![281011-15](http://old.egemen.kz/2011img/281011-15.jpg)
Қазақстан үшін мал шаруашылығы, оның ірі сарқылмас қоры екендігі тарихтан белгілі. Ал, қой шаруашылығы – оның жетекші саласы.
Бабаларымыз «Мал – әулие, малсыз болсаң жарылқар қай әулие» – деп айтқандай, малды әулие санаған халқымыздың ғасырлар бойы тіршілік көзі де ауыл шаруашылығының осы саласы екендігі сөзсіз.
1990-1991 жылдары Қазақстанда 100 мың тоннадан астам қой жүні мен 300 мың тоннаға жуық қой еті өндіріліп, қой басының саны бойынша еліміз әлемдегі алдыңғы он мемлекеттің қатарында болатын. 1991 жылы Қазақстанда қой басы 35,9 млн. болса, ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары экономикалық реформаның және жаңа нарықтық инфрақұрылымның құрылуы, мал шаруашылықтарындағы селекциялық-асылдандыру жұмыстарына мән бермеудің әсері мал саны мен оның өнімділігінің төмендеуіне әкеп соқты. Жекешелендірудің алғашқы кезеңінде түсінбеушіліктің салдарынан мал басы ұстағаның қолында, тістегеннің аузында кетті. Алайда, ауылдың тұрмыс жағдайы жақын уақытта түзелмеске бет бұрған тұста Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2004-2006 жылдарды ауылды және оның шаруашылығын дамытуға арнап үлкен бетбұрыс жасады.
Енді, міне, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Шопан ата кәсібін дамытуға бет бұрып, еліміздегі қой шаруашылығын жан-жақты зерттеп, талдап, арнайы бағдарлама қабылдауға дайындалуда. Бұл «ата кәсіпке» – деген үлкен бетбұрыс. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығын алдымен көтерген ауылдың қайтадан қара атына мініп, аяғынан тік тұрып кетуіне бетбұрыс кейінгі кездегі ауыл шаруашылығына деген дұрыс көзқарастың қалыптасуына байланысты екені де сөзсіз.
Қазақстанның шөлді-шөлейтті және тау аймақтары қой өсіруге қойлайлы өңір. Республикада 180 млн. га жайылым бар, оның 71 млн. га шөлді, 35 млн. га шөлейтті, 68 млн. га далалық және 6 млн. га таулы жайылым, ал жайылымның жалпы алқабының 76 млн. га көктемгі-күзгі, 79 млн. га жазғы және 24 млн. га қысқы жайылымдар. Алайда қысқы жайылымдар қойдың қоректі заттарға деген қажетін толық қамтамасыз ете алмайды. Осы жағдайға да мән берген дұрыс болар. Еліміздің малшылары да мамандары да, ғалымдары да мал шаруашылығымен айналысуды қолға алғанда еліміздің ауа райына, жайылымына мән берген дұрыс. Өйткені, біздің республикада ауа райы құбылмалы: қыста -40°C болса, жазда +40°C-дан асады. Ал, Қазақстанның ғалымдары ең алдымен еліміздің ауа райына, жайылымына сай келетінін жаңа мал тұқымдарын шығарған, оны ғылыми тұрғыдан сараптамадан өткізіп дәлелдеген. Шетелдерден сатып алынған малдарды да еліміздің ауа райына, жайылымына қалыптастырып, оны бейімдеуді зерттеу де ғалымдардың міндеті. Сондықтан мал шаруашылығын өркендетуде еліміздің осы саладағы ғалымдарының да ой-пікірлеріне мән берген дұрыс.
Жалпы, Қазақстандағы жайылымдық жер – қой шаруашылығын дамытуға табиғаттың берген қолайлы жағдайы. Бұған ғасырлар бойы қазақ халқы мал өсірудің қыр-сырын терең білетіндіктерімен ерекшеленіп келгендігін қосқан жөн. 1905 жылы белгілі статист-экономист Ф.А.Щербина былай деп жазды: «Қазақ керемет ботаник, оның әр алуан өсімдік түрлерін белгілеуге, малдың әр түрі үшін әрбір өсімдіктің азықтық маңызымен кең таныстығы бар». Ал ғалым В.Я.Бенькович болса: «Бірнеше күн бойы ат үстінде өкпек желдің өтінде жүріп, қарлы боранда үйір-үйір жылқыларға ие болатын жылқышы – қазақпен кім теңесе алады?» – деп баға берген. Осы пікірлер сонау ерте заманда-ақ Қазақстанда төрт түлік мал өсірудің бай тәжірибесі болғанын айқын көрсетеді.
