Медицина • 19 Қазан, 2017

Хат қоржын (19.10.2017)

462 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (19.10.2017)

...қолдау көрсетеді

Парызым әрі міндетім

Мен балабақша тәрбиешісі ретінде әрі «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғандықтан Елбасымыздың саясатынан тысқары қала алмайтынымды айтқым келеді. Осы орайда, уақыт өткен сайын ең алдымен білімімді жетілдіріп, іс-әрекетіммен жастарға үлгі болуды парызым әрі міндетім деп санаймын. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шығып, біздің келешегіміздің кемел екендігіне сенімім арта түсті.

Екі баланың анасы болғандықтан, жеткіншектердің болашағы ойлантары сөзсіз. Қолға алынып отырған үш тілді меңгеру бастамасын өз басым қолдаймын. Елордадағы 500-ден аса бала тәрбиеленіп отырған «Думан» атты балабақшада осы игілікті іс қолға алынды. Сондай-ақ «Туған жер» бағдарламасы қазірден әр баланың сана-сезіміне ұялағандықтан олар келешекте туған еліне қызмет жасайтынына сенімдімін.

 

Дина ТОҚТАМЫСОВА
Астана


...пікір білдіреді
Өткір мәселені қозғады

Елбасының талай алқалы топта сөйлегенін естіп жүрміз. Ал теледидардан көрсеткен Нұрсұлтан Әбішұлының белгілі қаламгерлермен сұхбаты ерекше әсерлі өткенін атап өткеніміз абзал. Өте еркін құрылған сұхбатта елдің пікірлерін ашық білдірген үш жазушының парасатты ой-толғамдарына ризамыз. Сонда айтылған мәселелердің бір-екеуіне өз пікірімді де қосақтай кетейін. 

Мектеп оқушылары 6 сыныпты бітіргенше тек қазақ тілінде оқығаны дұрыс. Орыс тілі аптасына бір рет қосымша сабақ ретінде жүргізілсе, 6 сыныптан бастап аз мөлшерде орыс тілін, 8 сыныптан бастап ағылшын тіліне ден қойғаны дұрыс. Осы бағытта болса қазақ балаларының ұлттық санасы мықтап беки түседі. Өз ұлтының тарихын, ата-бабасының салт-дәстүрін бойына сіңіріп алған соң, ешқандай бөгде күшке бой бермейді. Дін жөнінде, имамдар жөнінде, қазақ әйелдерінің қара жамылып жүргендері жайлы ашық әрі өткір айтқаны үшін мың алғыс. Азаттық жолында құрбан болғандардың есімдерін жастардың жадына бекіте берудің орнына, ру-ру болып мешіт салып, оған өз руларының, көсемдерінің, бай-манаптардың атын қойып алғандар қаншама! Кешегі Алаштың серкелері – елдің көзін ашып, намысын қайрап, жігеріне жігер қосып өткен аруақты ағалар – мешіт-медреседе емес, адамзаттық білім берген мектептерден нәр алып, санасын бекітіп, халқына бақыт сыйлады. 

Осындай парасатты ой-толғамдар қозғаған ел жақсыларының өнегелі істеріне ризашылық білдіреміз.

 

Нұрмахан НАЗАРОВ, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Түркістан 


...сақтандырады
Екіжүзділерге ел сенбейді  

Елін тонап, байлығын шетел асырып, қазір сол елден «даныш­пан­дық» танытып жататындардың күңкілін естіп жыным келеді! Олар ұры! Ұрының бір сөзіне сенбеймін! Мәселен, солардың бірі Әбілязов ұлт үшін, қазақ үшін нендей жақсылық істеді? Елде жүріп күрескерлік танытты ма? Бюджеттен қомақты қаржы ұрлап, бүгінде Еуропаға саяси құрбан, «демократия жолындағы күрескер» секілді көрсеткісі келеді өзін. Бізге артында былығы жоқ – ары таза, ақшаның емес, қазақтың мұңын мұңдайтын мықтылар керек! Ақша­ның былығына көмілгендер әрі жүрсін елімізден.

Екіжүзді, сөзінің тұрағы жоқ аферистерден сақтасын! Өз өмірін былыққа батырған адам, ана тілін меңгермеген, миллиондаған салымшының ақшасын қолды еткен алаяқ елді бүлікке шақырып, мысықтілеуленіп отырады. Құдай солардан сақтасын!

 

Дина ЕЛГЕЗЕК
Алматы


...сенім артады​​​​​​​
Жастар ұйымы құрылды

Жастарды рухани-адамгершілік ұстанымдармен қаруландырып, жоғары мәдени өркениет кеңістігін жасауға дайындау бағытында және адами құндылықтармен тәрбиелеу үшін Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы мен Шетпе мешітінің ұйымдастыруымен басқосу өткізілді.

Басқосу мақсаты жастардың рухани адамгершілік құндылықтарын насихаттау және «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын қолдау бағытында орталық мешіт жанынан қоғамдық негізде жастар ұйымын ашу болып табылды. Жастар бірауыздан ұйымды ашу керектігін және оның уақыты жеткіндігін алға тартып, ұйымның атауын «Иман нұры» жастар бірлестігі деп атауды ұйғарды. 

Ұйым мынадай бағыттар бойынша мақсатты жұмыстар атқаруды қолға алып отыр. Олар – тұлғаның адамгершілік, азаматтық қасиеттерін кемеліне жеткізу, саналы азаматтық көзқарасын оятып, еліміздің дамып-гүлденуіне мақтаныш сезімін, патриоттық жігерін қалыптастыру, шынайы шешімдерді қабылдау мәдениетін, толеранттылықты қалыптастыру, өз ортасындағы, қоғамдағы белсенділікке, жауапкершілікке, қайырымдылыққа деген ынта-ықыласына жол ашу, тұлғаның үздіксіз жетілуіне тірек болатын қабілеті мен дарынын шыңдау болып табылады.

 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы 

 


...жаңалығын жеткізеді​​​​​​​
Жылыжайда тропикалық жеміс өсіріледі

Қысы-жазы жайқалып тұратын бақ немесе тропикалық джунгли. Шығыс Қазақстандағы Украинка ауылында орналасқан жылыжайды дәл осылай атауға болады. Саналы ғұмырында инженер-техник қызметін атқарған Людмила Земляная зейнет жасына жеткенде өмірінің жаңа белесіне қадам басты. Осыдан 9 жыл бұрын жылыжай ашып, тропикалық және субтропикалық дақылдарды өсіруге ден қояды.

Еңбегі нәтижесіз емес. Ойындағы өсімдіктері өсіп, таңғажайып баққа айналды. Жылыжайда өсімдіктің 500-ге жуық түрі бар. Әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық қажет. Көпшілікті тәнті еткен алып лимондар мен кішкентай банандарды тамашалаушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келеді екен.

Жалпы аумағы мың шаршы метрді құрайтын кешен төрт топтан тұрады. Өңір натуралистері мен флористері де жылыжайдың тұрақты меймандарына айналған. Ғылыми жұмыстар бойынша келісім жасау үшін еліміздің өзге өңірлерінен де мамандар келеді екен.

 

Айнаш КІТАПБАЕВА
Шығыс Қазақстан облысы