29 Қаңтар, 2010

“ҚАЗАҚСТАН-2030” СТРАТЕГИЯСЫ: ӨРКЕНДЕУДІҢ ӨРЕЛІ ӨРІСІ

16706 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты құжаты “Қазақстан-2030” бағдар­ла­масы қабылданғаннан бері біз 10 жыл­дан астам уақытты артқа тастадық. Осы 10 жылдың ішінде бүкіл әлем өзгерді, біз де өзгердік. Кешегі мен бүгінгіні салыс­тырсақ, арамызда үлкен айырмашылық бар. Мұны заман ағымына көзі жіті, көңілі жүйрік маманданған экономика­лық сарапшылар ғана емес, бүкіл халық сезеді. Осы 10 жыл бізге не берді? Бұл сұраққа жауап беру үшін 2000 жылдың картинасын көзге елестетіп көрейік. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін оның құрамында болған республикалар арасында абдырап қалған республикалар­дың бірі біздің Қазақстан болғаны ақи­қат. Алдымызда енді қалай ел боламыз, кімге сүйенеміз, кімге сенеміз деген сұрақ көтерілді. Өйткені бұрынғы Одақтағы экономикалық байланыстар­дың үзілуіне, шаруашылық жүргізу форма­ларының бұзылып, жаңасының әлі толық қалыптасып үлгірмеуіне бай­ланыс­ты бүкіл ел құрдымға құлап бара жатқандай әсерде болған кезең еді бұл. Міне, қоғамды осындай көңіл-күй кернеп алған кезде тәуелсіз Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы ел халқына жария еткен “Қазақстан-2030” Страте­гия­сының  құрғақ қиялдай көрінгені рас. Ел жоқшылықтың қамытына бас кіргізген тұста осындай тәтті түсті көзге елестетуге көбіміздің жүрегіміздің дауаламағандығы ақиқат. Бірақ, уақыт өз дегенін істеді. “Қазақ­стан-2030” Стратегиясындағы болжамдар ақиқатқа айнала бастады. Мұны енді қазақстандықтар ғана емес, басқа елдер де көріп отыр. Өйткені біз басқа жетістіктерімізді былай қойғанда, айналамыздағы халықтардың бәріне сыйлы болып шықтық. Біз Еуропа төріне дейін көтерілдік. Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан-2030” Стратегиясының 10 жылдығына арналған конференцияда сөйлеген сөзінде былай деген болатын: “Өткен күнде белгі жоқ” дейді қазақ. Көрген бейнет, төккен тер тарихқа ен­ген­нен кейін ұмытыла бастайды. Өйткені, бейнеттен кейін – зейнет, адамның жақсылыққа тез үйреніп, тез бауыр басатыны белгілі. Алайда, зер салып қарайтын болсақ, бүгінгі қол жеткен табыстардың өзінен өзі келмегеніне, ол үшін қыруар еңбек, жігер-қайрат, тынымсыз ізденіс, нар­тәуекел қажет болғанына көз жеткізер едік. Кеңестер одағынан бізге қалған мұра – күйзелген шаруашылық, күйре­ген экономика, тоқтаған өндіріс, тоқыра­ған ғылым, қысқасы, барлық салада дағда­рыс болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Дағдарыстан шығу қашанда оңай шаруа болған емес. Эко­номиканы мүлде басқа жүйеге ауыстыру, нарық заңдылығын игеру, кадр мәселе­лерін шешу, ескі дағды, ескіше ойлаудан арылу біз үшін оңайға түсті деп айта алмаймыз. Көп ойландық, көп іздендік, шетелден консультанттар шақырдық. Қалайда аз уақыттың ішінде тығырықтан шығу қа­жет болды. Мінеки, осындай ұлы мақсат, қауырт қажеттіліктен барып “Қазақстан-2030” Стратегиясы дүниеге келді. Одан бері он жыл өтті. Он жылда өзге елдер бірнеше он жылда жетпеген биіктерге қол жеткіздік. Стратегия бізге жарқын жеңістер мен тамаша табыстар әкелді. Қазақстан тәуелсіздік тарихын қатар бастаған өзге ТМД елдерінің ал­дына шықты. Әлемдік деңгейдегі өрке­ниетті елдермен бой теңестіре бастадық. Біздің экономикалық жетістіктеріміз бен саяси реформаларымызды шетел сарапшылары да жоғары бағалауда. Ендеше “Қазақстан-2030” Стратегия­сының 10 жылдығы біз үшін шын мәнінде тарихи кезең болып табылмақ”. Иә, Елбасы сөзінде айтылған осы табыстар қазіргі күні Қазақстанның беделі мен абыройын әлем халқының алдында көтере түсуде. Бұған қосып айта­рымыз қазір Қазақстан ТМД кеңісті­гіндегі ең бай елдердің бірі. Басқа елдер­мен салыстырғанда бізде жалақы мен зейнетақы жоғары. Қазір Қазақстан азаматының бір айлық жалақысы көршілес кейбір елдер азаматтарының 10 айлық жалақысына тең. Қазақстанның жастары мемлекет қаржысымен дамыған елдерде жоғары білім алуда. Оның үстіне Қазақстан Республикасының азаматы деген мәртебенің өзі адамға көптеген артық мүмкіншіліктер береді. Осындай мәртебеге ие азаматтар тегін орта білім ала алады. Білім қабілетіне байланысты еліміздегі жоғары оқу орнында және шетелдерде тегін оқи алады. Астана мен Алматы секілді тұрғын үй бағалары қымбат қалалардан мемлекеттік бағдар­лама бойынша арзан үй ала алады.  Арзан несиелер алу мүмкіндігі бар. Қысқасы, Қазақстан Республикасының азаматы деген мәртебенің өзі бәсекеге қабілетті адам үшін үлкен мүмкіндік пен байлық көзі. Оның үстіне 16 миллион халқы бар Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімі 40 миллионнан астам халқы бар Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің жиын­тық табысынан асып түсіп, 50 мил­лионнан астам халқы бар Украинаның табысымен теңесті. Қазір дүние жүзін кернеп алған дағ­дарыс жағдайында өзін өзі қаржылан­дыруға қол жеткізіп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан мемле­кет­тер тым сирек. 200-ге тарта елдің арасынан оларды саусақпен санауға болады. Соның бірі – біздің Қазақстан. Шет мемлекеттерден қандастарын шақырып, басына үй тігіп, алдындағы шаруасын қамдап жатқан үш елдің бірі де біздің Қазақстан. Міне, осының бәріне біз “Қазақстан-2030” Стратегиясының бірінші онжыл­дығының өзінде қол жеткіздік. Ал алдымыздағы онжылдық қалай болмақ? Біздің білетініміз, бұл он жыл Қазақ­стан үшін жаңа бір белес болмақ. Алды­мыздан жаңа бір көкжиек бой көтермек. Осы мәселе жөнінде ел басшы­лығы қамсыз емес. Үкімет Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын әзір­леді. Бұл бағдарлама Қазақстанның индус­триялық-инновациялық дамуын негіз етіп алмақ. Біз осыған дейінгі онжылдықта елдің шикізат байлығын, табиғи ресурстарын қалай іске қосамыз, қалай өткіземіз деген мәселені ойлас­тырып келсек, ендігі міндет сол шикізат­ты қалай өңдейміз, бір өнімнен бірнеше өнімді қалай туындатамыз деген сұраққа қарай ойыспақ. Осы үшін елімізде ірі инвестициялық жобалар жасалынды. Жаңа инфрақұрылымдар іске қосылуда. Былайша айтқанда, етек-жеңді жинадық. Ел болдық, ел екенімізді басқа халықтар­ға таныттық. Енді дамудың жаңа кезеңі­не, атап айтқанда, сапалы даму кезеңіне қадам баспақпыз. Міне, осынысымен де өткен онжылдықпен салыстырғанда бұл онжылдық күрделі бола түспек. Өткен жылдың соңында “Егемен Қазақстан” газетінің жаңа ғимаратында “Арна-медиа” холдингінің құрамындағы БАҚ басшыларына берген сұхбатында Елбасы осы қозғалып отырған мәселе туралы былай деп толғаған еді: “Қазір Үкімет 2020 жылға дейінгі еліміздің дамуы туралы маңызды құжатты әзірледі. 2010 жылдан бастап соның алғашқы бесжылдық жоспарын жүзеге асы­руға кіріспекпіз. Басқа мемлекеттер­ден біздің ерекше­лігіміз қазіргідей дағда­рыспен күрес мәселесімен қатар, еліміз­дің болашағын көксеген осын­дай перс­пективалық мәселелерге мән беруіміз болып отыр. Әлі ешбір ел нақ осы мәсе­леге көп көңіл аудара қойған жоқ. Жуық­та біз осы құжатты жариялайтын боламыз. Екі ауыз сөзбен айтсам, ол бағдарла­ма белгіленіп отырған мерзім ішінде ел экономикасын тағы да 50 пайызға өсіру мақса­тын көздейді. Ал экономика дамыса, халықтың әл-ауқаты да соған сай алға басатындығы түсінікті. Қазіргі дағдарыс бізге қандай тағы­лым берді? Шикізат байлы­ғына ғана сүйенген мемлекеттер­дің жағдайы сынақ сәтіне төтеп бере алмайтындығын көрсетіп берді. Өйткені, шикізатқа баға­ның төмендеуі жағдайды на­шарлатып жіберді. Демек, біздің алдағы мақсат өмірдің ауытқуы­на төтеп бере алатын баламалы экономиканы, яғни индустрия­лық экономиканы құру болып отыр. Егер дағдарыс тұсындағы әлем­дік жағ­­дайға назар аудара­тын болсақ, Еуро­па­да оның сынына төтеп бере алған бір­ден бір ел Германия болды. Себебі, оның экономикасының 80 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Бизнестің бұл түрлері осы елдің барлық аума­ғында біркелкі орналасқан. Шағын