Аудан әкімдіктерімен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тіркелген кондоминиум саны 95% жеткізілді. Осылайша, Астана аталмыш көрсеткіш бойынша республикада көш бастап тұр.
Кондоминиумның тіркелуі пәтер иелеріне өздерінің ортақ мүлкін толық түрде пайдалану, өз үйін басқарудың кез келген формасын таңдау құқығын береді.
Мұнымен қоса, «109» диспетчерлік қызметі тұрғындардың қызмет көрсету және басқарушы компаниялар мен ПИК-нің ескертулері бойынша өтініштері мен шағымдарын қабылдайды.
«Жабындыларды, подъездерді, лифтерді, қасбеттерді күрделі жөндеуден өткізу, қомақты қаржыны талап ететін жабдықтарды, сорғыштарды, жылу алмастырғыштарды ауыстыру шаралары қазіргі таңда ай сайын төленіп жатқан төлемдердің есебінен жүргізілуі тиіс немесе жергілікті билік аталмыш мақсаттарға қаржы бөліп, қызмет көрсетуші ұйымды ауыстыруы қажет», - делінген қаланың тұрғын-үй инспекциясының хабарламасында.
Сонымен қатар, орын (пәтер) иелері кондоминиум нысаны болып табылатын ортақ мүлкін күрделі жөндеу жұмыстарына кететін қаражатты жинау үшін кондоминиум нысанын басқарушы органның жинақ есебіне орын (пәтер) иелерінің жиналыстарында анықталған көлемде ай сайын жарна төлеп отыруы керек.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі таңда кейбір көппәтерлі тұрғын үйлерде алдағы жылыту маусымына дайындық кезінде жылу алмастырғыштарды ауыстыру бойынша проблемалардың баршылығын сараптама көрсетіп отыр. Тұрғындар жиналыстарға қатыспағандықтан, олқылықтарды жоюға жұмсалатын тұрғындардың үлескерлік қаржысы баяу жиналады.
Үй ішіндегі инженерлік желілермен, жабындылармен, қасбеттермен байланысты проблемалар да бар.
Осыған байланысты Астана тұрғындарына кондоминиумдарды тіркеу керектігі жайлы кеңес беріледі.
Естеріңізге салайық, қалада 2513 көппәтерлі үй бар. Оларға 431 ПИК мен қызмет көрсетуші ұйымдар қызмет көрсетеді.