Мұнайшылар қаласына жұмыс сапары аясында Е.Тоғжанов Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлерді қаржыландыру бағдарламасымен танысты. Бағдарламаның мақсаты - экономиканың басым бағыттарындағы жобаларға жеңілдетілген несие беру жолымен, Жаңаөзен қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесу. Бағдарламаны қаржыландыру «Даму» Қорының және «Өзенмұнайгаз» АҚ жер қойнауын пайдалану келісім-шарты аясында жергілікті атқарушы органға беретін қаражаттары есебінен жүзеге асырылатын болады. Қаржыландыру көлемі: бағдарлама бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы - 600 млн тенге, оның ішінде: «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қарысы 200 млн. теңге, «Даму» Қорының қаржысы - 400 млн теңге. Субсидиялау бойынша «Жол бойындағы сервис құрылысы» жобасы. Несие сомасы – 60 000 000 теңге. Сыйақы мөлшерлемесі - 11%. 3 жылға = 10 715 000 теңге. Субсидия көлемі – 10%. 3 жылға = 9 741 000 теңге. Кәсіпкердің пайыздық шығындары - 1%. 3 жылға = 974 000 теңгені құраған.
Cонымен қатар, облыс әкімі «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі-Түркменстан шекарасы» автомобиль жолының 155-210 шақырымындағы учаскесінің орташа жөндеу жұмысымен танысты. Бас мердігер - «Нұржол Инвест» ЖШС. Жұмыстың жалпы құны - 652 миллион 960 мың теңге. 2017 жылдың мамыр айында басталған жолды биылғы қазан айының соңына дейін бітіру көзделген. Бүгінгі күні жарықшақтарды толтыру, асфальтбетонды бір қабатты жабуды жөндеу жұмыстары км.155-170 (15 км) км193-210 (17 км) аяқталды. Жүргізілген жұмыстардың жалпы соммасы 328 млн теңге.
Жұмыс сапары аясында өңір басшысы «Рахат», «Рауан», «Арай» шағын аудандарында салынып жатқан мектептердің құрылысымен танысты. Мектептердің әрқайсысы 900 орындық. Білім ордаларының құрылысы осы жылдың шілде айында басталған. Әрбір мектептің жалпы ауданы - 14,370 м². Үш қабатты мектептердің құрылысы келесі жылы жаз айларында аяқталуы тиіс.
Облыс әкімі бастаған бір топ делегация «Каспий» зияткерлік мектеп-бақшасы жұмысымен танысып, оқытушыларымен тілдесті. «Самал» шағын ауданында орналасқан ғимараттың жалпы ауданы - 2940 м². Мектеп-балабақша биыл 1-ші қыркүйекте жұмысын бастады. Сыйымдылығы - 150 оқушы. Қазір мұнда 147 оқушы білім алуда. Қазақ тілінде білім беретін оқу орында 15 жоғары білімді мұғалім жұмыс істейді. Одан соң өңір басшысы Маңғыстау облысы білім басқармасының «Оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесіне барды.
«Арай» шағынауданында орналасқан мекеменің сыйымдылығы-320 орындық. Қызметкер саны-86. Мекеменің материалдық-техникалық базасы түзету кабинеттері (психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік, ЕДШ залы, сенсорлық бөлме), 16 топ, акт залы, 2 медициналық кабинет, 1 асханамен толыққан. Орталық міндеті сөйлеу тілінде, көру, есту, тірек-қозғалыс аппаратында бұзылуы, оқып-үйрену, қарым-қатынас жасау мен жүріс тұрысында қиындықтары бар балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық түзеу мен оңалту түрінде кешенді психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсету.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы