Суретті түсірген: Руфина ТОРПИЩЕВА
Жалпы, мұнай-газ, металлургия, машина жасау, көлік технологиялары, технологиялық машиналар, стандарттау, метрология және сертификаттау, көлікті пайдалану, жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру салалары бойынша маман даярлайтын факультетте 60-тан аса оқытушы-ғалымдар қызмет етеді.
20 инновациялық патенті, 132-ден астам ғылыми жұмыстары жарияланған факультет профессорларының бірі Әбілхан Қарақаев жуырда «Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы» атанды. Факультет деканы Қайрат Әбішевтің айтуынша, жаңа білім жүйесін оқып-үйрену үшін студенттер Назарбаев Университетінде, оқытушылар Ұлыбритания, Жапония, Сингапур елдерінде білімдерін жетілдірді. Бірқатар студенттер Президент шәкіртақысының иегері болды. Машина жасау мамандығының студенттері Польшаның Люблин техникалық университетіне, металлургия мамандығы бойынша оқитын жастар Болгарияның металлургия университетіне жіберіліп, білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ Чехия, Латвия мен Ресейден шақырылған оқытушылар сабақ береді. Факультеттің оқытушылық әлеуетін металлургия кафедрасының профессоры А.Богомоловтың «Вильгельм Лейбниц» медалімен наградталып, аға оқытушы А.Жақыповтың металлургия саласына арналған жобасы үшін еліміздің «Жас ғалым» байқауында 1-орынды жеңіп алғанынан көруге болады.
Университеттегі кәсіптік аудиторияның ашылуына кәсіпорын директорының кеңесшісі Олег Тимошов, оқу орталығының жетекшісі Анастасия Гришина және факультет ғалымдары мен студенттері қатысты. Екіжақты әріптестік аясында тиімді оқу процесін ұйымдастыру үшін қажетті жабдықтар мен ақпараттық-әдістемелік материалдармен қамтылған аудитория енді студенттер үшін тәжірибелік сабаққа арналған алаң қызметін атқармақ.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР