«Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының ұйымдастырушылары 11 жыл қатарынан еліміздегі нағыз мейірбан, жаны жомарт жандарды іздеп тауып, қайырымдылық қасиетті бойларына сіңірген алтын жүрек азаматтарды марапаттап келеді. Аталмыш шара жыл сайын «Бауыржан» қайырымдылық қорының бастамасымен, «Нұр Отан» партиясы, «Алтын Қыран» компаниялар тобы, «ПетроҚазақстан» АҚ, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда.
Алтын жүрек атына лайық үміткерлерді анықтау барлық келіп түскен өтініштер ішінен эксперттік кеңесте сараланып, әр аталым бойынша үш үміткерден анықталады. Ең бастысы, әр үміткер ұлттық сыйлыққа ұсынылғаны жайлы хабарсыз. Яғни атымтай жомарт жандар мен қайырымдылық жасаған мекемелерді игі істеріне куә болған жандар ұсынады.
Ұйымдастыру комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылдан бастап дәл бүгінге дейін ел аумағы бойынша 29,4 миллиард теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген. 16 спорт мектебі, 29 балабақша, 23 жалпы білім беретін мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілген. 3 мүгедек балаларға арналған мамандандырылған балабақша салынып, 10 мыңнан астам жетім бала жазғы демалыстарында түрлі демалыс лагерьлеріне баруға жолдама алған. Демеушілердің көмегінің арқасында 33 компьютерлік сынып пен 8 аурухана жабдықталған. Жағдайы төмен отбасынан шыққан 800-ге тарта жасөспірім мектепке қажетті құралдармен қамтылған. Ұлы Отан соғысының 26 ардагерінің үйлеріне жөндеу жұмысы жүргізіліп, 500 тыл ардагері мен соғыс ардагеріне қаржылай қолдау көрсетілген. Айтуға жеңіл болғанмен, жоғарыдағы сандарға қарап тек бірер жылдың ішінде қайырымды жандар тарапынан осыншама игі істердің қолға алынғаны көңіліңді қуантып, жаныңды жадыратады.
Биылғы байқауға келіп түскен 500-ге тарта өтініштің ішінен «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін», «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «Жыл меценаты», «Ақпараттық қолдаушы», «Жылдың қайырымды адамы», «Жыл ұйымы», «Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін», «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» сынды 11 аталым бойынша 33 үздік үміткер анықталды. Үміткерлердің қатарында есімі елге белгілі саясаткерлер мен кәсіпкерлер, аты көпке мәлім мекемелер мен ұйымдар бар. Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, «Алтын жүрек» сыйлығы – қоғамда игі іспен айналысатын жандардың сауапты іспен айналысуға деген құлшынысын арттыратын шара.
– «Алтын жүрек» сыйлығы алдымен халыққа қажет. Себебі ол қайырымдылықтың нышаны. Кез келген адам алтын жүрек атына лайық болуға тырысады. Сондықтан мейірімді іспен айналысуға ерік-жігерін арнайды. Ал оларды бұл істері үшін бағалау артықтық етпейді. «Алтын жүрек» адамдарды бір арнада тоғыстырады, өйткені жақсылықтың шекарасы өлшеусіз. Аталған жоба қайырымдылық тарихына жаңа тұлғалардың есімдерін енгізеді. Әсіресе қоғамда өз игі бастамаларын жар салмайтын атымтай жомарт жандарға алғыс айтуға мүмкіндік береді, – дейді кеңес мүшесі, журналист Адель Оразалиева.
Осылайша, іріктеліп шыққан үздік үміткерлер ішінен ізгілік жасауда алдына жан салмаған 11 адам «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі қазан айының соңында Алматыда өтеді деп күтілуде.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