Конференцияны ашқан ҚазҰУ-дың проректоры М.Бүркітбаев академик Сұлтан Сартаевтың заң ғылымына қосқан өлшеусіз үлесі мен қайраткерлік болмысына айырықша тоқталып өтті. Әлемдік маңызы зор ғылыми еңбектерімен заң ғылымының қазынасын байыта отырып, тек өз елімізде ғана емес, ТМД және алыс шетелерде де заң-құқық саласындағы танымал тұлғаға айналды. Ол көптеген халықаралық съездер мен симпозиумдардың, конференциялардың қадірлі қонағы һәм белсенді қатысушысы. Академик С.Сартаев 500-ден аса ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстардың, 30-дан аса монография мен жинақтардың авторы. Тоқсанның төріне шықса да, қатардан қалмай қызмет етіп, аяулы алтын қазығы – ҚазҰУ-дың ардагерлер кеңесін басқарып отыр. Сыр жағалауынан түлеп ұшқан Сартаев адамның бойындағы кісілік қасиетті біліммен біріктіре отырып жетілдіруді даналық мұратына айналдырған. Ол өзімен қанаттас белгілі ғалымдармен бірге Қазақстандағы заң ғылымының іргетасын қаласып, мемлекеттік-құқықтық құрылымның дамуына зор үлес қосты.
Конференцияға мемлекеттік органдардың өкілдері – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов, Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов, Бас прокурор Ж.Асанов, Қазақстанның және шет мемлекеттердің заң саласының ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, «Нұр Отан» саяси партиясының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысып, Сұлтан Сартаевты 90 жылдығымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Жиын барысында Сұлтан Сартаевтың атына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау хат оқылды.
«Халқымыз өзіңізді Қазақстан заң ғылымының көрнекті өкілі, ұлағатты ұстаз және белгілі қоғам қайраткері ретінде қадірлейді. Сіз ондаған жылдар бойы жоғары оқу орындарында сабақ беріп, басшылық жасап, болашақ заңгерлер мен осы салаға арнап ғылыми кадрлар тәрбиеледіңіз. Өзіңіздің кемел біліміңіз бен мол тәжірбиеңіздің және зор абырой-беделіңіздің арқасында еліміздің Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық жүйесін қалыптастыру мен дамыту ісіне сүбелі үлесіңізді қостыңыз. Сіздің өнегелі еңбек жолыңыз бен ел игілігіне арнап атқарған істеріңіз өсіп келе жатқан ұрпақтар үшін әрдайым жақсы үлгі болып қала береді деп ойлаймын. Мықты денсаулық, баянды бақыт, әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін», делінген құттықтау хатта.
Конференция барысында Сұлтан Сартаевтың еңбектеріндегі КСРО-ның ыдырау үдерісіне берген саяси-құқықтық бағасы талданып, егеменді және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына негіз болған еңбектерінің ғылыми маңызды тұстары аталып өтті. Сұлтан Сартаевтың еңбектері студент жастардың патриоттық және өнегелік санасы мен тәрбиесінің қалыптасуына да үлкен әсері бар. Сондай-ақ шара барысында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құрылыстың және құқықтық жүйенің дамуын, оны жетілдірудің негізгі жолдарын және конституциялық заңнама жүйесін дамытудың негізгі мәселелері де кеңінен талқыға салынды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