Парламент • 18 Қазан, 2017

Мәжіліс 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысы барысында Үкімет әзірлеген, 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері қаралды.

Мәжіліс 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы биыл тамыз айында мақұлданған республиканың 2018–2022 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде қалыптастырылған. 

Республикалық бюджеттің жоспарлы кезеңге арналған негізгі параметрлері 2018 жылы — 8578,3 млрд теңге (ЖІӨ-ге 15,3%), 2019 жылы — 9190,2 млрд теңге (15,1%), 2020 жылы — 9566,2 млрд теңге (14,6%) түсімдерінен тұрады. 2018 жылы шығындар 9217,9 млрд теңге (ЖІӨ-ге 16,5%), 2019 жылы — 9798,2 млрд теңге (16,1%), 2020 жылы — 10 219,7 млрд теңге (15,6%) көлемінде жоспарланған.

Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі, ол 2018 жылы 44,6%-дан 2020 жылы 47,4%-ға дейін артады. Ақшалай мәнінде бұл 13 401 млрд теңгені құрайды, сондай-ақ, 2018 жылы — 4108,6 млрд теңге.

Аталған шығыстар блогының негізгі көлемі әлеуметтік қамсыздандыру мен ел азаматтарына әлеуметтік көмек көрсетуге тән. Жоспарлы кезеңде бұл бағытқа 8707,5 млрд теңге қарастырылған. Олардың ішінде ағымдағы жылы 473 млрд теңгеге немесе 22,1%-ға өсіммен 2018 жылы 2612,9 млрд теңге қарастырылған. 

Сонымен қатар аталған шығыстардың негізгі үлесін әлеуметтік төлемдер құрайды. Үш жылдық кезеңде оларды қаржыландыруға 8508,7 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылы — 2547,9 млрд теңге бөлінеді.

Биылғы жылмен салыстырғанда 2018 жылы зейнетақы төлемдерінің артуы бірқатар себептер мен бастамаларға байланысты. Бұл — алушылар санының ұлғаюы, зейнетақы мөлшерлерін жыл сайынғы индекстеу, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау тәртібінің өзгеруі, сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі құрылымының өзгеруі.