Дауыс беру басталмастан бұрын әлеуметтік желілер мен телеарналар экранында «қара пиардың» дәуірі жүрді. Қырғызстан президенттігіне үміткер болған О.Бабановтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуін пайдаланғандар да сайлау алдында «отқа май құйғандай» болды.
Меніңше, біздің мемлекетіміздің басшысы А.Атамбаевтың аталған кездесу жөніндегі әсерін білдірген пікірі жөнсіз болды. Соның салдары адамдар, жүктер ағылып өтетін шекарадағы жағдайдың ушығуына әкеліп соқты. Зардапты қарапайым халық тартып отыр.
Арамтамақтар мен өткеннің сандырағын, жалған ақпаратты жаны сүйетіндердің шапшаң қимылдап, бауырлас екі елдің көпғасырлық ортақ тарихындағы өміршең және мәңгілік естеліктердің орнына қырғыз-қазақ арасындағы кейбір түкке тұрмайтын кикілжіңдерді жаһанға жайып, шала бүлінгендерін көру мен үшін ауыр болды. Мұндай «негативтер» олардың құмарын қандырғандай. Мұндай ниеті бөтен жандардың әрекетіне не айтуға болады?!
Біреулер бізді мәңгілікке біріктірген, жақындастырған, бір мақсатқа жетелеген, тарихи үдерістің мызғымас достығын қалыптастырған заманды еске алғанды жөн көрсе, келесілері естен шыққан, өткеннің қажетсіз тұстарын қазбалап, өсек-аяңға еруде. Мұндай кереғар, сыңаржақ пікірдегі адамдарды тыңдауды, өзара ынтымағымызға сына қағатын, қос тарапты алшақтатуға тырысатын негізсіз пікірталасқа баруды өз-өзін құрметтемеу деп есептеймін.
Әлбетте, ара-тұра өзара отбасылық, үйішілік келіспеушіліктер орын алып жататыны рас. Әйтсе де, бұлар сандыраққа, әзіл-қалжыңға, өтірікке сүйенген және шынайы ғылымнан алыс, шындығы жоқ әңгімелерге иек артқан көріністер ғана. Мұндай жағдайлар ортақ тарихымыздың жілігін шағатындарға, татулық пен жарасымды қатынастарды жақтайтын азаматтарға, бауырластығымызға құрметпен қарайтын жандарға өзінің кері ықпалын тигізе алмайтыны анық.
Негізінде, қырғыз бен қазақты мыңдаған жылдар бойы мекен болған ортақ география мен тіл ғана емес, сондай-ақ ортақ генетикалық код, тағдырдың өзі анықтап берген шынайы қазақ-қырғыз бауырластығы, тамыры терең этномәдени түсіністік байланыстырады.
Көптеген жылдар бойы Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовпен жақын әңгімелесудің мүмкіндігі болды. Ол ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің кімнің мықты екенін анықтау үшін өткен тарихты қазбалап, қазіргі уақыттағы жағдайды мысал ретінде көлденең тартатындарға зығырданы қайнағанын бірнеше рет айтып берген болатын. Оның көзінше қырғыз-қазақ тақырыбына қатысты кез келген әзілді немесе жағымсыз халық әфсанасын айтуға тыйым салынған еді.
Тарих талай ғасырлар бойы қалыптасқан біздің бауырластығымыздың көптеген таңғажайып көріністерін, байланыстарымыздың озық үлгілерін ұмытқан жоқ. «Достық» ұғымы бізге сай келмейді. Өйткені «дос» басқа, ал «бауыр», тіпті, бөлек ұғым... Бауырдың жөні бөлек.
А.Атамбаев тарихи тұрғыдан алып қарағанда қазақтар мен қырғыздардың бір халық екенін дұрыс айтты. Біздің кейбір әуесқой тарихшыларымыз бен этнографтарымыз ойына келгенін жазып, мойындамаса да, бір нәрсе анық – біз бір тілде сөйлейтін, мәдениеті біртекті халықпыз. Ағылшындар араны Атлант мұхиты бөліп жатқанымен, америкалықтар мен британиялықтардың бір халық екенін айтуды жақсы көреді. Сол секілді, қырғыздар мен қазақтар бір-біріне өте ұқсас мәдениеті мен тілі бар, КСРО құлағаннан кейін шекара сызған халықтар.
