Жастар жарқылдайтын жарыс
Түрік бауырларымыздың бұл жарысы биыл 53-рет өтті. Бастауын сонау 1963 жылдан алады. Тек осыған дейін біркүндік, кейіннен үш күндік болып, ақыры бір апталық жарысқа дейін көтерілген. Тек өткен жылы ғана осы дода әлемдік турлардың қатарынан орын алды. Яғни Халықаралық велоспортшылар қауымдастығы бұл доданы өз күнтізбесіне қосты. Ал бұл жолы кәнігі кәсіпқой командалар қатысты. Олардың саны көп те емес. Жалпы қатысқан 13 команданың тек алтауы ғана «Pro» командалар. Олардың ішінде біздің «Астана» командасы да бар. Ал жалпы жарысқа қатысқан танымал шабандоздардың ішінде гранд-турлар кезеңінде жеңіске жетіп жүрген сайыпқырандар болды. Мысалы, колумбиялық Дарвин Атапума, италиялық Диего Улисси, чехиялық Леапольд Кеонигтер бұрыннан танымал мықтылар. Ал қазақстандық команда сапында бұл жолы негізгі үміт Андрей Зейц пен Иеспер Хансенге артылды. Одан бөлек жақында ғана келісімшартын ұзартқан Руслан Тілеубаев бар. Ол өткен жылы Қытайда өткен «Хайнянь турының» бір кезеңін жеңген еді. Одан бөлек болашағынан зор үміт күтетін жастарымыздың бірі Жандос Бижігітов қатысты. Жылдамдығы жоғары Рикардо Миналли деген италиялық спринтеріміз де осал емес. Жалпы алғанда «Түркия турына» «Астана» мықты құраммен келді. Команда тізгінін бұл жолы спорттық директор Дмитрий Седун ұстады.
Беннеттің білгірлігі
Бірінші күнгі спринтте басты назар Рикардо Миналли де болды. Спринтерлік жарыстарда жүлде алып жүрген велошабандоз алдыңғы қатарда келгенімен жүлдегерлер қатарына ене алмады. Соңғы бұрылыста велосипедінің дөңгелегі жарылып, қырсық шалды. Бірінші күннің жарысын Сэм Беннет деген «Бора Хэнгсгрох» командасының спринтері жеңді. Екінші күні кеткен есені Миналли қалпына келтірді десек те болады. Әріптестерінің жақсы қимылынан кейін алға озып шыққан Миналли әлгі Беннетке қарағанда қас-қағым сәтке қалып кетті. Үнемі пелетонның соңында жүріп, дер кезінде шабуылға ытқып шыға кететін Беннет білікті екенін білдік. Себебі, ол үшінші кезеңді де жеңді. Осы ортада біздің бір шабандозымыз Сергей Чернецкий жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалды. Яғни командамыз өзгелер секілді 8 шабандозбен емес, 7-еумен қалды. Мұның өзі біздің команданы сәл де болса әлсіреткені рас. Алайда, төртінші таулы кезеңде командадағы жігіттер Чернецкийдің жоқтығын білдіртпеуге тырысты. Соңғы 30 шақырым қалғанда Дмитрий Груздев алдыңғы қатарға түсіп, Зейц пен Хансенді алға жетеледі. Өзі шаршаған соң, кезек Зейцке келді. Андрей тауға қарай өрмелеуде мықты екен, соңғы үш шақырым қалғанға дейін Хансенді жетелеп келді. Одан кейін алға ұмтылған даниялық шабандозымыз Диего Улиссимен тайталасты. Оның да аңдығаны осы екен, керекті сәтте шап беріп алға озды. Дегенмен екінші орынның өзі де жаман емес. Хансен мәреге Улиссиден 5 секундтан кейін келді.
Тарихтың тәлкегі
Осы ортада бір қызықты оқиғаның бетін шалсақ. «Түркия туры» жарысының ресми ақпараттарының ішінде жарыстың тарихы жазылған парақтарды көрдік. Қазақстанның екі шабандозы Сергей Лавриненко мен Александр Дьяченко Қырғызстанның туымен белгіленіпті. Ал 1995 жылы жеңімпаз атанған, марқұм Андрей Кивилев тіпті Ресей азаматы деп көрсетілген. Кейіннен Александр Винокуровтан сұрап білгенімізде, бұл жағдай тіпті өзгеше болыпты. Жарыстың жеңімпазын түріктер басқа шабандозды көрсетіп, шатасқан екен. Сосын, оны байқаған Александр «Түркия турын» ұйымдастырушыларға фотолармен дәлелдеп көрсетіп беріпті. Ол суретте Андрей Кивилев 1995 жылы «Түркия турын» жеңіп, қолында гүл ұстап тұр. Міне, осылайша, жарыстың тарихы да осылай түзелді. Ал енді 1991 жылы осы доданы кім жеңгені әлі күнге дейін белгісіз.
Хансен екінші орында
Шапшаңдар шашаларына шаң жұқтырмай жеңіске жетіп жүрген шақта, таулы кезеңге де келіп жеттік. Жарыстың төртінші күні көп мәселенің бетін ашты. Жарыстағы ең мықты шабандоздардың бірі Диего Улисси Біріккен Араб Әмірліктерінің командасына жеңіс сыйлады. Жаңадан құрылған жас команда сапындағы италиялық өзіне артылған сенімді ақтады. Онымен тең дәрежеде тайталасқан «Астана» шабандозы Иеспер Хансен екінші орыннан көрінді. Жас даниялық спортшы елорда ұжымының болашағына баланады. Өз отандасы Якоб Фульсангтің жолын жалғастырамын деп тебініп тұр. Одан кейінгі 5-6 кезеңдерде спринтерлер қайтадан ойнақ салды. Бірде Беннет, бірде Тюнс жеңімпаз болды. Ал ең басты есептегі екінші орын біздің еншімізде кетті.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан» – Түркиядан