Ал біз болсақ, әлі де табиғи жайылымды тиімді пайдалана алмай келеміз. Қазақстандағы жайылымдық жердің 100 млн. гектардан астамы шөл және шөлейт аймаққа орналасса, осы жайылымдык жердің 50-60%-ы пайдаланылмауда. Оны игеру қой шаруашылығын дамытуға орасан мүмкіндік екені сөзсіз. Ата-бабаларымыз осы орасан зор жайылымдық жерлерді қой өсірумен қатар түйе және жылқы өсіру арқылы тиімді пайдалана білген.
Қой шаруашылығын дамыту арқылы еліміз үшін аса маңызды кезінде екінші тың аталған саланы өркендете отырып екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз.
Әрине қой шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін бес қағиданың орындалуын қамтамасыз ету қажет: олар, қой басының біркелкі өсуі, өндірілген қой өнімдерінің ішкі және сыртқы базардағы бәсекелестік қабілетін арттыру, қой тұқымдарының қажеттілерін өсіру, әрбір өнім өндірушінің қаржылық бірқалыптылығы және қой өнімі мен шикізаты базарын калыптастыру.
Оңтүстік-Батыс аймақ республикада қой етін өндіретін үлкен өңір болып табылады. Осыған орай бұл аймақ үлкен майлы (еділбай және гиссар тұқымдары) және шағын майлы өнімді (қаракөл тұқымды) қой етін өндіре алады, яғни тұрғындар мен тұтынушылардың сұранысына толық жауап беретін аймақ.
Аймақта қылшық жүнді етті-майлы қойлардың 71%-ы өсіріледі және қой шаруашылығының осы бағыттағы тұқымдары Қазақстанда шығарылған барлық қой тұқымдарының негізі болып саналады.
Республиканың шөлді-шөлейтті аймағындағы өсімдіктерді жоғары да аталған қой тұқымдарынан басқа ешқандай қой тұқымдары тиімді пайдалана алмайтынын айта кеткен жөн.
Шөлді-шөлейтті Оңтүстік-Батыс аймақта қой шаруашылығы саласының дамуында жергілікті қылшық жүнді қазақы, қаракөл, елтірілі-етті-майлы атырау, еділбай қой тұқымдары үлкен рөл атқарады.
Бұл қой тұқымдарының тарихи маңыздылығына қарамастан, қазіргі уақытта олардың арасында нарықтық басымдық үшін ғана емес, сонымен қатар өмір сүру үшін бәсекелестік те өсіп барады. Бұл құбылыстың себебі негізінен тұтынушылардың мал шикізаты түрлеріне сұранысына байланысты. Қазақстандағы қаракөл шаруашылығының қалыптасуы қарсаңында сыртқы және ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие болған, елтірі алу мақсатында құйрықты етті-майлы қойларды қара түсті қаракөл қошқарларымен шағылыстырудың нәтижесінде етті-майлы бағыттағы құйрықты қойлардың басы барынша қысқарып кеткен болатын. Ал қазір керісінше, етке деген сұраныс етті бағыттағы қой тұқымын көбейтуге әкелуде.
Қаракөл шаруашылығы қой шаруашылығының ерекше саласын құрайды, ал қаракөл қойларының өте жоғары бейімделгіштік қабілеті, олардың таралуына және республиканың шөл және шөлейтті аймақтарында орналасқан шаруашылықтарда ет, сүт, жүн және жоғары сапалы қаракөл өндіру үшін қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан, республикамыздың шөлді-шөлейтті аймағын тиімді пайдалана отырып, қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін қаракөл өнімдерін өндірушілермен Ішкі істер, Қорғаныс, т.б. министрліктер келісім-шартпен екі жақты бірлескен мекеме аша отырып, әскери және ішкі істер қызметкерлеріне көк қаракөл елтірісінен, ал теңіз флотын қара қаракөл елтірісінен қажетті әскери киімдер шығару жағын ойластыру ең алдымен кең-байтақ еліміздің шөлді-шөлейтті аймағының негізін құрайтын қандастарымызды жұмыспен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіншілік жасаған болар еді.
Мал шаруашылығы өнімдерінің заманауи өндірісі негізінен қой шаруашылығында басым ет алуға бағытталған. Соңғы уақытта мұндай бір жақты қарым-қатынас құйрықты етті-майлы қойларды өсіру ареалының жаппай кеңейюіне әкеп соқтырды. Осылайша шөлдің қолайсыз жағдайларына өте жақсы бейімделген және керемет түсті және реңді қаракөл өндіруге мамандандырылған әлем нарқында үлкен сұранысқа ие, қаракөл қойлары қатал экономикалық қысымға ұшырады және нарықтық баға жоғары болса да, ішкі нарықта бәсекелестіктен жасанды түрде шеттеп қалды.
