18 Қазан, 2017

Аты аңызға айналған қайраткер

890 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазіргі құқықтану және ғылыми-көпшілік әдебиеттерде Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартайұлының тұлғасы, шығармашылығы, саяси-қоғамдық және ғылыми-педагогтік белсенді еңбектері туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ, солардың бәрінде ол «қоғамдық процестердегі терең де көпжақты тұлға, әлем картасында жаңа Қазақстан Республикасы деген тәуелсіз мемлекеттің пайда болуына атсалысқан» адам ретінде көрініп жатады. 

Аты аңызға айналған қайраткер

Белгілі құқықтанушы, профессор С.Ударцевтің бұл пікірінде асыра сілтеушілік жоқ. Бұған түсінік беріп жатудың өзі артық. Қазақстан үшін сын сағаты туған шақта, республиканың тәуелсіздігі қалыптаса бастаған күрделі кезеңде, Сұлтан Сартаев ешқандай қиыншылықтармен есептеспей, тіпті бұл әрекеттерінің ақыры қатерлі болып шығу ықтималдығына қарамастан суырылып алға шықты. Қатерлі деп отырғанымыз, сол кезде Кеңес Одағының тоталитарлық машинасының халық ағартушылары мен гуманистерге, шамадан тыс белсенді азаматтарға көзқарасы терістеу еді. Міне, осындай күрделі жағдаяттарға қарамастан ол өзінің халқы, отаны алдындағы азаматтық және патриоттық парызын толығынан орындап шықты.

Бірінші кезектегі мемлекеттік міндеттерді шешуге белсенді түрде қатыса жүріп, Сұлтан Сар­тайұлы енді ғана қалыптасып келе жатқан республикамызды әлеуметтік-саяси маңызы бар заң жобаларының, атап айт­қанда «Тілдер туралы» заң­ның, «Қазақ ССР-ның мем­лекеттік егемендігі туралы» Дек­­ларацияның, «Қазақстан Рес­публикасында Президент қызметін тағайындау туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның, «Қазақстан Республикасының азаматтығы» заңның авторлары қатарында аталып, 1993 жыл­ғы Конституцияның жобасын, «Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы», «Миграция туралы» заң жобаларын жасайтын жұмыс тобының құрамына енді. Осы құжаттардың барлығы біздің егеменді және тәуелсіз мемлекетіміздің әрі қа­рай дамуына сара жол ашты.

 Осы айтылғандардың бә­рі­ Сұлтан Сартаевтың саяси,­ қо­ғам­дық және ғылыми қайрат­кер тәуелсіз Қазақстанның қалып­тасуына қосқан ұлан-ғайыр үлесі саналып, оның әлеуметтік-саяси бейнесі мен рөлін айқара ашуға жеткілікті секілді еді. Бірақ олай емес. Менің пікірімше, өкінішке қарай, С.Сартаевтың отаны мен­ халқының алдындағы ерен ең­бегі ой таразысынан өткізіліп, лайықты бағасын ала алмай жүр. Тәуелсіз Қазақстанның қалып­тасуы дәуірінде мемлекеттік құ­ры­лыстың көкейкесті мәселе­лері бойынша сөйлеген салиқалы сөздері мен мазмұнды баяндамалары, атап айтқанда: мем­лекеттік тәуелсіздік, тілдердің мәр­тебесі, президенттік лауазым­ды тағайындау, басқарудың пре­зиденттік формасы, парламентаризм, қазақ патриотизмі мен интернационализмі, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру, қазақ мәдениетінің деңгейін көтеру және т.б. жөніндегі байып­ты баяндамалары мен сөздері талданып, бағаланып болған жоқ. «Бұлар оның өзін ғана емес, бүтіндей қазақ халқын жа­ңа биікке көтерді».

Оның биік мін­берден айтқан сөздері мен ойлары жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін құру мен дамыту идеяларын жүзеге асыру жолдарын көрсететін компас іспетті. Сұлтан Сартайұлының сөздері мен пайымдаулары заман талабымен қабысып, қазақстандық қоғамның ең қалың қатпарларында қолдау тауып жатады. Әдетте, ғалымның ой-толғаныстары әрбір қазақстандық азаматтың жүрегінде Қазақстанның жарқын болашағына деген берік сенім мен үлкен үміт отын лаулатады. Сартаев сөзінің сиқырлы күші – оның айтқандары мен идеялары көп ұзамай жүзеге асып жатады, бүгінгі таңда ерекше өміршеңдік деңгейімен сипатталып отыр. Меніңше, бұл ғалымның терең философиясының жүзеге асу процесі, «Сөз жартылай сөйлеген адамдікі болса, жартылай оны тыңдаған кісінікі» деген халық даналығының ішкі мән-мазмұнын білдіргендей.

Сөз бен тыңдау, шешен­ мен ауди­тория бірлестігі, жақын­дығы, симбиозы Сұлтан Сар­таевтың іс-әрекетіндегі кіршіксіз таза патриоттық пен азаматтық сезіммен халқына риясыз қызмет етудің жарқын-үлгісі, шешеннің сөзі мен ойлары халықтың үміт-арманымен астасып жатады. Сөздің құдіреті, сиқырлы күшінің атамзаманнан дәріптеліп келе жат­қандығы өркениетті елдер дамуының тарихынан мәлім. Сонау антикалық мәдениет дә­уірінің өзінде-ақ ертедегі данышпандар көпшілік алдында ай­тылған сөзді жоғары бағалай келіп, «Сөзбен Күн көзінің қоз­ғалысын тоқтатуға болады, Сөз­бен қалаларды алуға болады» – деген берік қағидатты ұс­та­нып келген. Осы бір «Құдай­дың ұшқыны» саналған «Сөз дарындылығы» өнерін Тәңіріміз бен Табиғат анамыз Сұлтан Сар­тайұлына үйіп-төгіп берген. Ше­шен-баяндамашыны тың­даған замандастардың: «Сар­таевтың сөзі – Парламенттің сә­ні, халықтың үні» деп бағалауы кездейсоқ емес – нағыз әділдік.

Өз басым ұстазымның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, мем­лекеттік дәрежедегі биік жиын­дарда, әртүрлі халықаралық және республикалық ғылыми-тео­риялық және ғылыми-прак­ти­калық конференцияларда, салтанатты жиналыстарда, докторлық және кандидаттық дәреже беретін диссертациялық кеңестегі тал­қы­лауларда, студенттер мен шы­ғар­машылық жастарымен кез­десулердегі жалынды сөздерін талай рет тыңдап, тәнті болғаным бар. Және тыңдаған сайын үлкен әсер алып, С.Сартаевтың сөзі мен ойлары ХІХ ғасырдың атақты құқықтанушысы А.Конидің «Сөз – адам баласының ұлы қа­руларының бірі. Өзінше әлсіз көрінсе де керек жерінде және дер кезінде айтылса төтеп бере алмайтын қуатты қаруға айналып кетеді.

Ол өз жарқылымен айналасындағылардың көз нұ­рын алып, еріксіз еліктетіп жібе­руге қабілетті. Сондықтан да ше­шеннің имандылық парызы – бұл қаруды пайдалануда сақ болу, өз сөзіңе сенімді болу, әсем формаға қызығып немесе көрініп тұрған логикалық құрылымына еліктемей, сөйлеген сөзінің жете­леуші қасиетіне айрықша мән беру» деген пікірімен ұштасып жатқандығының куәгері боламын. Оның сөздері мен сөйлегенінде артық кеткендік, орынсыз ма­дақ­тау, «құйтырқылық», құ­лақ­қа жағымсыз жалған ғылым­дылық, тыңдаушының және бү­тіндей аудиторияның шешенге сенімсіздігін тудыратын оғаш пікір дегендер болмайды. Мі­не, сондықтан да жоғарыда келті­рілген цитата Сартаев сөзінің іш­кі мәні мен сиқырлы күшінің ай­қын айғағы болып көрінеді. Оқу процесіндегі жұмысымыз бастан асып, уақытымыз жетпей жатса да біз, оқытушылар, бұл кісінің баяндамаларын тыңдаудан қалыс қалмауға тырысатын едік.

Менің жадымда айрықша сақталып қалғандары, ғалымның қазақ тілінің қазақ халқының эт­никалық өзіндік мәдениеті ретіндегі тарихи тағдыры шешіл­гелі тұрған тұста Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәселесі төңірегіндегі сөздері мен баяндамалары. Бүтіндей қазақ халқы үлкен ыждағаттылықпен және толғаныспен көптеген баяндамашылардың ана тіліміздің тағдыры хақындағы сөздерін ұйып тыңдады.

Сөйлегендердің қорытындылары мен ұсыныстары өзінің мазмұны мен идеялық бағыты бойынша бір-біріне қа­ра­ма-қайшы келіп жатты. Бұл идеяның жақтаушылары да, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру идеясына қар­сы шыққандар да болды. Ең қы­зықтысы, солардың қатарында қа­зақ тілін мүлде білмейтіндер де немесе оның заңдылығы мен лингвистикалық өзгешелігінен тұманды ғана түсініктері барлар да болатын. Солай бола тұрса да олар «шаршау-шалдығу» дегенді білмей және жағымсыз эпитеттер мен салыстырмаларға салынып, барып тұрған тарихи надандық көрсетіп, ашықтан-ашық жалғандыққа ұрынып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болу қабілеттігі жетіспейді деп дәлелдеп бақты. Бәлкім, содан болар, қасірет-қайғысы мол қазақ халқының мәдениеті қорында «тарихи жалғандық қабылдануға болмайтын дүние және данышпандарды қорлайтын қимыл бола тұра, надандардың жанына бальзам құйылғандай әсерге жетелейтін құбылыс» деген даналық сөз бар.

Әділдікке жүгіне мойын­да­йық, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәр­тебесін беру төңірегіндегі өт­кір айтыс-тартыстар, кейде тіпті, осы сөздің толық мағынасында, ашықтан-ашық антогонистік сипат алып жатты. Осындай толып жатқан қарама-қайшы жаңсақ дәлелдеме-пікірлердің арасынан суырылып шыққаны ең биік отансүйгіштікпен қазақ тілінің тағдырына жүрегі сыздайтын ғалымның баянды да жан-жақты дәлелді сөзі еді. Тыңдаушысын бейжай қалдырмайтын оның қазақ тілінің кеңестік тарихы жағдайындағы хал-ахуалы туралы пайымдаулары шын мәніне келгенде КСРО әкімшіл-әміршіл жүйесінің тіл мәселесі төңірегіндегі екіжүзділік сипатын әшкерелеу еді.

Қазақ халқының этникалық мәдениеті ғана емес, басқа да ұлттар мен ұлт азшылықтарынының тіліне деген қиянаттың бетін ашу болатын. «Кеңес өкіметі кезінде қазақ тіліне ешқандай мән берілмеді. Ол кезде мемлекеттік тіл орыс тілі деп саналған, бірақ бұл туралы Конституциямызда айтылмаған-ды. Орыс тілін білмейтін бірде-бір адам тиісті жұмыс орнын ала алмаған. Кеңес өкіметі тұсында біздің ана тіліміздің тағдыры мүшкіл еді. Бірақ сол кезде мем­ле­кеттік тіл туралы тек қана Гру­зия, Армения және Әзербайжан ел­дерінің Конституцияларында айтылған болатын... Бірде-бір республика өзінің ұлттық тілі туралы айта алмаған».

Ұлы бетбұрыстар дәуірінде С.Сартаев тоталитаризмге табынудан танбаған кейбір ортодоксалистер айтып жүргендей «жеке басының ұлтшылдық қамы» үшін емес, қазақ тілінің жаңадан түлеуі, «өзінің бастапқы орнына» қайтып оралуы, «ас үйдің» жабайы құралы ғана емес, әлемдік ұлы тілдер жүйесінде лайықты орнын алып, өркен жаюы үшін жан аямай атсалысқанын айта кеткеніміз абзал. Бұл өзінің болмысында да, поэтикалық қуатында да, рухани сәнділігінің аясында да айқын көрініс тауып жатты. Көптеген филологтар мен лингвистердің әлемдік әдебиеттерде қазақ тілін «поэзия және ақындар тілі» деп мойындаулары тегін болмас. Алайда қазақ тілінің байырғы қалпына келуі мен мемлекеттік тіл мәртебесін алу деңгейіне жет­уі оңай іс болған жоқ, бүгінде бұл мәселенің шешілуі кезінде орын алған қиыншылықтардан беймәлім адамдар үшін ғана жеңіл болып көрінер.

