Астана мемлекеттік қызмет хабы ҚР Үкіметі және БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірге ұйымдастырған «Бағалаудың ұлттық жүйесін құру: Қазақстан тәжірибесі» атты семинар «Бағалау саласындағы ұлттық әлеует» V ғаламдық конференция аясында өтті.
Қатысушыларға Астана хабы басқарушы комитет Төрағасы Әлихан Байменов, ҚР Ұлттық экономика Вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Ыстанбұлдағы БҰҰ ДБ Өңірлік хабы Менеджері Герд Трогманн және Қазақстанның БҰҰ ДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел жылы лебізін білдірді.
Әлихан Байменов «өзара тәуелділік пен өзара ықпалдастық артып отырған заманауи әлемде мемлекеттік басқарудың сапасы шешуші рөл атқарады. Ал мемлекеттік басқару сапасын арттыру үшін аудит пен бағалаудың тиімді жүйесінің болғаны маңызды», - деді.
Семинар вице-министр Айбатыр Жұмағұловтың Қазақстанның мемелкеттік басқару саласын реформалау тәжірибесіне жасаған шолуы мен қазақстандық сарапшылардың бағалаудың ұлттық жүйесінің дамуы жайлы презентациялармен басталды. Қатысушылар Қазақстанның бағалау жүйесінің тарихи және әкімшілік алғышарттарымен, негізгі механизмдері және әдістемелерімен танысты.
Вице-министр «бағалаудың қазақстандық жүйесі 7 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Бұл жүйе мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мен министрліктер, жергілікті органдардың жұмысын жандандырудың тиімді құралы ретінде танылды» деп атап өтті.
Сонымен бірге Астана хабына қатысушы елдер - Эстония, Грузия және Әзірбайжан құзырлы органдар өкілдері өз елдеріндегі бағалау жүйесі жайлы баяндады.
Семинар практикалық тәжірибе, инновация және бағалаудың ұлттық жүйесін әзірлеу перспективалары бойынша пікір алмасатын сұхбат алаңына айналып, қатысушылар арасындағы байланысты нығайтты. Қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелерді жетілдірудің әрі қарайғы жолдарын қарастырды.
Астана хабы мемлекеттік органдарды бағалау жүйесін дамыту саласында тығыз ынтымақтастасу және тәжірибе алмасу мақсатында практиктерге аймақтық семинар өткізуді ұсынды.