және орта бизнестің бір ерекшелігі – өзгеріс жағдайына өте бейімділігі. Оның бағыт-бағдарын жедел өзгертуге бола­ды. Ал бізде Кеңес одағы кезінде құрамында 10 мың, 20-30 мыңға дейін адам істейтін алып кәсіп­орындардың көбірек салын­ғаны белгілі. Олар дағдарысқа осал болып шықты. Жаңағы бағдарламаның бір мәнісі, міне, осындай өмір өз­герісіне, сын сәттерге бейімділік таныта алатын жаңа экономи­каны жасау болып отыр”. Ал Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мов жуықтағы Үкімет отырыстарының бірінде үстіміздегі жылдың басты міндеті 2010- 2014 жылдарға арналған индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасын, сонда көзделген ірі инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру болып табылатындығын атап көрсете келе бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ұзақ мерзімді кезеңде Қазақстан экономикасын әртараптандыра отырып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру екендігін айтқан болатын. Сөйтіп 2015 жылға дейін еліміздің ішкі жалпы өнімінің көлемі 7 трлн. теңгеге ұлғай­тылмақ. Бұл дегеніңіз 2008 жылғы ішкі жалпы өнім көлемімен салыстырғанда 50 пайызға өсе түседі деген сөз. Сөйтіп, ел алдына жаңа бесжылдық жоспарын жүзеге асыру міндеті қойылды.  Бесжылдық жоспарлар біздің халқымыз үшін тым бейтаныс емес. Кеңес одағы кезінде “солқылдата соғылсын бесжыл­дық­тың балғасы” деп ұрандатып та жататынбыз. Бірақ “бұл ән кешегіден басқарақ” дегендей, ол “бесжылдықтар” мен бұл “бесжылдықтың” арасында үл­кен айырма да бар. Біз бұл “бесжыл­дықты” жеке тәуелсіз ел ретінде нарық жағдайында жүзеге асырмақпыз. Оның үстіне біздің түпкілікті мақсатымыз бесжылдық жоспарды жүзеге асырумен ғана шектелмейді. Біздің негізгі мақсатымыз – 1997 жылы Елбасы жария еткен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының межелеріне қол жеткізу. Алдымыздағы бесжылдық жоспарлар мен онжылдық бағдарлама осы басты құжатқа бағындырылады. Бұл дегеніңіз біздің алдымызда алысты көздеген айқын мақсат бар деген сөз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. ДАМУДЫҢ ДӘЙЕКТІ ЖОЛЫ Индустрия және сауда  вице-министрі Ерхат ЕСҚАЛИЕВПЕН әңгіме ­– Ерхат Серікұлы, қазақстандық үлесті арттыра отырып, экономиканы индустриялық-инновациялық бағытта дамыту ісі қалай шешілуде? – Өкінішке орай, мемлекеттің көмегінсіз, әсіресе қазіргідей дағдарыс салдарларын ескере келгенде, өндіріс өздігінен дами алмайды. Сондықтан да Үкімет, қаржылық бюджеттік қиындық­тарға қарамастан, отандық бизнесті қол­дау шараларын мақсатты түрде қабылдап отыр. Қазіргі уақытта үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленуде, жеңілдікті қаржылар бөлу жоспарланып, нормативтік-құқықтық база жетілдірілуде. Индустрия және сауда министрлігі қолданыстағы заңнаманы, қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі ағымдағы жағдайға талдаулар жүргізді және осы жұмыстарды жалғастыру үшін Президент тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта күшіне енген “Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне қазақстандық қамтуды дамыту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы әзірленді. Заң Үкімет әзірлеген қазақстандық мазмұнды дамыту бағдарламасының қисынды қорытындысы болып табыла­ды. Оның нормалары арқасында сатып алу мониторингінің бірыңғай тиімді жүйесі, қазақстандық қамтуды есептеу­дің бірыңғай түсініктік аппараты, сон­дай-ақ отандық өнеркәсіпті дамытуды қамтамасыз ету шарттары жасалды. – Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында қазақстандық қамтуды дамытудың қандай проблемалары орын алды? – Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде елдің экономикалық жағдайы ауыр еді, шетелдік инвесторларды жедел тарту үшін мемлекет оларға әртүрлі преференциялар мен жеңілдіктер беруге мәжбүр болды. Иә, шетелдік инвестор­лар Қазақстанға келе отырып, зауыттар, жолдар салды, инфрақұрылымдарды