Елтірілі-етті-майлы атырау және құйрықты қылшық жүнді қойлар өнімділіктері бойынша бірін-бірі өзара толықтырып отырады және олардың тұқымдары болашақ селекция үшін генетикалық материал көзі болып табылады. Әлемдегі елтірі қой шаруашылығының даму жағдайын сараптау – керемет әр түсті және реңді елтірі мен тез жетілгіш қозы және қой еті өндірісін ұлғайтуға бағытталғанын көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының елтірілі қой шаруашылығы үшін ғылыми-тәжірибелік тұрғыда керемет түсті және реңді құйрықты атырау қойларын өсірудің әдістерін жасау, бұл қойлардың жеке асыл тұқымды базасын құру, елтірі ассортиментін жаңа түстермен байыту және бәсекелестікке қабілетті отандық асыл тұқымды қойларды шығару өзекті мәселе болып табылады. Бұл мәселе, қолдан ұрықтандыру біткеннен кейін саулықтарды еркін қашыру кеңінен қолданылатын және асыл тұқымды қошқарлардың шығу тегін анықтауда өте қажетті, елтірілі қой шаруашылығында өте маңызды, өйткені шығу тегінде жоғары бағалы ата-енелері бар малдар барынша өнімді бола алады және қойларды қолдан ұрықтандыруда кеңінен қолданылады.
Жоғары өнімді малдардың басын және толық құнды азық-түлік өнімдері өндірісін ұлғайту заманауи мал шаруашылығының өзекті мәселесі болып отыр. Қазақстанның далалы, шөлді және шөлейтті аудандарында өзара ерекшеленетін 22 туыстық өзгерістегі қазақтың құйрықты қойлары ертеден өсірілген. Оларға Батыс Қазақстанда – еділбай, азғыр, әлім, адай, Орталық Қазақстанда – бағаналы, бесата, Жетісуда – шу, жаркент, Шығыс Қазақстанда – зайсан және басқа да тұқымдар жатады.
Қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойлары құрғақ даланың шөл және жартылай шөлдің кең көлемді аудандарының табиғи-климаттық және азықтық жағдайларына өте жақсы бейімделген. Олар қыстың қатал суықтарына және жаздың ыстығына өте төзімді және жыл бойындағы жайылым жағдайында күтіп-бағуға шыдамды, әрі ұзақ қашықтықтағы жайылымды жеңіл жүріп өтеді және өзінің морфофизиологиялық құрылымына байланысты өнімділігі төмен жайылымдарда тез арада ет алуға қабілетті.
Қазақтың құйрықты қойлары керемет тез жетілгіштігімен және жайылымда тез ет алуыменен ерекшеленеді. Дегенмен, халқымыздың көшіп-қону өміріне байланысты қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойларының төлдегіштігі төмен. Ертеде мал отарларын іріктеу алыс маусымдық жайылымдарға көшіп-қону кезеңдерінде анасының соңынан еруге қабілетті бір қозы алып өсіруге бағытталған болатын, осыған байланысты селекциялық жұмыстарда қойлардың төлдегіштігі ескерілмеген.
Қазіргі таңда қой етін сатып алуға сұраныс Қытай, Ресей, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты ірі мемлекеттер тарапынан екендігі белгілі. Ал, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттерінде негізінен майлы құйрықты қой етіне сұраныс жоқ екендігін ескергеніміз абзал. Аталған елдер болашақта Қазақстанға қаракөл қой етіне тапсырыс беруі мүмкін. Өйткені, оларда өсірілетін авасси қой тұқымымен қаракөл қой тұқымының түр-тұлғасы, құйрық майлылығы жалпы ет өнімі бойынша айырмашылық жоқтың қасы. Қазақстаннан қой сатып алушы аталған ел мамандары да қаракөл қой тұқымына қызығушылық білдіруде. Ал, Ресей мен Қытай мемлекеттерінде қазақтың жергілікті қылшық жүнді кетпен құйрықты, еділбай, сарыарқа қой тұқымдарының ет өніміне сұраныс басым. Сондықтан, етті қой тұқымын өсіріп, одан ет өндіруде өркениетті елдердің сұранысына мән берген дұрыс болар.
Осы жылдың 4-5 қазан күндері Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында ИКАРДА халықаралық ғылыми орталығының ИФАД қоры қолдауымен «Жүн өнімдерін өңдеп, одан дайын бұйым өндіре отырып, майда фермерлермен ауыл әйелдерінің өмір деңгейін көтеру» тақырыбы бойынша өткізілген кеңес-семинарда аргентиналық ғалым Яоягуин Мюллер Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Ираннан, Сирия мен Америкадан, Италиядан келген ғалымдарға «дүние жүзінде қазақтар ет жеуден екінші орында екен» – деп маған қарады, ал Иран ғалымы болса “бірінші орында кім?” – деп қалды. Оған ол іркілместен «қасқыр» – десе болар ма. Әрине, бұл сөзде де үлкен мағына жатыр. Бұның өзі қазақтардың етті көп қорек ететінін дүниежүзі халықтары мойындағанын көрсетеді. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша қазақ етсіз, оның ішінде қой етінсіз дастарқаны көп жайылмаған ел.
Жалпы, Қазақстанда 17 қой тұқымы өсіріледі. Олар: биязы жүнді (оңтүстік қазақ мериносы, солтүстік қазақ мериносы, 2011 жылы шығарылған етті меринос, қазақ арқармериносы, қазақ биязы жүнді) қой тұқымдары; жартылай биязы жүнді (қазақ жартылай биязы кроссбред жүнді, қазақ етті-жүнді, ақ жайық етті-жүнді, дегерес етті жүнді) қой тұқымдары; жартылай қылшық жүнді (қазақ жартылай қылшық жүнді, дегерес жартылай қылшық кілемдік жүнді етті-жүнді) қой тұқымдары; қылшық жүнді (қаракөл, әрі елтірілі, әрі етті, әрі майлы атырау, еділбай, қазақ қылшық жүнді құйрықты, сарыарқа) қой тұқымдары.
Әрине, қой етін өндіруде аталған қой тұқымдарының барлығы да ішкі және сыртқы сұранысты қамтамасыз ететін қой тұқымдары.
Аталған қой тұқымдарын шығаруда және жақсартуда Қазақстан ғалымдарының орны ерекше екендігін атап өткен дұрыс. Сонымен бірге, бұл қой тұқымдары мен тұқымдық топтарды жақсарту қарқыны әлі де болса жеткіліксіз екендігін атап өткен жөн. Елімізде селекциялық асылдандыру жүйесі қазіргі қой шаруашылығын дамытуда алға қойылған міндеттерге сай келмейді. Сондықтан да, қой шаруашылығын селекциялық жолмен асылдандыруда, оларды бағып-күтуде, еңбекті ұйымдастыруда, жемшөп өндіруде және мал азығын дайындау бағытындағы ғылыми-зерттеулерді кеңейтіп тереңдете түскен жөн.
Оның ішінде, ғылыми-зерттеулердің мынадай басым бағыттарына мән берген дұрыс:
- селекцияның, гендік инженерияның, биотехнологияның, генетикалық математикалық сараптаманың және бағдарлама жасаудың заманауи әдістерін қолдану арқылы тұқымдық қойлардың өнімділік және асылтұқымдық сапаларын жетілдіру;
- қой шаруашылығы өнімдері өндірісінің экологиялық таза технологияларын жасау;
- қойларды азықтандыруды жетілдіру және азықтың базасын зерттеу, мал азықтарының желінуі және құнарлылық құндылығын арттыру, егіндік және шабындық-жайылымдық мал азығы өндірісімен, мал азықтарын дайындау және сақтаудың қарқынды әдістерін, жаңа барынша толық құнды және қуаттылық сыйымдылығы мол мал азықтарын жасау бағытында зерттеулер жүргізу;
- жұқпалы ауруларды емдеу және олардың алдын-алудың әдістерін жасау;
- шағылыстыру және будандастыру әдістерімен өміршеңдігі жоғары тұқымды қойлардың отарларын құру;
- нарықтық қатынастарды, салалық стандарттарды, қой шаруашылығы өнімдерін сертификаттауды жетілдіру.
Қазіргі кезде жайылымдардың 90%-ы суландырылмаған және ішінара ғана пайдаланылады. Қой шаруашылығының жайылымдық жемшөп қажеттілігін қамтамасыз ету үшін табиғи жайылымдар мен шабындықтарды тиімді пайдалану жолдарын жасай отырып, олардың өнімділігін арттыру жөнінде іс-шараларды жүзеге асыру қажет.
Шөл және шөлейтті аймақтардағы жайылым жағдайындағы мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімді саласы болып табылады. Жайылымдағы мал шаруашылығын тиімді ұйымдастырудың қажетті жағдайы – маусымдық жайылымдардың жекелеген түрлерін, малды маусымдық жайылымдардың бір түрінен екінші түріне ауыстыру негізінде немесе ұзақ қашықтықта оларды барынша мол өнімділік берген жылдары пайдалану болып табылады.
Малды алыс жайылымдарда күтіп-бағу, аз шығын жұмсап, үлкен мал басын ұстауға, шөлді аймақтың жайылымдарын барынша пайдалануға мүмкіндік бере отырып, республиканың қараусыз жатқан аймақтарын шаруашылық айналымға енгізуге жағдай туғызатынын айта кету қажет.
Қазақ ерте заманнан-ақ төрт түлік малды бағып-күтудің, оны тиімді өсіре отырып, өнім өндірудің, тұқымдық қасиеттерін зерделеп табиғаттың сыйы – жайылымдық пен шабындықты пайдаланудың ерекшеліктеріне аса зор мән беріп, көп жылдар бойғы тәжірибелерін атадан-балаға мұра етіп қалдырып отырған.
1992-1999 жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығында тек сандық емес, сондай-ақ айтарлықтай сапалық өзгерістер де болды. Ауыл шаруашылығы мекемелерінің құрылымдары өзгерді. Ірі мамандандырылған шаруашылықтардың орындарына шағын фермерлік қожалықтар (шаруашылықтар) пайда болды. Қазіргі уақытта барлық ауыл шаруашылығы малдарының 95%-ы тұрғындар мен шаруа қожалықтарының, фермерлердің жеке аулаларында өсіріледі.
Еліміздегі қазіргі шаруашылық құрылымдары төрт түлік малды ауылда елді мекен орталықтарында, не ауыл аймақтарында жыл он екі ай бойы бір орында бағуды үрдіске айналдырып алды. Малшылардың қолда бар малдарын өздеріне тиесілі жер көлемі мен жайылымы көтере ала ма, жоқ па онда шаруасы жоқ. Кешегі Кеңестік дәуірде жеке ауыл тұрғындарында ең көбі он-он бестен ғана қой болып, орташа бір ауылдан 500-600 қой таңертең өріске шықса, бұл көрсеткіш бүгінгі күні 3000-нан 10000-ға дейін жетіп отыр. Әрине, бұл ауыл халқының мал ұстауға, одан өнім өндіруге бет бұрғанын көрсетсе, екінші жағынан ауыл төңірегінің тақырланып бара жатқандығын, алыс жақсы жайылымдардың дұрыс пайдаланылмауына әкеліп соқтыруда. Оның үстіне мал бағу технологиясын жақсы менгерген малшыларымыз бен дәстүрлі малшы отбасылары мал бағудан көп алшақтап қалды. Тіпті төрт түлік малды бағып-күтетіндер бірлі-жарым ғана қалды десем жаңылыспаймын.
Атам қазақ айтқандай «Заманына қарай адамы да, оның амалы да өзгереді» – деп. Олай болса мал өсіріп, одан өнім өндіру жолдарын бүгінгі таңның талабына сай іске асырған жөн болар. Алайда, елімізде қой түгілі басқа малдардың сандық құрамы, жайылымы, оған қажетті мамандар ең бастысы – шопан-малшының саны мен сапасы белгісіз. Сондықтан, осы бағытта арнайы зерттеулер жүргізген жөн болар.
Асылдандыру жұмысында ең алдымен аса құнды тұқымдық малдан бастау керек. Бұл бұлжымас қағиданы ықылым замандардан бергі бабаларымыздың тәжірибесі де дәлелдей түседі.
Табынның генетикалық өсімі негізінен жоғарғы өнімді аталық малдарды пайдалану жолымен келетіні бүгінде әрбір қатардағы ауыл адамдарына да жақсы таныс. Осы арқылы жоғары өнімді, текті тұқымды малдар дүниеге келді.
Алайда, өтпелі кезеңде (1992-1999 жж.) көптеген жаңа шаруашылық құрылып, мамандары көп бас қатырып жатпай, оңай жолмен кетті. Қаржыны үнемдеу мақсатында ұрықтандыру жүйесінде қолдағы бар өнімділігі төмен тұқымдық малдарды пайдалану кеңінен етек жайды. Өнімділігі төмен, тұқымдық қасиеті нашар малдарды ұзақ уақыт бойы пайдалану асылдың азып-тозып, өнім сапасының төмендеуіне әкеп соқтырып, мал ағзасының әр түрлі табиғи факторларға шыдамдылығы төмендейді. Нәтижесінде жалпы мал санында асыл тұқымды қой саны бар жоғы 5-6%, ірі қара малы 3-4%, түйе 6-7% ғана құраған.
