Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен жалпы отырыста депутаттар ең алдымен «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарады. Парламент пен Үкіметтің өкілеттігі күшейтілген конституциялық реформа талаптарын негізге ала отырып әзірленген заң жобасы қызу талқыға түсті. Депутаттар, әсіресе межелі мақсаттардың соңғы нәтижесіне айрықша назар аударды. Өйткені тиісті бағдарламалар мен жобаларға жеткілікті қаржы бөлінгенімен, оның өз деңгейінде жүзеге асырылуы көптеген сұрақтардың тууына себеп болады. Халық қалаулылары осы бағытта бірқатар мәселелерді алға тартып, нақты ұсыныстары мен пікірлерін жеткізді. Оның барлығы үш жылдық бюджетті мақұлдау барысында есепке алынды.
«Біз бүгін еліміздің негізгі қаржы құжаты – үш жылдық бюджетті мақұлдадық. Бұл еліміздің тұрақты дамуы жолында Парламенттің де, Үкіметтің де атқарып келе жатқан ең жауапты әрі ең маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан, біз бірлесіп, Елбасымыздың тапсырмаларын басшылыққа алып, мемлекет қаржысын тиімді пайдалануымыз керек», деді осы мәселеге қатысты талқылауды қорытындылаған түйінсөзде Мәжіліс Төрағасы.
Табыс еселене түседі деп болжануда
Ал тақырыптық баяндамалардың барлығын да Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырып, депутаттар тарапынан қойылған сан сауалға Үкімет басшысымен қатар, Министрлер кабинетінің мүшелері және өзге де тиісті ведомстволардың жауапты мамандары жауап берген болатын.
Ұлттық экономика министрі халық қалаулыларының назарына ұсынылып отырған үш жылдық бюджетте еліміздегі ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 2018 жылы 3,1 пайызға, ал 2022 жылы 4,2 пайызға дейін болжанып отырғанын жеткізді.
«Биылғы 9 айда ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,3 пайызды құрады. Ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі кем дегенде 3,4 пайыз деңгейінде күтілуде. Осындай деректерге сүйеніп, біз ІЖӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны алдағы бес жылдық кезеңде 3,7 пайызды құрайды деп болжап отырмыз», деді Т.Сүлейменов.
Оның сөзіне қарағанда, жан басына шаққандағы ІЖӨ 2018 жылы 9 мың АҚШ долларын құрап, 2022 жылы 11,7 мың АҚШ долларына дейін өседі. Сол сияқты келер жылға арналған республикалық бюджет кірістері макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі, салықтық әкімшілендіруді жақсарту, ел экономикасын жаңғырту, темекі бұйымдары мен алкоголь өніміне акциз мөлшерлемелерін ұлғайту, АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамының 331,5 теңгеден 340 теңгеге дейін өзгеруі және басқа да факторлар есебінен 2017 жылғы бағалауға қарағанда 738 166 713 мың теңгеге ұлғаяды деп болжанған.
Бюджетке байланысты ұсынылған үш жылдық есепте ағымдағы жылғы бағалауға қарағанда 2018 жылғы республикалық бюджет кірістерінің төмендеу мүмкіндігіне мән берілген екен. Депутаттар тарапынан оның мәнісі сұралғанда, министр негізгі факторлар деп 2018 жылға арналған бюджеттен ҚҚС (қосымша құн салығы) қайтару сомасының ұлғаюы мен мұнайға ЭКБ (экспорттық кедендік баж) мөлшерлемесінің тоннасына 50 АҚШ долларынан 45 АҚШ долларына дейін өзгеруі және басқа да жағдайлар ықпал ету қаупін атады. Дегенмен де, мамандар келтірген болжалды есепке сүйенсек, 2019 жылға арналған республикалық бюджет кірістері 2018 жылдың болжамына қарағанда 15,8%-ға өсумен, ал 2020 жыл 2019 жылмен салыстырғанда 12,1%-ға өсумен айқындалған.
Шығыстың басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі
Орайы келгенде өз есебін ұсынған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі екенін атап өтті. «Ол 2018 жылы 44,6 пайыздан 2020 жылы 47,4 пайызға дейін өседі. Ақшалай мәнде осы салаға арналған шығыстар 13,4 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2018 жылға – 4,1 трлн теңге. Осы блоктың шығыстарының ең ірі көлемі әлеуметтік қамтамасыз ету және еліміздің азаматтарына әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталады», деді ол.
Б.Сұлтановтың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесіне 2018-2020 жылдарға арналған шығыстар 3,3 трлн теңгені құрайды да, оның 1 трлн 70 млрд теңгесі келер жылғы бюджетте қарастырылған көрінеді. Олардың өсуі негізінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға сапалы өту мақсатында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің күшеюіне байланысты екен. Ал білім және ғылым жүйесін дамытуға 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасында 1,1 трлн теңге көзделген болса, оның алғашқы жылында 341 млрд теңге бөлу қажет деп көрсетілген.
Депутаттар тарапынан Үкіметке қолдау жасалғанына алғысын жеткізген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мақұлданған бюджеттің жобасы негізінен экономикамыздың өсімін қамтамасыз етуге, әлеуметтік міндеттерді толығымен орындауға, негізгі бағдарламалық құжаттарды іске асыруға, яғни Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындауға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды.
Сонымен қатар, ол заң жобасын талқылау барысында халық қалаулыларын толғандырған бірқатар сауалдарға да жауап берді. Соның бірі – Астана мен басқа да өңірлердің қашан газбен қамтамасыз етілетініне қатысты мәселе болатын. Еліміздің солтүстік өңірлері мен Астананы газбен қамтамасыз ету үшін, алдын ала есептеулерге сәйкес триллион теңге қажет болса, оның 600 миллиард теңгесі газды тарату желілерінің құрылысына жұмсалатындығы айтылды. Үкімет басшысы бүгінгі таңда «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» және «Астанадан-Көкшетау-Петропавл» бағытында жүргізілетін Сарыарқа магистральды газ құбырының құрылысына қажетті есептеулер жасалғанын еске салып, қазіргі кезде қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатқанын естіртті.
Адал салық идеологиясы
Жалпы отырыста ел Үкіметі әзірлеген жаңа Салық кодексінің жобасы да бірауыздан мақұлданды. Салық жүйесін жаңғырту мақсатында дайындалған жаңа жобада идеологияны өзгерту, ынталандыру және әкімшілендіруді жеңілдетуге басымдық берілген. Ал идеология адал салық төлеушілерді қорғауға бағытталып, экономиканың әртүрлі салалары ынталандыруға ие болады. Әкімшілендіру жеңілдетіледі және салықты өз бетінше төлеуге ынталандырылады.
Министр Тимур Сүлейменовтің айтуынша, «Оңайлатылған декларация» бойынша режімге арналған жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де кірістерінің көлемі бойынша талап бірдей болады. Сондай-ақ, патенттеу мөлшерлемесі 2 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізуге байланысты салықтық жүктемені төмендету үшін жасалуда. Сол сияқты, шағын және орта бизнеске талап қою мерзімі 5-тен 3 жылға дейін қысқартылып, қосымша құн салығы бойынша 30 мың айлық есептік көрсеткіш сақталады деп көрсетілген.
Ал талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин ішкі істер және қаржы министрліктеріне ұрланған автокөлік иелерін салық төлеуден босату тетіктерін әзірлеуді ұсынды. Өйткені қолданыстағы заңға сәйкес, бүгінде ұрланған көлік құралдарының иесі көлікке салынатын салықтан босау мақсатында құқық қорғау органдарына хабарлайды. Дегенмен, салық органдары салықты төлеуден босата алмайды, себебі көлік тіркеуден шығарылмайды. Осы ретте, ұрланған автокөлік бірнеше жыл бойы іздеуде болған уақытта көлік иесінің салық органдарына үнемі салық төлеуіне тура келеді. Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы жауапты министрлікке автокөлік иесінің автомобиль ұрлау туралы өтініші негізінде тиісті куәлік беріп, автокөлік іздеуде болған кезеңде салық органдары көлік иесін салықтан босату туралы ұсынысын білдірді. Сонымен қоса Мәжіліс Төрағасы осы жобаны екінші оқылымда дайындау кезінде бұл норманы жетілдірудің маңыздылығын тілге тиек етті.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»