Қазақстан • 18 Қазан, 2017

«Астана жастары» ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жұмыс жәрмеңкесі өтті

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Астана жастары» ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жұмыс жәрмеңкесі өтті.


«Астана жастары» ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жұмыс жәрмеңкесі өтті

Шараға қырықтан астам мекеме қатысып, өздерінде бар жұмыс орындары туралы ақпараттармен бөлісті. Айталық, «Small» супемаркеттер желісіне сатушы, кассир секілді ортаңқол мамандар керек. Ал «Астана тазалық» сияқты коммуналдық мекемелер инженер-механикке зәру. «Business Consulting Group» холдингтік компаниялар тендер және консалтинг қызметіне университетті енді тәмамдаған жастарды баулығысы келеді.

«Астана жастары» ресурстық орталығының басшысы Мұхамеджан Болысбек:

– Жұмыс беруші мен жас мамандар арасында дәнекер болу – біздің орталық жұмысының басым бағыттарының бірі. Қаладағы 120-дан астам мекемемен келісімшарт жасасқанбыз. Олар өздеріне қажет мамандардың тізімін ұдайы жеберіп отырады. Біз ол мәліметтерді жүйелеп, әлеуметтік желіге жариялаймыз немесе осындай жәрмеңкелерді ұйымдастырамыз, – дейді.

Жалпылай алғанда, Астанада IT саласы мамандары және өнеркәсіп орындарындағы қатардағы қарапайым жұмысшыларға сұраныс жоғары. Алайда жастарды қолдап істейтін жұмысты қорашсынып, кеңсе қызметіне ұмтылуы еңбек нарығындағы теңсіздікке себеп болып отыр. Осы орайда студенттердің өзімен де тілдесіп көрдік. Көлік-энергетика факультетінің екінші курс студенті Арманның айтуынша, жұмыс берушілердің көбі толық күнге алғысы келеді. Студенттерге күн ара немесе жарты күн істейтін жұмыстар көбірек қарастырылса деген тілегін айтып қалды.

Студенттер саны жағынан елордада ең ірі оқу орны саналатын Еуразия ұлттық университеті бос орындар жәрмеңкесіне әдейі таңдалып алынып отыр. Одан кейінгілері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ технология және бизнес университетінде, Жастар сарайында ұйымдастырылатын болады.