Тарихқа жүгінелік. Осы мә­се­­ленің шешілуінің алғашқы кезеңдерін еске алған С.Сартаев мына оқиғаға назар аударады: «Мен 1978 жылы, 1977 жылы қабылданған Конституцияның негізінде комиссия мүшелеріне республика Конституциясында орыс және қазақ тілдері мемле­кеттік тіл болып танылсын деген ұсыныс жасағанымда менің алған жауабым: «Сіз неге, Сұлтан Сартайұлы, қазақ тілі мәселесін қайта-қайта көтере бересіз, бұл үшін ұлтшыл деп жауапқа тартуы мүмкін ғой» болды. Мені республикадағы «Тілдер туралы» заң жобасын және тіл саясатының тұжырымдарын жасау жөніндегі комиссияның төрағасы етіп тағайындағанда да өз позициямнан таймадым».­ Бүгінгі таңда Сұлтан Сар­тай­ұлының адамгершілік қасиетінен және азаматтық ұстанымына аз-маз мағлұматы бар адамдардың санатында оны шамалы ға­на «ұлтшылдығы» бар деп шүбә­ланатын оппоненттер табыла қоймас деп ойлаймын.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне ие ету мәселелері С.Сартаев секілді халық патриот­та­рының, қазақ халқының біртуар ұлдарының және бүтіндей қазақстандық қоғамның күш-жі­гері арқасында оңтайлы шешіліп, егеменді Қазақстанның саяси-қоғамдық даму тарихының өзі бәрін орын-орнына қойып, Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңының тууына, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуына алып келді. 

Өзіне тән оптимизм мен биік гуманизм деңгейін ортаға сала келе, Сұлтан Сартаев мемлекеттік тіл туралы пікірін айтады: «Тілдер туралы Заңның қабылдануы бір ғана қазақ халқының қуа­нышы төмендегіше болды деп ұғын­бауымыз керек. Бұл – республикамызды мекендейтін барлық халықтарының игілігі болатын. Бұл – бәрімізге ортақ қуаныш еді. Онда орыс тілі ұлтаралық қатынастың дәнекері, ұлтаралық достықты нығайтудың құралы мәртебесіне ие болды. Біздің рес­публиканың жағдайында бұл өте жауапты да маңызды миссия еді. Бұған қоса өзге ұлттар то­бы тілінің өркен жаюына мүм­­кіндіктер жасалды.

Бұл – бі­ріншіден. Екіншіден, мынаны атап өтуіміз қажет: Заң жобасын талқылау барысында, оны сес­сия­да қабылдау сәтінде өткір ай­тыс-тартыстар орын алды. Алайда бұл мәселе төңірегінде жалпы алғанда дұрыс түсіністік те бар болатын. Менің ойымша, осы тұста орыстілді өкілдердің, өзге де ұлт өкілдерінің, қазақ халқының интернационалдық көзқарастары, оның тілі мен тарихы маңызды рөл атқарды. Осы тұрғыда зайырлы, көзі ашық азаматтарымыздың орыс тілінде жарияланған бірқатар мақалаларының да игі әсері кем болған жоқ».

Табиғатынан дарынды, өзінің азаматтық және патриоттық парызын адал да қажырлылықпен орындайтын адамдар санатында Сұлтан Сартайұлы өзінің қисапсыз мол еңбегі мен уақытын сарп етіп, бүгінгі жеткен жемісті нәтижесін көріп отырғанымен бақытты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды, міне, осы бір аса құнды мемлекеттік міндетті шешуге жетістіктен ол­ бүтіндей қазақ халқының да, Елбасының да қосқан зор үлестерін мадақтай келіп, өзінің атқарған рөлін қарапайымдылық танытып, айта бермейді. Осы тынымсыз іс әрекеттері оның кіршіксіз патриоттық мінезін айқара ашады: «Бұл Сартаевтың өзінің сом тұлғасы», дейміз. Ең бастысы, оның қоғам және сая­си қайраткері, көрнекті ғалым ретіндегі көп қырлы талантының айшықты көрінісі. Дәл осы тамаша, қасиеттері оны қазақ хал­қының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөледі.

Сұлтан Сартайұлының дарынды шәкірттерінің бірі, үлкен құрметке бөленіп үлгерген заң ғылымдарының докторы, профессор А.Ибраева шабыттана қорытындылағандай: «Аты аңызға айналған сом тұлға, мемле­кеттанушы, шешен, ойшыл, әлемді, кесімді ғалым Сұлтан Сартайұлы Сартаев өз елінің нағыз патриотының таптырмас үлгісі, оның бүкіл өмірі Қазақстанның мемлекеттілігі мен құқығына, жоғары заң біліміне арналды».

 

 

Батырбек ЖЕТПІСБАЕВ, 
заң ғылымдарының докторы, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

АЛМАТЫ

Суретті түсірген 
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