Фото: Максим Золотухин
Әлеует пен тәуекел таразысы
Қалай десек те, бүгінде елімізге келетін туристер қатары өсе бастағаны қарапайым көзге де байқалады. Бірақ саяхатшылар легі әлі де тұрақты емес. Шетелдіктердің ағылуы көбінесе жекелеген іс-шараларға байланысты екендігін былтырғы оқиғалы туризм бағыты айғақтап берді. Жаһан жиһанкездерін елге тартуға қандай факторлар әсер етеді десек, әлемдік өнерпаздардың концерті, көрмелер, мәдени, спорттық іс-шаралар алдыңғы қатарға шығады. Мысалы, былтыр «Қайрат» футбол клубының өз алаңындағы 4 ойынына 4 мыңнан аса қонақ шақырылып, шамамен 3 млрд теңге көлемінде пайда әкелген. «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде «eQonaq» жүйесі небәрі 3 күнде 5 221 туристі тіркеген. Мұның барлығы тек осы матчқа арнайы келмеуі де мүмкін, бірақ басым бөлігі футбол жанкүйерлері екені сөзсіз.
Бұл тұрғыда Димаш Құдайбергеннің халықаралық танымалдылығын, еліміз туралы промо-ролигін, елдің табиғи, мәдени әлеуетін де назардан тыс қалдыруға болмайды.
Қазірде елге келген қонақтар санын Қытай бастап тұр – 1 411 адам. Одан кейінгі тізімде ретімен Ресей (969), Үндістан (365), Оңтүстік Корея (249), Өзбекстан (246) орналасқан. Орта есеппен алғанда, туристер шаһар экономикасына шамамен 7,8 млн доллар құйған. Бұл көрсеткіш ресми қонақүйлер мен орналастыру орындарына тоқтағандарға ғана қатысты. Жеке пәтерлер мен туыстарының үйін жалдағандар қаншама?
Алматы әзірге негізгі туристік хаб болып қала береді. Былтыр қалаға 1,8 миллионнан аса саяхатшы келді. Осы орайда туристік келешегі зор Түркістан, Шымкент, Ақтау қалаларын, Маңғыстау өңірін, Бурабай мен Қонаев қаласына қатысты жұмысты жандандыра түскен жөн. Себебі бұл бағыттар 2-3 күндік қысқа сапарлар форматында сұранысқа ие әрі әуежайлардан бастап қонақүйлерге дейінгі жаңа инфрақұрылымдық жобалармен нығайтылып жатыр.
Осы саланың мамандары бір ғана турист бүкіл сапарында шамамен 1 400 долларын қалдырып кететінін айтып жүр. Соған қарамастан, еліміздің ІЖӨ құрылымындағы туризмнің үлесі аса көңіл көншітпейді (шамамен – 3,2%). Бұл әлемдік орташа деңгейден төмен, оны 5-6%-ға, тіпті одан да жоғары межеге жеткізуге мүмкіндік бар. Олай болса, алдағы уақытта оқиғалық туризмді дамытумен қатар, Қонаев қаласында халықаралық әуежай ашу, Ақтау, Түркістан, Шымкент қалаларына халықаралық әуе рейстерін көбейту арқылы Алматыға түсетін салмақты азайтып, 1-3 күндік туристік бағыттар ұсыну кезек күттірмейді. Оған қоса ағылшын тіліндегі навигацияны дамыту мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Басты ұстаным – қауіпсіздік
Мемлекет басшысының Алматыдағы тау кластерін басым бағыт ретінде атап өтіп, дамыту жөнінде тапсырма беруі шетелдік туристерді бұрынғыдан да тағылымды оқиғаларға тартып, алматылықтардың демалу мәдениетінің қалыптасуына қаншалықты серпін бере алады? Осы орайда 1995 жылдан бері жұмыс істейтін «Shymbulak» тау шаңғысы мектебіне назар аударыла бастағанына тоқтала кетейік. Барынша қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген мектепте былтыр шамамен 30 мыңдай сабақ өтіп, талай адам тау шаңғысымен де, сноубордпен де алғаш рет осында танысқан. Өйткені қазір мегаполисте демалыстың белсенді түріне қызығатындар көбейе бастады.
