19 Қазан, 2017

Шексіз білім

1209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Білім шексіз бе, әлде білімнің шегі бар ма?» деген сұраққа жа­­уап­ іздеп жүріп, Оксфорд уни­вер­ситетінің профессоры, матема­тик Мар­кус дю Сотойдың «Біз нені біле алмаймыз: білім шегіне сая­хат» («What we cannot know») ат­ты кітабын сатып алдым. Про­фес­сор бұл кітабында нөлден бас­­­тап жетіге дейінгі межені бел­гілейді. Нөлінші межені «Белгілі, бірақ белгісіз» әлде «Белгілі, бірақ бей­мәлім» деген дұрысырақ па?­ Біз біле­тін нәрседен бастап еш­қашан біле алмайтынға, ал одан шек­сіздікке дейінгіні тұспалдайды. Біз нені білмейміз және нені біле ал­маймыз? 

Шексіз білім

Автордың айтуынша, біздің өнер­­­табыстарымыз бен ғылымдағы жаңалықтарымыздың тізімінен гөрі, білмейтініміз туралы білім тезі­рек ұлғаятындай әсер қалдырады. Белгіліні беймәлім белгілі басып озып жатыр. Бірақ дәл осы беймәлім нәрсе ғы­лым­ды алға жылжытуда. Біз нені­ білетінімізді білеміз, нені білмей­тінімізді де білеміз, оған қоса «бел­гілі беймәлім және беймәлім бел­гісіз, яғни білмейтінімізді біл­мейтін де жағдай бар» екенін ұмыт­пауымыз керек. 

Білім – шексіз. Бірақ оны түсіну, түйсіну барысында шектеулер болуы мүмкін. Екінші жағынан бәрін білудің де қажеті жоқ. Кейбір білім қажет еместей көрінгенімен, басқа түсініктер мен қағидаларды ұғыну үшін өмірдің бір сәтінде өз септігін де тигізіп жатады. Біз бәрін біле алмаймыз, біздің білетініміздің дәлелденген шегі бар екен. Бірақ бір замандары осыдан артық білім жоқ, енді ашатын жаңалық та қалмады деген кездер болған. Соған қарамастан ғылым мен өндіріс дамып, бүгінге дейін толастамай жетіле түсуде, әрі қарай да дами береді. 

Адам барлық нәрсені біле алмаса да, қалаған нәрсесінің бәрін үйрене алады. Бұл да шындық. Бұған дәлел ретінде 10 000 сағат ережесін алайық. Негізі, әлемдік деңгейдегі чемпион немесе пианист болу үшін күніне 4 сағат дайындық жасау керек делінеді. Сонда бір салада жоғары деңгейлі шебер болу үшін күніне 4 сағаттан немесе аптасына 20 cағаттан кем дегенде 10 жыл еңбектену қажет. 10 000 сағат ережесіне қарсылар да бар. Олар өз ойының дәлелі ретінде егер дағды дұрыс қалыптаспаса, ал сіз сол қате дағдыны қайталай берсеңіз, одан машығыңыз жақсара түспейтінін айтады.

Сондықтан бөлінген сағаттан гөрі жаттығу мен жұмыстың сапасына көп көңіл бөлген жөн екеніне назар аударады. Мысалы, ағылшын тілін үйренушілер бірден «Мен қашан осы тілде сөйлеймін немесе бір деңгейді қанша уақытта аяқтаймын?», деген сұраулы мақсат қояды. Мұндай сұрақ қоюшыларға қанша уақытта нәтижеге жететіні маңызды, бірақ олар нәтижеге жету үшін өз тарапынан күш-жігер, тәртіп, жүйелілік пен табандылықтың қажет екенін ұмытып кетеді. Қанша уақыт қажет екенін естігенде, мысалы, тілді белгілі бір деңгейде үйрену үшін кем дегенде 1 жыл керек, бұл оларға тым ұзақ уақыт сияқты, сондықтан тіпті тіл үйренемін деген ойларынан да бас тартулары мүмкін. 

Бірақ білім тамшылап аққан су сияқты, сіз қандай да бір тілді меңгеру үшін сол тілдің тамшыларын ұзақ уақыт өзіңізге жинақтауыңыз қажет.  Бұл тамшылар белгілі межесіне жет­кенде, сіз де нәтижені көресіз. Мы­салы, 50 сағат межесін шаңғы тебуді үйренушілерге немесе көлік жүргізуді үйренушілерге қояды. Яғни, осы 50 сағат ішінде сіз белгілі дағдыны меңгересіз, ал әрі қарай оны шыңдау өз қолыңызда. Бірақ сіз мақсатты түр­де жаттықпасаңыз, үйренген қимылдарды ғана қайта­лаудан еш пайда болмайды. Яғни сіз дағдыңызды жетілдіре түспейсіз, сізде алға жылжу болмайды. Ал нағыз мамандар үйренуді ешқашан тоқтатпайды, олар үйренгісі келген әрекетті дұрыс немесе кемшіліксіз жасағанша қайталап, сол әрекетті мінсіз қылуға тырысады. Бұл барлық салаға да қатысты. 

Оксфорд университетінің профессоры, математик Маркус дю Со­тойдың тағы бір қызметі бар, ол – «ғылымды көпшілікке тарату профессоры». Бұл қызметті 1985 жылы кәсіпкер Чарльз Симони тағайындаған екен. Аталған қызметті атқаратын адам бәрін білуі тиіс деп ойлайтын адамдар оған телефон соғып, ғылымға қатысты кез келген сұрақты қоятын көрінеді. Бізге де осындай қызмет атқаратын бір емес, тіпті он емес, жүздеген, мыңдаған адам керек екені сөзсіз. Сонда ғана ғалым өзіне ыңғайлы және түсінікті білім шегінен сытылып шығып, ғылымның беймәлім ну орманынан белгісіз сұрақтарға жауап іздеп, көпшілікке түсінікті тілмен жеткізуге тырысатын болар. Көп сауалдың шешімі де сондай шексіз ізденістен туар, бәлкім...