Тараптар екі елдің даму тәжірибесінде ерекше маңызға ие дінаралық және этникаралық келісімге айрықша назар аударды.
Н. Нығматулиннің және Нгуен Тхи Ким Нганның пікірінше халықтар мен түрлі діндер өкілдерінің өзара түсіністігі мен сенімі және сыйластығы әлемдегі тыныштық пен бейбітшіліктің кепілі.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге зор көңіл бөлетінін алға тартты.
Палата Спикері сауда-экономикалық байланыс біздің елдеріміз қатынасындағы басым бағыттардың бірі екенін айтты. Осы ретте әсіресе, ауылшаруашылығы, көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту маңыздылығы зор.
Бүгінде Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында Қазақстанда Вьетнамдық компаниялардың тиімді жұмыс жасауына зор мүмкіндіктер ашылды. Оған аталған Одақ пен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім нақты дәлел. Сонымен бірге, туризм саласында да екі ел ынтымақтастығын нығайтудың әлеуеті жоғары. Мәжіліс Төрағасы осы орайда вьетнамдық тараптың Қазақстан азаматтары үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізу ұсынысын қолдауға болатындығын айтты.
Өз кезегінде мәртебелі мейман біздің еліміздің қонақжайлығына алғыс білдіріп, Қазақстанның аз уақыт ішіндегі қарқынды дамуына, соның ішінде, Астананың кереметтегіне көңіл бөлді.
Біздің елдіріміздің ұқсас ұстанымдары бейбітшілік пен келісім екенін алға тартқан Парламент төрайымы өзінің іс-сапары тікелей екіжақты қатынасты тереңдетуге бағытталғанын баса айтты. Қазақстанның барлық саладағы дамуын өте жоғары бағалап, Қазақстан Президентінің басшылығымен біздің еліміз әлі талай биіктерді бағындырады деді.
Кездесу иелері бірегей үлгі Қазақстан халқы Ассамблеясы жайлы, Қазақстанда өткен ЭКСПО көрмесі туралы әңгіме қозғап, аймақтық қауіпсіздік, мәдени байланыс, парламентаралық қатынас мәселелеріне назар аударды.