Қазақстан • 17 Қазан, 2017

Астанада «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты кеш өтті

618 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ өмірдің өлшемін «қамшының сабындай» деп қысқа қайырған. Өзі жалған, өзі қысқа өмірде ғибратты ғұмыр сүру әркімнің маңдайына бұйыра бермес бақ. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген Жиреншенің жиі айтатын сөзі өмірін өнегемен өрнектеген тұлғаларға қатысты болса керек. Солардың қатарында тіршілігін тілшілікпен ұштастырған, жанына жазуды, қолына қаламды серік еткен жүйрік журналистер де бар. Өмірден өзі кетсе де, сөзі қалған қаламгерлердің қадірі қашанда биік. Оларды еске алып, естелікпен бөлісіп, шарапатты шаралар ұйымдастыру артындағы іздеушілерінің ізгілікті ісіне айналды десек артық айтқандық болмас. Біз соның куәгері де болдық. 

Астанада «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты кеш өтті

«Олардың есімдері біздің жүрегімізде» деген атаумен өткен кештің мазмұны те­рең, маңызы жоғары деуге бола­ды. Ұлағатты шараны ұйым­дастырып, ұйытқы болған Ас­тана қаласы әкімдігінің тұңғыш баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген қайраткері, «Түгел медиа» бірлестігінің басшысы Сәдібек Түгелдің сөзіне сүйен­сек аталған шара осыдан 5 жыл бұрын ұйымдастырыла бастаған екен.

«Иә, 2012 жылдың 4 мамыры күні осындай игі шараның тұсауы кесілді. Біз бұл күні «Астана қаласы халықаралық баспасөз орталығының» жұ­мысына белсене араласқан, 14 атақты қаламгер-журналисті, дарынды әріптестерімізді еске алдық. Олардың ішінде Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Рафаэл Жұмабаев, Жұ­матай Сабыржанов, Ок­тябрь Әлібеков, Жомарт Әбді­халық, Владимир Бойко, Мад­рид Рысбеков, Шәкизада Құт­таяқов, Алмас Жолтаев, Олег Квятовский, Біржан Белғара бар. Ал екінші еске алу кеші 2013 жылдың 12 желтоқсаны күні «Жастар» сарайында жоғары деңгейде өткізілді. Онда елордамыздың дамуына және журналистикаға зор үлес қосқан әріптестеріміз Әскен Нәбиев, Бақтыбай Шаханов, Владимир Гундарев, Ербол Шаймерденов, Дүкенбай Дос­жан, Сабыржан Шүкіров, Марфуға Бектемірова, Андрей Тришечкин, Наталья Хабарова, Иван Балучевский туралы бейне-сюжеттер көрсетіліп, әсерлі естеліктер айтылды. Үл­кен тебіреніспен өткен шарада көзіне жас алып, көңілі толқымаған жан болмады», деді Сәдібек Түгел.

Осымен үшінші мәрте ұйым­дастырылып отырған кеште «Тұмар» журналының не­гізін қалаушы, оның бас редак­торы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, «Жаңа Сарыарқа» журналының не­гізін қалаушы, бас редакторы, ақын Нұрғожа Ораз, «Әлем әдебиеті» журналының не­гізін қалаушы, бас редакторы, жазушы Кеңес Юсуп, «Ас­тана ақшамы» газетінің бас редак­торының орынбасары, жазушы Дидахмет Әшімханұлы, «Экспресс-К» газетінің бас директоры Алексей Пан, «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты қызметкері Марат Аққұл, Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті телерадио кеше­нінің редакторы Смағұл Рахымбек, «Астана жас тілшілер көзі­мен» фестивалінің авторы әрі ұйымдастырушысы Свет­ла­на Галиева, Еуразия ұлттық университеті журналис­ти­ка факультетінің ұстазы Сембай Қисымұлы, «Азамат Таймс» газетінің бас редакторы Ерлан Ақмурзин, «Астана радиосының» қызметкері Әлия Жүсіпова, «Хабар» теле­арнасының тілшілері Ольга Латынина, Азамат Қалым­бетов, Сергей Насыров, Агро­университеттің баспасөз хатшысы Айжан Жұмабаева секілді ерен еңбек иелерінің жарқын бейнесі жаңғырды.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Ұлы Дала қы­ран­дары» қоғамдық мәдени-әлеу­меттік қозғалысының ұйымдастыруымен жүзеге асқан кеште әріптес-қалам­герлерді еске алып, олардың шығармашылық жолындағы жетістіктері мен ерен ең­бектері және өмір жолдары туралы ескірмес естеліктер айтылды.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»