Карьер қызықтары
Индер карьерлеріне алыс-жақыннан арнайы ат арылтып келіп жатқандардың қарасы көп, әсіресе жастар жағының қызығушылығы мол. Тау-тасына шығып, көлге секіріп, оның тұп-тұнық мөлдір суына сүңгуі, жағадағы көңілді демалыстар әлеуметтік желілерде бейнефильм және фотосурет түрінде де кеңінен таралуда. Олардың ішінде Казақстанда осындай жер бар екеніне таңданыстарын білдіріп, Индерді шарлап іздегендер де кездеседі.
Жаз бойы тау жағына шұбырып бара жатқан көліктердің де дені Тұздыкөлден гөрі осы карьерлерге түсуге бет алғандар еді. Жолаушылар жолай қалауына сай кеніштегі бір емес, бірнеше карьерлерге бөлініп кетеді. Мысалы, әлеуметтік желіде кең тарағандардың бірі №100 карьерге өзім де отбасыммен арнайы барып шомылдым. Жайықтай қатты ағыс ықтырмайды, терең де тұп-тынық мөлдір суы жанға жайлы екен. Ашқылтым су денеңді батырмайды, шалқалап жатсаң да су бетіне қалқып тұрасың, жүзуге де жеңіл. Әсіресе жаңадан жүзіп үйренгісі келетін жандарға таптырмас орын екен.
Қайдан шыққан керемет көл?
Әрине, пікір әралуан. Бірі карьерлер бұрын кен өндірілген кеніш, оның зияны болуы мүмкін десе, енді бірі пайдалы жағын ғана айтады. Облыстық экология департаментінің Индер ауданы бойынша инспекторы Марат Мұқановтан осы жайында сұрадық.
– Өткен ғасырдың алғашқы жарты жылдығында қазба байлықты игеру мақсатында борат кенін өндіру ісі қолға алынды. Содан қалған карьерлер көп және көбінде су бар. Соның ішінде №100, 102, 99, 98, 95, 88 секілді үлкен 8 карьер бар. Кезінде өзім де Индер кенішінде геологиялық барлау экспедициясында жұмыс жасадым. Карьер жер асты суларымен байланыста, үнемі бұлақтар құйылып, суы алмасып отырады. Әйтпесе баяғыда буланып немесе шіріп кеткен болар еді. Карьерлердегі су құрамының нақты зерттелген қорытындылары жоқ. Сондықтан да карьерлерге суға түсудің пайдасын, не зиянын айта алмаймын. Бірақ елді дүрліктіретіндей қауіпті радиация жоқ. Әйтпесе оның іргесіндегі Индербор кентінің халқына баяғыда ауыр зардабы тиген болар еді. Одақ кезінде борат кені Ресейге тасылды. Бораттың пайдалану мақсаты өте құпия болатын. «Қырғиқабақ соғыс» жылдары боратты зымыран, ұшақ жасауға пайдаланатындығы туралы мәліметтер тарады. Содан да шығар халық арасында радиация болар деген қауіп бары жасырын емес.
Алаңдауға негіз жоқ
Индер аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығының басшысы Жансұлу Қажығалиеваның айтуынша, ауданда суға микробиологиялық, химиялық және ауаға радиологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. «Тиісті нормасынан ауытқыған кезі болған жоқ. Ал карьерлерде нақты өндіріс орындары жұмыс жасап тұрмағандықтан зерттеу жүргізілмейді, оған тапсырыс та жоқ. Әрі республикалық деңгейдегі жан-жақты санитарлық сараптама жүргізілмесе, аудандық деңгейдегі сараптама орталығымен карьерлер суының адам денсаулығына пайдасы мен зияндылығын толық анықтай алмаймыз», дейді ол.
Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, «Кен орнын алғаш ашушы» белгісінің бірнеше мәрте иегері, геолог Хасан Қамашевтың да пікірі бар. «Карьер суына түскеннен қорқатын ештеңе жоқ. Радиация мөлшері кезінде борат кенін қазған уақытта да қалыпты деңгейде болды. Яғни, радиацияның шкаласы 40-тан әрі қарай рұқсат етілмесе, мұнда кен қазған мезгілдің өзінде 17-ден асқан емес әрі борат суда езілмейді. Борат кенін қазу соңғы рет 1996 жылы аяқталды. Одан бері 20 жыл өтті. Индер тау кеніші карьерлеріндегі су құрамы бірдей. Карьер мен Тұздыкөл жер асты суымен байланысып жатыр. Бірақ карьердің суының құрамындағы тұз мөлшері литрге 50-120 грамм аралығында болса, Тұздыкөлдің суы тұздылығы литрге 320 грамм, яғни ащылау. Карьердің құрамында да калий, бром элементтері бар. Кезінде мұнда түсуге рұқсат етілмейтін. Себебі кен алу үшін жару жұмыстары жүрді, судан боратты сүзіп алатын алып экскаваторлар жұмыс істеп тұрды. Әрине арасында карьерге түсіп жүрген жұмысшылар да болды. Соның ішінде Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Индер геологиялық барлау экспедициясының бастығы, кен барлау ісінің үздігі, геолог Ә.Доғаловтың өзі де карьерлерге үнемі түсіп жүргеніне куәміз. Өйткені Тұздыкөлдің жағасы тікжар болып келетіндіктен, түсіп-шығу қиынға соғатын әрі көлге түскеннен кейін ашық жерде үнемі жел соғып, салқын тигізіп алуыңыз мүмкін. Ал мұнда жан-жағы ықтасын, қайта бірнеше ай бойы түсуге болады. Кәдімгі теңізге түскендей сезінесің», деді.
Табиғаттың сыйы туризмге таптырмас орын
Өкінішке қарай осы карьерлер мен Тұздыкөлге жан-жақтан келген қонақтардан қалған түрлі тұрмыстық қоқыстар уақыт озған сайын жинақтала түсуде. Халықтың қалауын тоқтату мүмкін емес. Табиғат сыйы туризмге таптырмас орын секілді. Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Бағытжан Сахиповқа хабарласқанымызда, карьердің суы алынып, облыстық Сараптамалық зертханаға жолданғанын, ал Тұздыкөлдің мемлекет-жекеменшік әріптестігі орталығына ұсынылғанын, жалпы өңіріміздегі бұл орындарға көпшіліктің қызығушылығы зор болғанымен, туристік бағытқа айналдыруға инфрақұрылымдық желілерден алыс жатқанын әрі маусымдық болғандықтан да тәуекел етуге кәсіпкерлер шықпай отырғанын алға тартты. Бұл сауалдарды аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Әлифолла Балахметовке де қойған едік. Ол карьер туралы нақты ақпараттардың болмай отырғандығын әрі ол жерге баруға ешкімге тыйым салуға да, онда шашылып қалған қоқыстарын күнделікті жинап отыруға да мүмкіндік жоғын, бірақ алдағы уақытта арнайы белгілер қойылып, бұл бағытта жұмыстар жүретіндігін айтты.
Карьерлердің суы бұған дейін Германияның сараптама орталықтарында тексеруден сәтті өтті деген бейресми мәлімет бар. Табиғаттың тамаша сыйын бүгінгі заманға бейімдеп қолдана алсақ, туризм нысандары аз мұнайлы аймақта жақсы бір жоба жүзеге асар еді.
Саламат БАЗАРБАЕВ
Атырау облысы