Әдебиет • 18 Қазан, 2017

Латын әліпбиі – Қазақстан Қарулы Күштерінде

815 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ елінің басты жаңалығының бірі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы және онда көтерілген мәселе – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру идеясы. Қазіргі таңда бұл мәселе ел ішінде қолдау та­уып, тілші-ғалымдардың қатысуымен қызу талқылануда. 

Латын әліпбиі – Қазақстан Қарулы Күштерінде

Бұл мәселеде академик Ә.Қайдар алғаш рет 1993 жылдың 24 қазанындағы «Ана тілі» газетінде «Латын әліпбиінің болашағы зор» атты мақала жарияласа, 2006 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек.

Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқ емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның плюстері мен минустерін зерделеп алуымыз керек»,  деген болатын. 

Бұл саяси реформаның маңызы зор. Басқасын айтпағанда түркі әлемінің бізден басқа 180 млн халқы латын қарпін қолданса, дүние жүзінде ғылым, технология және индустрия жаңалықтарының 80 пайызы латын қарпіне негізделген ағылшын тілінде жарияланады. Олай болса, жинақталған тәжірибелер негізінде латынға тезірек көшсек, соғұрлым тиімді болмақ.

Осы орайда қазақ қоғамы латын негізіндегі қазақ әліпбиіне көшкенде Қазақстан Қарулы Күштері тыс қалмайтыны  – заңды құбылыс. Біз көпшілік назарына ұсынылған соңғы жобаны қарай отырып, әскери терминдерде кездесетін я (дивизия – division; батарея – battery), ц (радиация – radiation), ю (парашют – parachute), щ (училище - institute), э (эшелон - echelon), сондай-ақ ъ (жуандық белгі), ь (жіңішкелік белгі) әріптерін таңбалау тұстары айқын көрсетілмегенін аңғардық. 

Демек, Қарулы Күштер латын негізіндегі қазақ әліпбиіне көшкенде кездесетін бірінші қиындық: жазу, оқу және үйрену процесінде латын графикасына негізделген орфографиялық норма (емле ережесі) айқын, дұрыс болуы тиіс деген қорытындыға келдік. Ол үшін латын графикасына негізделген жазуда қазақ тілінің сингармонизм заңдылығы сақталуы тиіс. Қорыта келгенде, Қазақстан Қарулы Күштерінің латын әліпбиіне көшуі – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, ұлттық жазуымыз арқылы XXI ғасыр жаһандану заманында да әскери проблеманы шешуге қол жеткізе алады. 

 

 

Манасбай ҚОЖАНҰЛЫ, 
филология ғылымдарының кандидаты,
Жекей ХАЛИДОЛДА, 
бригада генералы, әскери ғылымдардың докторы