олар: Эрнис Зарлыков, Токтайым Умөталиева, Темір Сариев, Улукбек Кочкоров, Таалатбек Масадыков, Омурбек Бабанов, Арстанбек Абдылдаев, Сооронбай Жээнбеков, Адахан Мадумаров, Арсланбек Малиев, Азимбек Бекназаров. Ал Бақыт Торобаев пен Камчыбек Ташиев өз еріктерімен сайлауға қатысудан бас тартқандықтан, тізімнен алынды.

Сайлаушылардың жалпы саны 3,25 млн. болса, соның тек 1,7 млн. ғана дауыс берді. 

ОСК берген мәліметке сай, Сооронбай Жээнбековке 911 430 (54,75%), ал оның басты қарсыласы Омурбек Бабановқа 562 396 (33,8%) сайлаушы дауыс берген. Бұл тізімде үшінші орынға 107 794 (6,47%) дауыс жинаған Адахан Мадумаров орналасса, Темір Сариев 42 715 дауыспен (2,57%) төртінші орынға жайғасты.

Айта кетерлік тағы бір жайт, 12 089 сайлаушы үміткерлердің бәріне қарсы дауыс берген. Бұл Азимбек Бекназаров, Арстанбек Абдылдаев, Арсланбек Малиев, Эрнис Зарлыков және Токтайым Умөталиеваға берілген дауыстан көп.

Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, мұндай жағдайда, яғни алдын ала шыққан нәтижеде кім көш бастаса, соның жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.

Қырғызстан ОСК-ның алдын ала мәліметі жарияланғаннан кейін Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Twitter» парақшасында пікір білдірді. Тоқаев пікірін Социал-демократиялық партия (СДП) кандидаты Сооронбай Жээнбеков сайлауда алда келе жатқаны хабарланғанда жариялады.

«Достас Қырғызстанның президенті болып тәжірибелі саясаткер, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықтың маңыздылығын түсінетін С.Жээнбеков сайланды», – деп жазды Тоқаев.

Ал саясаттанушы Досым Сатпаев бұл лауазымға Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевтың ізбасары отырғанын ерекше атап өтті.

«Сооронбай Жээнбеков сайлау алдындағы науқан кезінде де қазіргі биліктің жұмысын жалғастыратынын айтты. Ол Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының өкілі. Ал бұл партияға Алмазбек Атамбаев өзі жетекшілік етеді», – деді Сатпаев.

Сонымен қатар, ол Қырғызстанның жаңа президенті Қазақстанмен байланысты жақсартуы мүмкін екенін де алға тартты.

«Жээнбековтің жеңісі белгілі бір тұрғыда Атамбаевтың да жеңісі болып есептеледі. Алайда, жаңа президент пен ескі президенттің арасында кейбір мәселелер бойынша келіспеушіліктер болып қалуы мүмкін. Бұл тұста Қазақстанмен қарым-қатынас жайын мысалға алуға болады. Сайлаудың алдын ала нәтижесі жарияланғаннан кейін Жээнбековтің өзі де Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынасты жалғастыруға ниетті екенін білдірді», – деді сарапшы.

Саясаттанушы сондай-ақ Қырғызстанның жаңа басшысының қызметіндегі басым бағыттарды да атады.

«Әрине, Сооронбай Жээнбековтің ең басты міндеті – Қазақстанмен қарым-қатынасты реттеу. Екіншісі – шекарадағы мәселені реттеу. Қанша дегенмен екі ел арасында белгілі бір деңгейде шиеленіс пайда болғаны анық. Бұл міндеттер оның ұзақ мерзімді жоспары болуы да мүмкін. Тағы бір айтарым, Жээнбеков билікке ресми түрде біраз уақыттан кейін келуі тиіс», – деді Досым Сатпаев.

Сонымен қатар, жаңа президенттің алдында экономикалық реформа жасау, саяси тұрақтылықты орнату міндеті тұрғанын айтты.

«Бұл елде басшылыққа түрлі үміткерлер енді. Ал олардың арасындағы бәсекелестік те тиісінше жоғары. Қырғызстан бұл жүйені енгізгенде алғашқы сынақтан өткені туралы жазған болатынмын. Енді екінші демократиялық сынақтан өтуі тиіс. Жеңілген адам өз жеңілісін мойындауы қажет», – деді Досым Сатпаев.

