Әлем • 18 Қазан, 2017

Альянс Ракка қаласын толық бақылауға алды

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сириялық күрдтер мен араб күштерінің альянсы «Ислам мемлекетінің» астанасы атанған Ракка қаласын толық бақылауға алды деп мәлімдеді. Сирияның демократиялық күштерінің өкілі Талал Селло (SDF) бес айға созылған Ракка ұрысы аяқталды деп хабарлады. 

Альянс Ракка қаласын толық бақылауға алды

«Ендігі қадам аумақты минадан тазарту болмақ», деді ол. Қаланы босату мен үш жылдық басқыншылықтың аяқталғаны жөніндегі ресми мәлімдеме таяу арада жарияланбақ. SDF күштері осы сейсенбі қала стадионы мен ұлттық госпитальді ИМ жауынгерлерінен азат еткен болатын. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, ұлттық қорғаныс күштері мен күрд жасақтары, Сирияның демократиялық күштерінің өкілдері өздерінің жалауларын стадионға тігіп, көшеде мерекелеген.

15 мыңға жуық альянс сарбазы АҚШ авиация және арнайы жасақ жәрдемімен, сондай-ақ олардың одақтастарымен бірігіп Ракканы босатуға былтыр қараша айында кіріскен болатын.

Сирияда алтыншы жылға жалғасып жатқан қарулы жанжалдан жарты миллионға жуық адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын үй-жайын тастап, бассауғалап кетуге мәжбүр болған.