Білікті педагог балаларды ешқашан «жақсы оқитындар» немесе «жаман оқитындар» деп бөліп-жармайды. С.Жақыпованың пайымында балалардың барлығы да талантты, тек дер кезінде олардың қабілетін аша білу керек. Сондықтан да болар ұстаздар қауымы таңертеңнен қара кешке дейін мектепте жүреді. Өйткені әрбір баланың болашағына алаңдаған жақсы мұғалім, оған жеке уақытын да арнайды. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин былай деген екен: «Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі». Ал Астрахан ауданындағы №6 Агротехникалық колледж директорының орынбасары Сәуле Жақыпова оқу ордасының жүрегіне айналғалы қашан. Ол ешқашан ұстаздық етуден жалыққан емес. Әрбір оқушының бойындағы жігерін оятып, оның өмірдегі өз орны барына, сондықтан да ізденіс қажеттігіне сендіре алатын жақсы қасиетке ие. Балалардың бойында болашаққа деген нық сенімді ұялатқан ұлағатты ұстаз армандардың орындалмай қоймайтындығына да сендіре біледі. Әрбір жетістікке жету үшін аянбай тер төгу қажеттігін де ескертуді назардан бір сәт шығарған емес.
Өзінің педагогикалық еңбек жолын Сәуле Жақыпова 1987 жылы Жаңа дала ауданына қарасты Чапаев орта мектебінде математика пәнінің мұғалімдігінен бастады. Біраз жасқа келген оның осы мамандықты таңдауы да қызықты. 1979 жылдан 1982 жылға дейінгі аралықта агроном-есепші болып жұмыс істеп келген Сәуле Жақыпова сол жылы педагогикалық білім беретін жоғары оқу орнына түсіп, математика пәнінен мұғалім болу туралы арманын орындауға кірісіп кетеді. Содан бергі еңбек өтілі – 40 жыл. Өзінің еңбек жолында ол педагогтардың біліктілігін арттыруда белсенді жұмыстар атқарып, мұғалімдер шеберліктерін арттыра түсуге құлшынатын жағдай жасай білді. Мұғалімдердің өз білімдерін толықтыра түсуге құлшындырып, оларды аттестациядан өткізу сияқты маңызды міндеттердің қасынан табылып жүргенде осы Сәуле Хамитқызы. Сол тынымсыз еңбегі үшін де Сәуле Жақыпова Ақмола облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар білім беру мен тәрбиелеу процестерін жетілдіру және біртұтас оқытуды қамтамасыз ету мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы