Ол мемлекеттік органдардың, бизнес-сектор мен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз етуге тиісті болды және тұжырымдамалық шешімдер қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындап отырды. Оның ұсынысымен Президент бекіткен шешімдерді орындау үшін Парламент заңдар, ал Үкімет қаулылар қабылдады. Министрлер мен әкімдердің бастамаларының тиімді болуын және жүзеге асырылуын Ұлттық комиссия қатаң бақылауға алды. Сонымен қатар Ұлттық комиссияның жанынан беделді шетелдік сарапшылардан тұратын халықаралық консультативтік кеңес те құрылды. Бұл кеңес те өз тарапынан ұсынымдар жасап, реформаларды орындау нәтижелерінің тәуелсіз, жүйелі мониторингін жүзеге асырып келеді.
Ұлт жоспарын орындау 2016 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Осы айдың 6 қаңтарында жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оны іске асыру жолында қандай дайындықтар жасалғаны туралы дәйекті түрде баяндап берді. Онда Президент: «Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады. Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы арман айқын көрінеді. Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық. Қазіргі қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік көпэтносты қоғамымыздың нақты, жоғары сападағы өмірлік құндылығына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік. Қазақстан Республикасының егемендігі Конституция мен заңдардың берік арқауы мен халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппараттың кәсіби және негізді іс-қимылына арқа сүйеуін қамтамасыз еттік. Оны Қазақстан экономикасының нақты табыстарымен, ұлттық байлықтың және халық игілігінің өсімімен нығая түсетін еттік», деп жазды.
Президенттің Ұлт жоспары қазақстандықтарға елдің жарқын болашағына қандай баспалдақтар шығаратынын айқын көрсетті. «100 нақты қадам» – мемлекеттік даму мен қоғамдық өмірдің барлық қырларын реформалаудың жолдарын ашып берді. Соның ішінде алғашқы 15 қадам мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттырудың жолдарын қамтыған. Келесі 19 қадам сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын жаңғыртудың тиімді жолдарын қарастырды. Бүгінгі қоғамның тұрақты және тыныштықпен дамуында бұл жүйелердің маңызы аса зор. Сот саласында бұрын заңның баптарын бұра тартып қолдану арқылы қоғамдық наразылық туғызу оқиғалары жиі кездесіп отырған еді. Осындайлардың жолын кесу үшін Ұлт жоспарының 19-қадамында судьялардың есеп беру тәртібінің күшейтілуі қарастырылған. «Есепті дос айырылмас» демекші судьялардың есептілігі артып, оның нәтижесі қоғам алдында айтылып отырса, судьяның бұра тартуы да толастайды. Сонымен қатар осы қадам судьялардың жаңа этикалық кодексін жасауды белгілеген. Судьялар одағының кезектен тыс VІІ съезінде жаңа этикалық кодекс қабылданды. Сонымен қатар 20-шы қадам барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын қарастырса, бұл мәселе де қазір шешімін тапты. «Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс» деген талап олардың жауапкершілігін арттыра түскенін бүгін көруге болады. Заңның баптарын бұрынғыдай бұра тартқаны үшін қоғамдық наразылықтарды тудыру оқиғалары азайып келеді. Осы реформаның ішіндегі 32-ші қадам «Қылмыстық құқық бұзу картасы» ұлттық ақпараттық жүйесі негізінде интернет-порталын құруды қарастырған. Қазір бұл карта жасалып, оған елімізде 1 аптадан әрі кетпейтін мерзімде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелуде. Сөйтіп карта ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік берді. Әрбір азамат картаға өз мекенжайын енгізу арқылы сол радиуста тіркелген қылмыстар туралы ақпарат ала алады. Ол сұраныс берушінің электронды поштасына жіберіледі. Порталда полиция бөлімдері, полицияға, учаскелік полицияға арыз жазу, арызды тексеру сынды қосымша қызмет түрлері бар.
Сөйтіп қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі ашықтық және кәсібилік тұрғысындағы жаңа сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
Ұлт жоспарындағы «Индустрияландыру және экономикалық өсім» реформасын қамтамасыз ету 50 нақты қадамда қарастырылған. Бүгінгі таңда олар да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтің ел тұрғындарына есеп берудегі айтуына қарағанда, инвестициялық климатты жақсарту мақсатында трансұлттық компаниялардың қатысуымен Қазақстанның экспорттық тауарларын әлемдік нарыққа шығаруға бағытталған жобаларды жасау жұмыстары жүргізілуде. Ал өндіріс бойынша трансұлттық компаниялардың қатысуымен 4 жоба таңдап алынды. Бұл жобалар ет, сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығы (қызанақ пастасын өндіру) саласында жүзеге асырылуда. Трансұлттық компаниялардан басқа, АӨК саласында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын 40-қа жуық жоба бар. Инвесторлардың басым бөлігі Германия, Ресей, Түркия, Украина, Оңтүстік Корея және ҚХР, Франция мемлекеттерінен. 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы экспортының көлемін 0,8-ден 1,5 млрд долларға арттыру қарастырылған.
Бизнесті дамыту мүддесі үшін экономика мен еңбек қатынастары саласындағы ұлттық заңнамалар түбегейлі түрде қайта жаңартылды. Фермерлер мен аграрлық кәсіпорындарды қоса, отандық ірі, шағын және орта бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар мен ынталандыру шаралары жасалды.
Ұлт жоспарының жүзеге асырылуына барлық Қазақстан халқы, соның ішінде әрбір азамат мүдделі, өйткені ол біздің жарқын болашағымыздың бекем баспалдағы.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан