Аймақтар • 18 Қазан, 2017

Алматыда туристік ақпараттық орталық ашылды

820 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында «Алматының визит орталығы» атты туристік ақпараттық орталық ашылды.


Алматыда туристік ақпараттық орталық ашылды

Қала әкімі Бауыржан Байбек қалаға келген әрбір шетелдік қонақтың көрікті жерлер, мәдени оқиғалар, мейманханалар туралы бір терезе принципі бойынша толық мәліметті қалай алатындығымен танысты.

Қаланың Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай визит орталықтың Алматы тұрғындары мен қонақтарына мегаолистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес, жол карталары мен тау бағыттарының атластарын, туроператорлар брошюраларын, мәдени- бұқаралық шаралардың анонстарын беретіндігін, экскурсияға, сувенир бұйымдарға тапсырыс алуға, ең бастысы туристер үшін мобилді байланыс операторының SIM-картасын бейімдеуге болатындығын айта келе, қазіргі кезде барынша танымал локацияларда ақпараттық туристік киоскілер ашу мәселесі қарастырылып жатқанына тоқталды. Басқарма басшысы мұндай орталықты ашу Париж, Лондон, Дубай, Нью-Йорк, Барселона сияқты туризм саласы дамыған қалалар тәжірибесінен алынғандығын жеткізді.

«Қазірдің өзінде www.visitalmaty.kz ресми сайты жұмыс істеуде, кейін ол жеті тілді қамтитын болады. Сайтта қаланың танымал көрнекі  орындары, ұлттық мәзір дайындайтын мейрамханалары, оқиғалалар тізбегі туралы толық ақпараттар жарияланады.Визит орталықта кеңес беру, сувенир, сөйлесу, түрлі шаралар өткізудің интерактивті  аймақтары қамтамасыз етілген. Техникалық тұрғыда ашылғалы бері 109 турист хабарласты», – деген орталық директоры Әсел Нүркебаева саяхатшылар үшін төтенше жағдай туындай қалса түрлі мәселені жедел шешетін шұғыл желі құрылғанын да атап өтті.

Айта кетсек, «Алматының визит орталығын» болашақта мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің катализаторына және Алматы кластерінің туристік девелопментіне айналдыру жоспарланған. Халықаралық нарықта туристік әлеуетті көрсету жобаларын жүзеге асыру, өңірдің рейтингі мен бәсекеге қабілеттілігіне талдау жасау, туризмді дамыту мүмкіндіктерін іздестіру, осы салада түрлі зерттеулер жүргізу туристік ақпараттық орталық жұмысының басты бөлігі болады.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