жаңғыртты, өздеріне белгілі бір әлеу­меттік жауапкершіліктер алды. Тәуелсіз­діктің 18 жылында мұнай-газ саласын дамытуға айтарлықтай қаржы салынды. Осы орайда Қазақстан нақты не пайда тапты деген сауал туындайды. Қазақ­станға келген және мемлекеттен жеңіл­діктер алған компаниялар ел экономи­касының және тікелей отандық өндіру­шілердің дамуына нақты үлес қоса алды ма? Мысалы, “Теңізшевройл” компания­сы 2008 жылы құны 7 млрд. АҚШ доллары тұратын екінші буынның жаңа зауытын пайдалануға берді. Зауыт шикі мұнайды тазартуға және дайындауға арналған. “Теңізшевройл” іске қосқан қосымша қуат компанияға жылына мұ­най өндіруді 13 миллионнан 25 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қарашығанақ Петролеум Опе­рей­тинг Б.В. өз зауытының мүмкіндігін кеңейтіп іс жүзінде Ақсай қаласын салып шықты. Дегенмен, жоғарыда атал­ған және басқа да инвесторлардың зауыт салуы, кен орындарында инфра­құры­лымдарды жетілдіруі өз өндірістерін да­мытуға және кен орындарындағы өндіріс қуаттарын арттыруға бағытталған. Келесі бір көңіл аударарлық мәселе – ол қазақстандық мамандарды даярлау. Өткен жылы жер қойнауын пайдалану­шылар ғана кадрлар даярлауға және қайта даярлауға 140 млн. АҚШ долла­рын жұмсауға міндеттеме алды. Осы жерде неге шетелдік компаниялардың топ-менеджерлері арасында қазақстан­дық азаматтар жоқ, неліктен біз әлі күнге дейін мыңдап шетелдік жұмыс күшін тартудамыз деген сұрақ туады. Мысалы, өткен жылы Қазақстанға 30 мың шетелдік қызметкер әкелу жоспар­ланған (2009 жылғы 1 жартыжыл­дықтың қорытындысы бойынша Қазақстанға 17 935 шетелдік жұмыскер тартылған, бұл алдыңғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 40% аз. Бірақ егер жұмыскерлерді санаттары бойынша қарастыратын болсақ, басшылар мен 1-санат жұмыскерлері саны ұлғайғанын көреміз — 12835 адам (71,6%). Қазіргі уақытта “Теңізшевройл” және Аджип ККО оқу орталықтарын ашты, жер қойнауын пайдаланушылар­дың қолдауымен Қазақстан-Британ Техника­лық университеті құрылды. Бірақ, жалпы алғанда кадрлар даярлауға және қайта даярлауға арналған ақшаны жер қойнауын пайдаланушылар жүйесіз жұмсаған, ал мемлекет оларды игеру тиімділігінің мониторингін жүзеге асыр­маған. Жағдайды өзгерту үшін мем­лекеттің де, сол сияқты жер қойнауын пайдаланушылардың да мақсатқа бағытталған күш-жігерлері қажет. Тағы бір қызықты жәйт, Қазақстан­ның 18 жыл тәуелсіздігі кезінде нақты қанша сервистік компанияның пайда болғандығына қатысты. MІ Swaco “Гербицид” ЖШС-мен бірлесіп химия­лық реагенттер шығаруды жоспарлады, Sсhlumberger ҚМГ еншілес компания­сымен бірлесіп цемент шығара­тын “Кос Цементинг” ЖШС құрды, Hallіburton “Теңіз сервис” ЖШС-ның өнеркәсіп базасының аумағында орналасқан бұрғылау ерітінділерін дайындау цехын ашты, сондай-ақ Қазақстандық мұнай және газ институтымен бірлесіп Қазақстанның геология­лық ақпаратын сақтау бойынша деректер базасын құрды. 2007 жылы “ҚазСтройСервис” ҰТҚК” ЖШС KeppelFels бірлесіп “Keppel Kazakhstan” ЖШС-ны құрды. Негізгі қызметі оффшор­лық бұрғылау платформасын, палубалық құрылғыларды, ко­рабльдер мен мамандандырылған кемелер жасау бойынша қызмет­терді ұсыну. Осы мысалдар ше­­тел­дік инвесторлардың экономи­каға тигізген оң әсерін көрсетеді. Бірақ бұл да Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушылардың 18 жыл қызметіндегі инвести­циялары ауқымында елеусіз болып қалады. Өздерінің ұзақ мерзімді жобалары бойынша қызметін жүзеге асыратын ТШО, КПО, Аджип сатып алулары өндіруші компаниялардың жалпы сатып алуларының 40%-ын құрайды. Сондықтан да тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді көптеп жеткізулер шетелдік компаниялар үлесінде. Ал егер бастапқы кезден инвесторлар қазақстан­дық мердігер компанияларды тартқан болса, бүгінгі күні рыноктағы сұранысты қана­ғаттандыра алатындай сенімді отандық компаниялар пайда болар еді. Бірақ, жер қойнауын пайдаланушы­лардың ірі кен орындарын игерулерінің орташа мер­зімді және ұзақ мерзімді жоспарлары, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жүргізілген және жоспар­ланған сатып алулары туралы ақпарат­тар­ға қол жеткізу отандық өнім жеткізу­шілер үшін күрделі болып отыр. Бұған қоса, осы ірі операторлар бас мердігер­лер ретінде біздің отандық компания­ларды тарт­пайды, сонымен қатар осы операторлар­дың бір де біреуі ірі жобаларды қазақстандық компанияларға беруді көзде­меген, олар өнді­рістегі қиын ең­бек жағдайын сылтау етеді. Осы­лар­дың сал­да­рынан 18 жыл ішінде Қазақ­станда әлі күнге дей­ін кен орын­дарын дайындау бой­ынша бас мер­дігер бо­ла­­тын­­дай отан­дық сер­вис­тік ком­пания құрылған жоқ. Оның себебі, қазақстандық компа­ниялар техникалық әлсіз жасақталған және шетелдік кәсіпорындар үшін іскерлік қатынастары қалыптасқан шетелдік компаниялармен жұмыс жасау ыңғайлырақ болды. Екіншіден, эконо­мика көтерілген уақытта көптеген әлеуетті кәсіпорындар пайдалы құрылыс бизнесіне кетті. Үшіншіден, қазақ­стандық қамтуды дамыту бойынша нақты заңнама талаптары жоқ еді. Бұрын қол қойылған келісім-шарттарда жергілікті қамту бойынша міндеттемелер белгіленді және барлығы тек қағаз жүзінде ғана қалды, яғни “жергілікті қамту” ұғымы Қазақстанның резидент­тері болып табылатын компанияларды білдірді. Көбіне-көп шетелдіктер, сол сияқты қазақстандықтар да іс жүзінде импорттық жабдықтар жеткізетін компанияларды құрды. Қазақстандық қамтуды ілгерілету ісін бүтіндей “айналып өту” жағдайлары орын алды. Халықаралық тәжірибеге сәйкес шетелдік инвесторлар үшін қолдан жайлы жағдайлар жасалған кез де болады. Енді бұл уақыт өтті. – Бұл сонда неден көрініс табады? – Бұл бизнес қоғамдастықтар, оның ішінде, әсіресе біздің табиғи ресурста­рымызды өндіруді және экспорттауды жүзеге асыратын компаниялар мемле­кет­пен Қазақстан экономикасын дамыту жөніндегі жауапкершілікпен бөліседі деген сөз. Бұл барлық өркениетті елдерде қалыптасқан дәстүр. Ол нені білдіреді? Бұл — жұмысқа қазақстан­дықтарды белсенді тарту, олардың білік­тілігін арттыру, еңбекақыны шетелдік әріптестерімен бірдей төлеу, өз жобала­рын іске асыру үшін қазақстандық жабдықтар сатып алу. Жұмысқа қазақстандық компания­ларды тартуға, мысалы, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-тың мұнай-газ мәшинелерін жа­­сауды дамытуға жәрдемдесу бағдарла­масы қызмет етуі мүмкін. Оның шең­берінде компания жыл сайын отандық компанияларға тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуге тапсырыстар орналастырады. Қазақстанда қазіргі заманғы талапқа сәйкес келетін, халықаралық сапа стандарттарына жауап беретін және батыс компаниялармен ынтымақтастық тәжірибесіне ие тауарлар өндірісі жолға қойылған. Мәселен, “Петропавл ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ, “Шығыс мәшине зауыты” АҚ бұрғылау қондыр­ғыларын шығарса, “Алматы ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ, “С.М. Киров атындағы мәшине жасау зауыты” АҚ, “Целингидромаш” ЖШС, “Каспий­МұнайМаш” АҚ мұнай сораптарын шығарады. Сораптық-компрессорлық құбырлар “Белкамит” БК” АҚ, “ЗИКСТО” АҚ, “Ақтөбе мұнай жаб­дығы зауыты” ЖШС, “Батыс Қазақстан мәшине жасау компаниясы” АҚ-та, ұңғылық құрылғылар “КаспийМұнай­Маш” АҚ, “Технологиялық жасақтау зауыты” ЖШС-да, құбырлы өткізгіштер, қазандықтар мен өзге сыйымдылықтар үшін крандар “Мұнайаспап” және басқа кәсіпорындарда шығарылады. Инвестицияларды табысты салудың бір мысалы ағымдағы жылы Павлодар қаласында құбыр өнімдерін шығару жөніндегі жаңа металлургиялық зауыт­тың іске қосылуы болып табылады. “Паритет-ПВ” зауыты түрлі диаметрдегі 100 мың тонна құбыр шығарады. Тік жікті құбырлар өндірісі ұқсас шетелдік өнім импорты көлемін төмендетуге мүмкіндік береді. 2007 жылдың басында мұнай-газ саласына әртүрлі диаметрдегі жіксіз болат құбырлар шығару жөнінен “KSP Steel” ЖШС іске қосылды. Бүгінгі күні компанияның өнімдерін мұнай-газ өндіру және геологиялық барлау ком­паниялары нысандарында Қазақ­станның мәшине жасау және өнеркәсіптік кәсіпорындары құбырлы өткізгіштер жасауда табысты қолдануда. Қазақстанда өнімдерді тек ішкі рынокқа жеткізіп қоймай, сонымен қатар экспортқа шығаруға қабілетті кә­сіпорындар да бар. Олар— “Алматы ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ, “Белкамит” БК” АҚ, “Батысқазақстандық мәшине жасау компаниясы” АҚ, “Каспий маңы мәшине жасау кешені” ЖШС және басқалар. Осылайша, жер қойнауын пайдала­нушылар талап ететін өнімдерді Қазақ­станда өндіруге мүмкіндік бар. Әрине, қазақстандық кәсіпорындарға MІ Swaco, Sсhlumberger, Hallіburton кәсіпорын­дары­нан үлгі алып және сапа менедж­мен­тін енгізудің халықаралық стандарт­тарын игеру, жаңа техноло­гиялар, озық ғылыми әзірлемелер, өндірістік сер­тификаттар, инженерлік-техникалық кадрларды дайындау және қайта оқыту бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. – Заңға қайта оралсақ, оның мәні неде және ол күшіне енгенде не өзгеруі мүмкін? – Оның мәні құқықтық кеңістік, іргетас қалай отырып, оның көмегімен экономиканың үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы бойынша саяси басшылық белгілеп берген жоспарларды сенімді және тиімді іске асыру. Қазақстандық қамтуға қатысты мәселелерді оңтайландыру және термин­дерді біркелкі айқындауды шешу үшін бірыңғай түсініктік аппарат құрылды. Мысалы, бұрын “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заңда қазақстандық өндіруші Қазақстанда шығатын тауарларды өндіретін, жұмыс­тарды орындайтын және қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары ретінде түсіндірілген болса, ал аталған құжатта негізгі ұғымдардың редакциясы дәл осы бөлікте нақты­ланған. Енді қазақстандық тауар өндірушілер Қазақстан Республи­касының аумағында тауарларды шығара­тын Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары ретінде түсіндірілетін болады. Бұл ретте Қазақстанда шығарылатын тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында оның шығу тегін растайтын, ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификаты берілген тауар болып табылады (“CT-KZ” үлгілі). Отандық тауар өндірушілерге “CT-KZ” үлгілі сертификаты беріліп конкурсқа қатысу кезінде шартты жеңілдік ұсынылады. Заңның түсініктік аппаратына сәйкес, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді ұсынушылардың мәрте­бесіне Қазақстан заңнамасына сәйкес құрылған, оның аумағында орны бар, қызметкерлердің жалпы санының тоқсан тоғыз пайызынан кем емес республика азаматтары пайдаланатын Қазақстан Республикасының азамат­тары және (немесе) заңды тұлғалары ие болады. Үкімет негізгі тапсырыс берушілерге, мемлекеттік органдарға, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғаларға, жер қойнауын пайдаланушыларға тауар­ларды, жұмыстар мен қызметтерді қа­зақстандық қамту бойынша белгіленген міндеттемелерді айқындайды. Сон­дықтан тапсырыс берушілер өнімді сертификатта көрсетілген қазақстандық қамту үлесі жоғары қазақстандық өнім жеткізушілерден сатып алуға ынталы. – Тапсырыс беруші заңнамада көзделген нормаларды сақтамағаны үшін қандай жауапкершілікке тартылады? – Заңнамада конкурстық баға ұсынысына ықпал ететін өлшемдерді қолдану бөлігінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мұндай норманы қабылдау Қазақ­станның заңнамасын сақтау қажеттілігі туралы, оның ішінде, тауарларды, жұ­мыс­­тарды және қызметтерді қазақ­стандық өндірушілерді қолдау шара­ларына қатысты сөзсіз қолдануға қатысты көптеген тапсырыс берушілерді ойлантуға мәжбүр етеді. Бұдан өзге, жер қойнауын пай­даланушыларға конкурсты тек Қазақстан Республикасының аумағында өткізу жөнінде, сондай-ақ сатып алулар туралы барлық ақпаратты, “Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүр­гізу кезіндегі және олардың өндіру­шілері пайдаланатын тауарлардың, жұ­мыстардың және қызметтердің тізілімі” мемлекеттік электронды жүйесінде орналастыру жөніндегі талаптар ен­гізілген. Аталған шара жоспарланатын, ағымдағы және өткізілген жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары туралы уақытылы және үздіксіз ақпараты негізінде талдау ақпаратын беру арқылы нақты отандық тауарларды өндіруші­лерді, жұмыстар мен қызметтерді шығарушыларды қолдауға бағытталған. Осылайша, заң ашықтық жүйесін енгізуді, сатып алу бойынша рәсімдердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде қазақстандық өндірушілерге және жеткізушілерге тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізу конкурстарында шетелдік компаниялармен тең жағдайда қатысуға мүмкіндік береді. Құқықтық негізді құру арқасында қазақстандық қамтудың үлесін ұлғайта отырып, отандық тауар өндірушілер санының өсуі және номенклатураны кеңейту үшін алғышарттар жасалатын болады. – Жергілікті қамтуды дамыту өте күрделі міндет екені түсінікті. Бір ғана әкімшілік шараларымен ықпал ету жеткілікті ме? – Қосымша тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бәсекеге қабілетті өндірісін дамыту үшін барынша күш жұмсау қажет. Бұл үшін, қазақстандық қамтудың үлесін ұлғайту бойынша мем­лекеттік саясатты іске асыру шең­берінде, мемлекет үдемелі индустрия­лық-ин­но­вациялық даму бағдарла­масында жо­баларды жеңілдікпен қаржыландыруды, салық және кедендік ынталандыру шараларын, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуге, тапсырыс беруші тарапынан сұранысқа кепілдік беруді қамтамасыз етуге дайын. Осындай жолмен, яғни мем­лекеттің қолдауымен отандық өндірушілердің рынокты бәсекеге қабілетті сапалы өніммен толтыруларына нақты мүмкіндік туады. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ. ҮЛКЕНДЕГІ ҮЛКЕН ІС Президент Нұрсұлтан Назар­баев бүгінгі жаһандық дағдарысқа қарсы қолға алынған бағалы бастамалар жиынтығын өткен жылғы Жолдауда нақтылап, билік басындағыларға міндеттеген еді. Сонымен бірге, құнды құжатта инвестициялық жобаларды қар­жыландыру және іске асыруды жалғастыру мақсатындағы жұ­мыстардың жүйелілігіне де назар аударылған-ды. Экономиканы жаңғырту мен халықты жұмыспен қамту стратегиясы негізінде қолға алын­ған жобалар бүгінде өз шешімін тауып отыр. Осыған орай Алматы облысында да жаңа ғасырдың құрылысы ретінде Мойнақ ГЭС-інің құрылысы тиянақты жүргізі­ліп, келесі жылы жетісулықтар оның алғашқы игілігін көретін болады. Ал, Алматы және Жам­был облыстарының шекараларын жалғаған Үлкендегі Балқаш жылу электр стансасын салу арқылы тағы да энергетика сұранысына деген тұтынушы талабын қанағаттандыру көзделіп, аталған нысан Үкіметтің 2007 жылғы электр энергетикасы дамуының 2015 жылға дейінгі бағдарламасы негізінде бекітіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елі­міздегі серпінді жобалар тізі­міне енгізілген энергия өндіруші жобалардың алдыңғы қатарында саналатындығы. Оңтүстік Қазақстан ГРЭС-нің құрылысы басталуына байла­нысты 1986 жылы Үлкен кентінің құрылысы басталып, оған 47399 гектар жер телімі бөлінген. Бүгінде мұндағы халық саны 2000-ға жуық. Олар баспанамен толық қамтылса, бір кездері көшіп кеткен отбасылары бес және тоғыз қабатты алты үйдегі пәтерлерді жөндеп, қайта қоныстануда. Олардың көбі энергетик мамандар. Қазіргі кезде аталған елді мекен­де жауапкершілігі шектеулі серіктестер құрылып, оның қатарында  “Прибалхашское ТЭС” еліміздің оңтүстігі мен сол­түстігін қуат көзімен қамтамасыз етуде. Аталған мекемеде “ПС-500” қосалқы стансасы үлкейті­ліп, 500 кв. жаңа электр қуаты­ның жүйесі іске қосылған. Ха­лық­тың негізгі табысы мен күнкөрісі “Үлкен-балық”, “Фиш Маркет”, “Абулхайыр” кәсіпорын­дарында балық өнімдерін өңдеумен айналысу арқылы толығуда. ИСО сапа стандарты бойынша жұмыс істеген кәсіпорында ауланған балық өңделіп, Германия, Бельгия, Франция, тағы басқа шетелдерге жөнелтілуде. Жергілікті тұрғын­дардың еңбек етіп, мәдени дема­луына