Ерлан Қарин

Қазақстандық тағы бір саясаттанушы Ерлан Қарин Сооронбай Жээнбековтің алдын ала жеңісі жайлы пікір білдірді.

«Тұтастай алғанда, сайлау тыныш режімде өтті. Бірақ аз уақыт бұрын қандай да бір қауіптің бары, сайлаудың үзілуі немесе тәртіпсіздіктер болатындығы туралы да болжам болды. Бүгін мен түрлі елді мекендерге бардым. Бішкектің мониторингімен шектеліп қалмай, бәріне толықтай көз жеткізу үшін бірнеше елді мекенге бардым. Барлық жерде дауыс беру өте тыныш өтті. Дегенмен процестің өзін мінсіз деп айтуға келмес. Қырғызстандағы сайлауды бақылап отырғандарды нәтижесі таң қалдырмағаны анық. Себебі, Жээнбековтің басымдығы о бастан белгілі еді. Көпшілігі екінші раунд өтеді деп ойлады. Егер таңқаларлық жайт болса, ол ­– Жээнбековтің Бабановтан тым ұзап кеткендігі. Ал екінші раунд өте қалған жағдайда сарапшылар Жээнбековтің жеңіске жетуі қиындайды деген пікір білдірді», – деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар, бұл сайлаудың кез келген нәтижесі Астананы қанағаттандыратынын алға тартты. Бұдан бөлек Қазақстан тарапы шын мәнінде үміткерлердің ешқайсысына қолдау білдірмегенін еске салды.

«Қазақстан үшін кез келген нұсқа тиімді. Себебі, Қырғызстанның саясаткерлері Қазақстанмен сындарлы қарым-қатынастар орнатуға бел байлап отыр. Бұл туралы тіпті, Жээнбеков те, Бабанов та, Сариев те айтты. Қырғызстанның белгілі тұлғалары Қазақстанмен достық қарым-қатынастарды ғана емес, сонымен бірге белсенді байланыс орнату қажет екендігін әрдайым ойлап келеді», – деді саясаттанушы.

Сооронбай Жээнбеков пікірі

Алдын ала мәлімет бойынша сайлауда жеңіске жеткен Сооронбай Жээнбеков елдер арасындағы дипломатиялық келеңсіздіктер туралы сұраққа жауап берді.

«Әрбір мемлекет – егемен мемлекет. Олар бір-біріне құрметпен қарауы керек, сонда ғана мәселелер өздігінен шешіледі. Біз осы бағытта тиісті жұмыстар істеп жүрміз. Барлығына да құрметпен қараймыз. Әсіресе көрші елдерге, қарым-қатынасымыз осылай жалғасады. Нұрсұлтан Назарбаев – көршілес ағайынды елдің президенті. Әріптес мемлекеттерге және ел басшыларына құрметпен қараймыз және осы қарым-қатынасты жалғастырамыз», – деді Сооронбай Жээнбеков.

Омурбек Бабанов пікірі

«Мен бұқаралық ақпарат құралдарында өзім жайлы теріс ақпарат тарағандықтан, әкімшілік ресурстардың пайдаланғандығынан және құқық қорғау органдарының бір жақты жұмысының салдарынан жеңілдім. Дегенмен сайлау балама жолмен алғаш рет өткізіліп отыр. Барлығы соңына дейін нәтижесін күтті, ешкім кімнің жеңіске жететінін білмеді. Сайлау өтті. Қорытындысы шықты. Сіздер «мойындайсыз ба?» деп сұрап жатсыздар. Негізі заңды түрде алып қарағанда мойындау деген сөз жоқ. Сайлаудан өткендер болады, барлығынан көп дауыс жинаған үміткер болады. Сәйкесінше сол адам жеңіске жетеді», – деді Бабанов.

Сондай-ақ, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуі жайлы пікір білдірді.

«Ол кездесуде біз тек бір мәселе жайында сөйлестік. Ол – шекарадағы тосқауылдарды алып тастау. Қалған әңгіменің барлығы өсек-аяң. Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да кездескісі келетінін айтса, мен онда тағы да баруға дайынмын. Ресей, Өзбекстан президенттерімен кездесуге дайынмын, себебі бұл менің елім үшін керек», – деді Омурбек Бабанов.

Айта кетейік, осы жылдың 1 желтоқсанында Қырғыз Республикасының қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевтың өкілеттігі ресми түрде аяқталады. 

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»