Қырғыз бен қазақтың бауырластығының негізгі іргетасы мен беріктігінің кілті неде, бізді не біріктіреді? Шынымды айтсам, бұл сауал төңірегінде сөз қозғауға батылым бара бермейді. Өйткені оның жауабы ауқымды, қазақ даласындай кең және «Манас» жыры секілді мазмұны терең. Әлгі сұраққа жауап ретінде көптеген кітаптар жазылып, сансыз диссертациялар қорғалып, ән шығарылып, аңыздар айтылған. Қырғыз халқының бауырлас қазақтармен байланысын айғақтайтын жан тебірентерлік, мән-маңызы жоғары, тамыры тереңнен тартылған мысалдар жеткілікті. Ең бастысы, бізді ортақ тағдыр мен тарих алдындағы ортақ жауапкершілік біріктірді.
Әлбетте, қазақтар мен қырғыздардың алдында үлкен міндеттер тұр. Бұл міндеттер бауырлас екі елдің өздерінің мемлекеттіліктерін, тәуелсіздіктерін, ұлттық бірегейліктерін сақтап, нығайтуға тікелей қатысты. Бұл – пафос емес, шындық.
«Кімнің байлығы көп, кімдікі аз, кімнің аумағы үлкен немесе кімдікі кіші, кімнің халқы көп», деген тақырыптардың айналасындағы өнімсіз дау-дамай бізге жараспайды. Әркімнің байлығы – Жаратушы Құдайдың бергені. Өмірдің мән-маңызы, бақыты ақшада не зейнетақы мен жәрдемақы көлемінде емес. Нағыз бақыт – бейбітшілік пен тыныштық. Бақыт – Бішкекке жақын жерде заманауи мегаполис Алматы қаласының болуында және онда қалаған уақытта аудармашысыз бара алуымызда. Бақыт – кез келген қазақтың Ыстықкөлге қонақ болып, ортақ ата-бабамыздың мекеніне аунап-қунап қайтуында.
Біздер мұндай бақытты көздің қарашығындай сақтап, қорғауымыз керек. Кімнен, неден қорғауымыз керек? Жауап берейін. Қырғыз бен қазаққа нәсіп болған игіліктерімізді көз тиюден, рухы кедей адамдардан, бауырластық ұғымының не екенін түсінбейтін ниеті бөтендерден қызғыштай қорғауымыз қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Мен мұны рухани тазару жолындағы ізгілікті қадам деп атар едім. Мұндай шараларды кезінде біздің аталарымыз, бабаларымыз жүзеге асырған. Біз де, яғни қазақтар мен қырғыздардың бүгінгі буыны да осы ата жолын жалғауымыз керек. Бізден кейінгілер де бабаларымыз желбіреткен бауырластық туын өз биігінен түсірмеуі керек. Сол үшін жас ұрпаққа дұрыс бағыт көрсеткеніміз абзал.
Қорытынды ретінде мынаны айтқым келеді: қазақ пен қырғыз бауырластығы саяси амалдардың құрбаны болмауы тиіс. Бұл – этномәдени, генетикалық, тарихи және мәңгілік құндылық. Екі халықтың туыстығы – өзара ынтымақтастықтың басты кепілі. Мұны баршамыз, әсіресе саясаткерлер және осынау алып этно-мәдени және географиялық аймаққа сапарға шыққандар есте ұстауы тиіс. Сонымен бірге қырғыздар мен қазақтар бауырластықтың шынайы жолынан адасып қалу қаупін туындатпауы қажет.
Осмонакун ИБРАИМОВ,
Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, Қырғызстанның
экс-мемлекеттік хатшысы, Төтенше және өкілетті елші