Футбол • 18 Қазан, 2017

Стойлов: «Астана» «Маккабиге» қарсы ойында фаворит емес

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов Израильдің «Маккаби» клубына қарсы ойын алдында ұжымның дайындығы туралы ой бөлісті.

Стойлов: «Астана» «Маккабиге» қарсы ойында фаворит емес

- Ертең бізді кезекті футбол мерекесі күтіп тұр. Біз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. «Маккаби» соңғы жылдары өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Әсіресе, Жорди Кройфф келгелі қарқынын күшейтті. Алайда, біз өз ойынымызға көңіл бөлуіміз керек. Себебі, жанкүйерлеріміздің алдында өнер көрсетеміз. Олардың қолдауы бізге қосымша күш береді.

- «Маккабиге» қарсы екі ойынды топтық кезеңдегі маңызды матчтар ретінде қарастыруға бола ма? Екі кездесудің нәтижесі топтық кезеңге қаншалықты әсер етеді?

- Негізі сіздің пікіріңізбен келісуге болады. Біз жеңіске жетуді мақсат етуіміз керек. Жанкүйерлерімізді қуанту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Егер топтық кезеңнен өте алсақ, бұл біздің деңгейіміздің көтерілгенінің белгісі.

- «Ертіске» қарсы ойында команда шаршаңқылау көрінді. Екінші таймда деңгейінің жоғарылығының арқасында жеңіске жетті деп те айтуға болады. Ойыншылар бүгінге дейін өз қалыптарына келіп үлгерді ме?

- Егер тоғыз айдан кейін команданың дайындығы нашар дейтін болсақ, біз бірнәрседен мүлт кеткен сияқтымыз. Жігіттердің әрбір уақыты есептеулі екені түсінікті. Алайда, біз бәріне сақадай сай болуымыз керек.

- Командада қандай да бір қиындықтар бар ма?

- Ұжымда жарақат мәселесіне қатысты аздаған қиындықтар бар. Мәселен, Джордже Деспотович пен Ласло Кляйнхайслер емделіп жатыр. Срджан Граовац өз қалпына әлі келмеді. Жаттығып жүр. Марин Аничичтің де жағдайы сондай. Футбол болғаннан кейін өзіндік қиындықтары да бар. Бірақ біз бұл тығырықтан шығу жолдарын қарастыруымыз керек.

- Мужиков ертең алаңға шыға ала ма?

Рас, Мужиковқа емделу керек. Бірақ бұл жарақатын чемпионаттағы үзілісте емдейтін болады. Ішкі біріншілік аяқталғанға дейін ол мүмкіндігінше көбірек алаңға шығуға тырысады. Қазір басты мәселе, Серікжан 12 күн бойы жаттықпады. Алайда, ертеңгі ойында командаға көмектесу үшін барын салуы керек. Мужиков әріптестері секілді ылғи да жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайын екенін жақсы білемін.

- Сізге Түркия чемпионатындағы командалардың қызығушылық танытып отыр...

- Қазір ойымыздың бәрі «Маккабиге» қарсы матч жайлы. Ал қалған мәселелерді кейінірек қарастыратын боламыз. Ұсыныс түссе қарастыруға дайынбыз.

- Бұл кездесуде «Астананы» фаворит ретінде қарастыруға бола ма?

- «Астана» өзін еуропалық командаларға қарсы ойында фаворит ретінде сезіне алмайды. Өз мүмкіндігімізді шектен тыс асырмалауға болмайды. Егер біз соңғы үш жылда Еуропада өнер көрсетіп жүрген болсақ, өзімізді «Реалдың» деңгейіне қоя алмаймыз. Алайда, футболда ешқашан фаворит команда жеңіске жете бермейді деген пікірімнен айныған емеспін. Егер мұндай кездесулерде өзімізді фаворит ретінде қарастырғымыз келсе көбірек қаржы бөлінуі керек.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»