мүмкіндігінше жағдай жасал­ған. Осыған қарамастан үлкен­діктер Балқаш жылу электрстанса­сының құрылысының басталуына қызығу­шы­лық танытып, оны асыға күтуде. Серпінді жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі еліміз­дегі алдыңғы қатарлы “КазНИП­­Иэнергопром” жобалау институ­тында жасалып, Балқаш көлінің оңтүстік батыс жағалауынан бой көтереді деп жоспарланған. Қазіргі кезде құрылыс жүргізілетін 6566 гектар жер телімі бөлініп, заңдас­тырылып, ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда. Жобаның мақсаты – “Сол­түстік-Оңтүстік” электр энергиясы транзитінің ортасында болғандық­тан жұмыс істеп тұрған  электр же­лілерінің өткізу мүмкіндігін артты­рып, қуат көзіне деген сенімділікті нығайту. Құнды жобаны іске асыру үшін өткен жылы Корея Респуб­ликасының SAMSUNG және KEPCO компа­ниялары және ко­рея­лық консор­циум­мен негізде­мелік келісімге қол қою арқылы жол ашылды. Осылайша, Үкіметтің мемлекеттік жобаға қатысу үлесі 25 пайыз болып белгіленді. Оны қаржылай айтқанда 180 млн. АҚШ доллары (27 млрд. теңге). Ал, Корея консорциумы жобаның 70 пайызын 1,7 млрд. доллар кө­лемінде қар­жыландыруды көздеп отыр. Аталған алып құрылыстың қуаты 1320 МВт. жалпы құны 2405 млн. долларды құрайды. Жылу электр стансасының бірінші бло­гын (660 МВт) 2009-2014 жылдары пайдалануға беру көзделсе, екінші блогын іске қосу 2015 жылдың еншісінде. Өткен жылдың соңғы айларында серпінді жобаны іске асыру мақсатында “Балқаш ЖЭС” акционерлік қоғамы негізгі құжаттарға қол қойып, оны бастау үшін құрылыс алаңын таза ауыз сумен, электр энергиясымен, құры­лыс материалдарымен және тех­нологиялық жабдықтарды тасымал­дау үшін темір жолмен қамтамасыз ету қажеттігі анықталып, осы атал­ған нысандардағы жұмысты бастау жоспарланды. Тендер өткізіліп, жұмысты жүргізуші мердігерлер анықталған. Қазіргі кезде Балқаш көлінен ауыз су құбырын тарту, Қайраткөл темір жол стансасын кеңейту және кіреберіс темір жолды реконструкциялаумен қатар, кенттегі шаруашылық-тұрмыстық канализацияларын, Балқаш көлі­нен сужинағышты қайта жаңғырту, буландырғыш тоған салу, тағы басқа жұмыстар жалғасуда. Ал, стансаның негізгі құрылысы биылғы жылдың маусым айында толық жалғасып, келісім бойынша мердігерлердің тең жартысын қазақстандық мамандармен толықтыру көзделген. Құрылыс басталған кезде 3500 адам, ал толық қызғанда 7500 әр­түр­лі мамандықтағы сәулетшілер жұ­мысқа тартылса, ол іске қосыл­ғанда 800-ге тарта инженер-техниктер, тағы басқа әртүрлі мамандық иелері тұрақты жұмыс істейтін болады. Үлкен кентінің – келешегі де үлкен.  Бүгінде тұтынушы талға­мын қанағаттандыратын орта және шағын кәсіпкерлікпен айналыса­тын­дардың қатары да өсе түскен. Үлкен кентінің әкімі Болатай Рахимов Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруда өзіне міндеттелген жұмысты тиянақты атқарып келеді. Ауылдың көркеюі­не Дүйсебай Боранбаев, Мейрам­құл Қашқынбеков, Татьяна Ступак, тағы басқа кәсіпкерлердің қосқан үлестері қомақты. Мұнда орта мек­теп, емхана тұр­ғын­дардың ден­сау­­лығы мен бі­лімге деген құш­тар­лығын шың­дауда талап тұр­ғысынан көрініп келеді. Өт­кен оқу жы­лында “Алтын белгі” алған тү­­лек­тер мен мек­теп бітірушілер мем­ле­кеттік грантты иеленіп, білім­дерін жоғары оқу орнында жалғас­тыруда. Жоғары оқу орнын бітіріп, туған ауылына қайтып келген ағайынды Мұсатаев­тар, Игорь Руфин, Денис Косья­нов, Андрей Котов және басқа энерге­тиктер осында еңбек жолда­рын бастап, ғасыр құрылысына жастық жалын­дарын жұмсауды көздеп отыр. Серпінді жобаның келешегінен үміт күткен халық өмірлерін оны­мен тығыз байланыстыруда. Өйт­кені, жылу электр стансасы халықты жұмыспен қамту­ымен бірге олардың әлеуметтік-тұр­мыстық жағ­дайын көтеру мә­селесін шешеді, жаңа инфра­құ­рылымдар пайда болып, жас­тар есебінен ма­ман­дар даярлау­ға мүмкіндік туаты­нын көрсетеді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.