Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Әлеуметтік қызметкер – алғыс арқалайтын арда мамандық

5858 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғамның мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екені жиі байқалады. Тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас ағзадай жүйелі жағдай жасау – біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндет.

 

Әлеуметтік қызметкер – алғыс арқалайтын арда мамандық

Əр зайырлы мемлекеттің дамуы хал­қының өмір сүру деңгейіне байланысты сараланады. Бұл орайда елі­міз әлеуметтік міндетін айқындаған жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен құрылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» МКҚК былтырғы 1 сәуірден бастап жеке мемлекеттік мекеме ретінде қызметін жүйелі атқаруда. Əлеуметтік қызмет көрсету орталығының құра­мын­дағы 10 бөлімшенің бесеуі тағ­дыры қиын жағдайға душар болған жан­дарға (жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге) барынша жағдай жа­сау­ бағытында жұмыс істейді.

Бө­лім­шелер тіркеудегі 400 қызмет алу­шыға арқа сүйер демеуші болып, кей­бірі отбасының бір мүшесіндей дәре­жеге жетсе, енді бір қызмет алушылар қалауы бойынша орталық мамандарының көмегімен гидро және физио ем-шараларын, массаж, емдік дене шынықтыру сияқты көптеген оңалту шараларын қабылдап, дертіне шипа табуда.

Орталықтың əлеуметтік қызмет­керлері қызмет алушылардың əрқайсы­сымен жекелей қарым-қатынас орнатып, олардың талап-тілектерін тың­дап, мейлінше толыққанды өмір сү­ру салтын жеңілдетуге күш салуда. Олардың ішінде жалғызбасты зей­нет­керлер, соғыс ардагерлері, со­ғыс ардагерлерінің жесірлері, тыл ең­бек­керлері мен тың және тыңайған жер­лерді игеруге атсалысқан қарттар да бар. Осындай тағдырлары тоғысқан қарт­тардың құлазыған көңіл күйін жадыратып, мағынаға толтыру мақсатында Әлеу­меттік қызмет көрсету орталығы мәдени шаралар ұйымдастыруға да аса мән береді. Мысалы, қалалық саябақтар, мұражайлар және қаланың көрікті жерлеріне, қаладан тыс Бурабай демалыс аумағына саяхаттар, мерекелер­ге орай ұйымдастырылатын концерттер, цирк және тағы сол тәрізді шаралар орта­лық салтына айналып отыр. Атаулы мерекелер – Наурыз мейрамы, Астана күні, Жеңіс күні, Қарттар күні, Жаңа жыл қарсаңында және ЭКСПО-2017 көрмесі аясында әр қызмет алушының мерекені сезінуі үшін ілтипатпен жеке сыйлықтар табыстады.

Ел болып еңсе түзегеннен бері елімізде қаншама рет әлемдік деңгейдегі шаралар өтті. Осы жылдардағы ЭКСПО-2017 сияқты ха­лықаралық көрмеге Астана қаласы бойынша Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушылары да­­ қатысып, таңғажайып көрменің кө­ңілді көрермендерінің біріне айналды. Сонымен қатар орталықта қызмет алу­шылардан құралған «Ностальгия» вокальдық тобы жұмыс атқаруда. Топ­тың көркемдік жетекшісі – Жекен Тебереков. Өнерпаздарымыз қала дең­гейінде өтіп жатқан мәдени іс-шараларға белсене атсалысады.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталы­ғының Қазақстан бойынша сынамалы жоба ретінде ашылған алғашқы мекеме екенін ескерер болсақ, осындай жүгі ауыр көшті бастап жүрген Рысты Жағыпарқызы мен «әлеуметтік қызметкер» атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олар үшін өзгенің проблемасы деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе қолұшын созып, көп саралап жатпай қолынан келген көмегін көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлердің осы салада тұрақтап қалуы да осы қасиеттерінде. Жалақысы мардымсыз бола тұра, қызмет алу­шының бабын табу мақсатында қалтқысыз қызмет ету дене күшімен бірге психологиялық табандылықты да қажет етеді. Бұл жерде адамның діні, нәсілі, ұлты, жасы, білім деңгейі немесе қоғамдағы мәртебесі маңызды емес. Тек қана кең жүректі, адами бейнесі айқын, өзінен гөрі өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық. Айналамызда осындай мейірімді адамдардың көп болғаны қандай ғанибет!

 

Айнұр ДІЛДЕБАЕВА
І және ІІ топтағы мүгедектерге, 
егде жасына байланысты 
өзіне қызмет көрсетуге 
мүмкіндігі жоқ адамдарға 
әлеуметтік көмек көрсететін 
№1 бөлімшенің меңгерушісі

АСТАНА