Бүгінде асыл тұқымды мал шаруашылықтарда өнімділігі жоғары қошқарлар әлі де болса аз және олардың шаруа қожалықтарымен байланысы жолға қойылмаған. Бұрын етті-майлы қой шаруашылығы аймағындағы саулықтардың 90-100 пайызы қолдан ұрықтандырылатын болса, қазір қолдан ұрықтандыру пункттері жоқтың қасы. Ал, қолдан ұрықтандырусыз зауыттық селекциялық жұмыстарды жүргізіп малды асылдандыру мүмкін емес.
Жалпы, селекция қазіргі қолда бар тұқымдарды, зауыттық сүлелерді, ата тізбек пен мал топтарын жетілдіру және жаңасын шығару, олардың өнімділік және тұқымдық сапасын жақсарту әдістері туралы ғылым.
Мал шаруашылығында селекциялық жұмыста басты көзделетін мақсат – малдың екі жыныстық тобының таңдауларынан, неғұрлым бағалыларынан әрі қарай өсіру үшін таңдау, әрі қойылған мақсатқа сай келмейтіндерін, жарамсыздыққа шығару. Онда өсірілетін малдың тұқым қуалау негізіндегі өзгерістері арқылы тұқымның өнімділігін жақсарту және жетілдіру мәселесі көзделеді.
Селекция адам бақылауымен жүргізілетін құбылыс. Мұндай тұжырымның әділдігін қазақстандық селекционерлердің жұмысы да растайды. Қаракөл қойларымен ұзақ уақыт жүргізілген селекциялық жұмыстардың нәтижесінде тұқымда оның икемділігін және тұқым ішінде жетілдіру мүмкіндігін құру, жаңа елтірілік сапасы бар мал алу жолдары қалыптасты. Қолда бар құжаттардың негізінде арнайы жұптау, мұқият, әрі қатаң сұрыптау арқылы қаракөл қойларының жаңа зауыттық сүлелері шығарылды.
Мал шаруашылығында селекцияның жетекші буыны сұрыптау болып саналады. Ол зоотехникалық әдіс ретінде, ең таңдаулы сұрыпталған жеке мал түрлерін барынша пайдалану арқылы оның белгілі бір аймақта селекциялық белгілерін генетикалық жақсаруды қамтамасыз етеді. Сұрыптау селекцияның бастапқы кезеңі, одан кейін міндетті түрде жұптау тәсілін қолдану қажет. Жұптау – белгілі бір сападағы ұрпақ алу үшін аталығы мен аналығын шағылыстыру. Жұптаудағы мақсат – сұрыптау әсерін орнықтыру және шағылыстырылатын жұптардың үйлесімі негізінде, бастапқы туыстық негізімен салыстырғанда, ұрпақ сапасын жақсартуға қол жеткізу.
Селекциялық-асылдандыру жұмыстарында сұрыптау мен жұптауды бірыңғай қарастыру қажет. Бұл орайда ескеретін жәйт, жұптау әрдайым сұрыптауды күшейтеді, ал соңғысы үнемі жұптауға бағытталады.
Селекцияның негізгі міндеттері малды тұқымға сұрыптап өсіру кезеңінде жүзеге асырылады. Төл өсіргенде алдын ала сұрыптайды және жұптаумен аяқтайды. Осылайша, сұрыптау, жұптау және арнайы мақсатта өсіру селекцияның негізгі мәнін құрайды.
Өз кезегінде селекция тиісті деңгейде азықтандырумен және күтіп-бағумен, қалыпты өсіп-жетілетін, дені сау мал өсіру кезінде жүзеге асырылуы тиіс.
Малдың қолайлы шаруашылық – тектік белгілерін дамытуға арналған селекцияны ойдағыдай жүргізу үшін бастапқы зерттелетін тұқымды, оның генетикалық өзгергіштік деңгейін зерделеу, тұқымды және тұқымішілік саралауды бағалау қажет.
Қазіргі кезде селекциялық жұмыстардың белгілі бір тәсілдері мен әдістерінің тәжірибелік негіздемесі бар. Қой шаруашылығында негізінен ең таңдаулы малдың ауруға төзімділігі секілді дәстүрлі әдістерді, сондай-ақ олардың жергілікті тектік қорларын талдауға байланысты мәселелер: сұрыптау және өнімі төмен малды мол өнімділерімен ауыстыру жолдары, тұқымдық тектік (гендік) қор мүмкіндігін бағалау; жаңа жоғары мал тобын құру және шығару, селекция үшін маңызды белгілерді бағалау, айрықша мол өнімді малды сақтау және пайдалану; ерекше мол өнімді малдың аталық тізбесін шығару және тектік қорларын талдау, көп тұқымды аталық тізбесі мен аналық ұясын шығару әдісі ғалымдардың басты міндеті.
Ғылыми-зерттеулердің жиынтығы жаңа ойлардың пайда болуына, оны іс жүзіне асыру арқылы қойлардың өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстандағы қой шаруашылығымен айналысатын ғалымдар қойларды республиканың әр түрлі экологиялық аймақтарында өсірудің теориялық негіздерін; неғұрлым жетілдірілген селекциялық тәсілдерді және қазіргі зерттеу амалдарын пайдалана отырып, олардың тұқымдық бағалау әдістерін жетілдіру жолдарын әзірледі.
Селекциялық асылдандыру ісі маман кадрларсыз тағы да төрт аяғынан тең басып кете алмайды. Бұл тұрғыда «Іс тетігін маман шешеді» деген ұран кез келген формацияда өз күшінде қала бермек. Өйткені, өндірістің бір тұтқасы солардың қолында.
Ауылға мамандар қажет. Бізде ауыл шаруашылығының барлық түрі бар, бірақ зоотехник, агрономдар жоқтың қасы. Байлығымыздың қайнар көзі – мал шаруашылығы және ауыл адамдары. Шүкір, әзірге ауыл адамының бәрі бірдей алыпсатарлық жолға түсіп қалаға кеткен жоқ. Ескеретін бір жәйт, мал шаруашылығын жетік білетін ауыл адамдарының көбінің жасы ұлғайды. Ал, ауыл жастары болса еңбекке көндікпей жатып, ауылда жұмыссыз немесе кейбірі күнкөріс үшін қалада жүр. Бірақ үнемі осылай бола береді деп ойламаймыз. Заман түзелді. Елімізге білікті жұмысшы, мамандар, қарапайым шаруа, еңбеккерлер, мал шаруашылығымен айналысатын түйеші де, сиыршы да, жылқышы да, қойшы да қажет. Оларды дайындау үшін мемлекет тарапынан «Мал шаруашылығына қажетті мал мамандары мен малшылар дайындау және олардың тікелей төрт түлікпен айналысуын қамтамасыз ету» жөнінде бағдарлама қабылдау керек. Бағдарламада ең басты мән беретін жағдай: ауыл жастарын мал бағуға қалыптастырып, ата кәсіпті өркендету жолында оларды баули тәрбиелей отырып, бетбұрыс жасау. Мал шаруашылығы ғылымымен айналысқаннан соң, ауылда туып, ауыл өмірінен қазірге дейін қол үзбегеннен соң білетінім – ауылда әлі де болса төрт түлік малмен айналысуға құштар жастардың бар екендігі. Ауылдарда жастардың ауылшаруашылық өндіріс кооперативтерін құрып, оған мемлекеттен қаржы бөліп, ауылда тұратын төрт түлік малмен айналысуға ниет білдірген жас отбасыларға мал сатып алуына көмектесіп, қол ұшын берсе ауыл жастары әрі мал шаруашылығымен айналысар еді, әрі мал басымен оның өнімділігі көбейіп Қазақстанның пайдаланылмай жатқан жайылым жерлері айналысқа түсіп, оны тиімді пайдалануға мүмкіндіктер туар еді.
Қазіргі кезде қой шаруашылығында жеке меншік нысанына көшуде түбегейлі өзгеріс болды. Малды күтіп-бағу, азықтандыру, өсіру және көбейту әдістері өзгерді. Осының барлығы жаңа жағдайда қойларды өсіруге арналған бірқатар шаралары тез арада жүргізуді қажет етеді.
Қалыптасқан дәстүрлі технология бойынша, қой шаруашылығында негізгі өндірілетін ет жыл сайын жарамсыздыққа шығарылатын қошқарлар мен саулықтар (18-20%) және тұқымдық қошқар ретінде қалдырылғаннан басқа тоқты қошқарлардан өндіріледі.
Ғылымда зерттеліп және іс жүзінде дәлелденгені – қой қозыларын туылған жылы етке өткізу биологиялық тұрғыдан анағұрлым тиімді. Мұның өзі ет өндіруді едәуір ұлғайтуға, оның өзіндік құнын кемітуге, күтіп-бағу шығынын азайтуға, басқа жыныс-жас топтары қойларының жайылым өрісін босатуға ықпал етеді. Еркек тоқтыларды қысқа қалдыру зоотехникалық тұрғыдан қолайсыз, әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Қысқа қарай қойлардың қосқан салмағы жұмсалған шығынды өтемейді. Қойларды жайылымда бағу жағдайында ең маңыздысы – бордақылауға қойылатын және жайып семіртіп, кейіннен етке өткізілетін малдың жасын дұрыс таңдау.
Қой өсіретін шаруаларға еттің экономикалық тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін қозы етін өндірудің ерекше маңызы бар. Алайда, қозы етін өндіру жеке үй шаруасында болсын, фермерлер мен шаруа қожалықтарында болсын күні бүгінге дейін айтарлықтай кең таралмай отыр. Сапалы қозы етін Қазақстанның қой өсіретін барлық аймақтарында, барлық қой тұқымдарынан едәуір мол өнім өндіруге болады және оның ғылыми негізі де, технологиясы да жасалған.
Қой етін өндіруді арттырудың және оның сапасын жақсартудың маңызды ықпалы – сақа қойларды жайып семірте отырып бордақылау. Мәселен, жайылымдағы қойларды жайып семірте бордақылауды дұрыс ұйымдастырған жағдайда оның салмағын 50-60% көтеруге болады.
Қой етін өндіруді арттыруда олардың табиғи төлдегіштігі зор әсер етеді. Егіз туатын саулықтардан ет шамамен 70% көп алынады, жалғыз төл беретін саулықтарға қарағанда, мұндай саулықтар азықты 30-35% жақсы пайдаланады. Сонымен қоса, егіз төл алғанда мал басын тез көбейтуге, сондай-ақ ет өндіруді ғана емес, жүнді, қой терісін өндіруді арттыруға мүмкіндік береді.
Қойдың ет өнімділігін жақсартудың нақты мүмкіндіктерінің бірі – тұқымаралық будандастыру, өйткені будан қойларда будандық күш (гетерозистік) қасиеті пайда болғандықтан, олар тез өсіп-жетілетіндігімен, жақсы бордақыланатындығымен, салмағын көбірек қосатындығымен, әрі сойыс шығымдылығымен, өнім шығынын жақсы өтейтіндігімен ерекшеленеді.
Әрине, бұл тәсілді тек кәрі саулықтарды басқа тұқымдағы қошқарлармен шағылыстыруда пайдалануға болады. Өйткені, кәрі саулықтан алынған қозы да етке өткізіледі. Ал – жалпы болашақ пайдалануға қозы алынатын саулықтарды тек сол тұқымдағы асыл тұқымды қошқарлармен шағылыстыру керек.
Төрт түлік малды жайып семіртуде Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының кеңестік кезеңдегі тәжірибесін қазір кең көлемде пайдалануға болады. Созақтықтардың мал бағу әдісі негізінен ата-бабадан келе жатқан төрт мезгілдің жайылымдарын тиімді пайдалануға негізделген. Мал қыс мезгілінде Мойынқұмда, көктемде Қаратау бөктерінде, ал жаз бойы Бетпақдалада өсіріледі. Көктем айларында тау бөктерінде қой қоздатқан шопандар жаздан сонау қоңыр күзге дейін Бетпақдаланың жайылымын тиімді пайдалана отырып, қойларын барынша семіртіп, күзгі қашырымда Шу өзені бойына өрлетсе, ал қошқар қозыларды енесінен бөлген бойы шілде айында 28-30 кг салмақта етке өткізеді. Тіпті етке өткізілетін кәрі саулықта, кәрі қошқарда қоңдылығы жоғары деңгейге жетіп, етке жоғары салмақта өткізіледі.
Қазақстанда қой шаруашылығын өркендетіп, қой санын арттырып, оның етін өндіру жөніндегі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жобасын орындауға толық мүмкіншіліктер бар. Қой шаруашылығын дұрыс жүргізу арқылы Қазақстанда қазірдің өзінде 1,5-2,0 миллионнан астам қозыны туылған жылы етке өткізіп, одан 25 мың тоннадан астам ет өндіруге болады. Бұл ет өндірудегі үлкен резервтердің бірі.
Жалпы, қой етін өндірудің өзіндік құны сиыр мен шошқа етін өндіруге қарағанда, едәуір төмен және ол қой өнімдерінің әр түрлі болуына байланысты. Егер қойдан алынатын өнімдерді (ет, май, жүн, тері, тіпті сүт) өндіруді үлкен білгірлікпен жүргізе білсе, қой шаруашылығынан шаруа айтарлықтай табыс алған болар еді.
Кең байтақ Қазақстан жерінің жайылым жерлерінің мол болуы, мал бағудағы шопандарымыздың, түптеп келгенде халқымыздың бай тәжірибесі, мамандар мен ғалымдардың осы бағыттағы мақсатты жұмыстары қой шаруашылығын тиімді салаға айналдыра отырып, оны өркендетуге мүмкіндік берері сөзсіз. Олай болса, ата кәсібіміз – қой шаруашылығын қолға алып, жайылымдық жерлерімізді тиімді пайдаланайық!
Әбдірахман ОМБАЕВ, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.