– Тау шаңғысы спорты қазір жаттығу ғана емес, отбасыңмен келіп демалатын үлкен хоббиге айналды. Маусымның қызған кезеңінде мектеп күн сайын 300-500 сабақ өткізеді. Мұнда оқуға ниет білдірген кез келген адамды қабылдай береді. Балалар үш жастан бастап оқиды, ересектердің жас шамасына шектеу жоқ. Менің ең жасы үлкен шәкіртім 87 жаста болса, ең кішкентай оқушым – өз қызым, оған алғаш рет 11 айлығында шаңғы тебуді үйреттім. Дұрыстап оқытса, мұны кез келген адам үйреніп кетеді. Бірақ қауіпсіздік бірінші орында тұруы қажет. Денсаулығында кінәраты бар адамдар алдын ала дәрігерге қаралғаны жөн, – дейді «Shymbulak» курортындағы тау шаңғысы мен сноуборд мектебінің жетекшісі Николай Хан.
Сабақтың барлығын нұсқаушылар сырғанауға арналған оқу-жаттығу алаңдарында өткізеді. Сырғанауға төселіп, трассада емін-еркін жүйткуге 3-5 сабақ жеткілікті. Бірақ жоғары деңгейге жету үшін үзбей жаттығу керек. Туристер көбейіп келе жатқандықтан, бұдан басқа амал жоқ. Себебі сырғанауға машықтанған адам оқыс оқиғаға тап болып, жарақат алудан сақ жүреді.
Тау кластерінің дамуы білікті нұсқаушыларға деген сұранысты да арттырған. Олардың саны көбейгенімен, сұранысқа ілесе алмайтындықтан, мамандарды даярлау мен біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлініп отыр. Николай Хан балаларға, оқушылар мен студенттерге арналған бағдарламалар адамды жастайынан тауға жақын етіп, қысқы спорт түріне қызығатындардың санын арттыруға мүмкіндік беретінін де айтады.
– Шаңғы тебу мектебіндегі сабақтың бағасы формат пен оқушының санатына байланысты. Мысалы, балаларға арналған жеке сабақтар 10 мың теңге болса, ересектерге 15 мың теңгеден басталады. Топтық сабақтар арзанырақ, әр адамға 8 мың теңгеге түседі. Әдетте, құрал-жабдықтар сабақтың бағасына кірмейді, курорттағы жалға беру орындарынан бөлек алынады. Мектепте балалар мен жасөспірімдерді тау шаңғысы спортына тартуға бағытталған әлеуметтік, мектептік, топтық бағдарламалар да бар. Олардың форматы мен шарты маусымға байланысты өзгеруі мүмкін, – дейді маман.
Мемлекеттік саясат пен Алматыдағы тау кластерін тоқтаусыз дамыту – алдағы 5-10 жылда «Shymbulak-ты» халықаралық деңгейдегі танымал курортқа айналдырып, еліміздегі тау шаңғысы спортын бұқаралық сипатқа ие етуге тиіс. Осы орайда мамандар тау кластеріне алдымен дамыған инфрақұрылым мен кәсіби нұсқаушылар ауадай қажет екендігін алға тартады.
Құтқарушылар қызметі күшейтілді
Тау туризмін түлетудегі тағы бір түйткіл – қауіпсіздік. ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жыл сайын БАҚ арқылы қауіпсіздік шаралары туралы ескертуге мәжбүр. Өйткені Алматы тауларында адасып кеткен, үсікке шалдыққан туристер аз емес, тіпті соңы қайғылы оқиғаларға ұласқан жағдайлар да кездеседі. Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде ТЖМ РЖҚЖ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушылары Әділхан Балтабай мен Вадим Пак биыл қыста өткен жылдарға қарағанда қар аз түссе де, жауын-шашыннан соң қар көшкіні жүруі әбден мүмкін екенін ескертті. Құтқарушылардың айтуынша, еңістігі 30-45 градустан асатын беткейлер, қар басқан жерлер мен қар жауғаннан кейінгі жел өтіндегі беткейлер – ең қауіпті аймақ. «Сондықтан топ болып жүрген кезде арақашықтықты сақтап, қауіпті жерлерден бір-бірлеп, аса сақтықпен өту қажет», дейді мамандар.
Қазірде Алматы тауларында қиын жағдайға тап болғандарға дер кезінде көмек беретін жаңа құтқару қосындары мен деполар орнатылып, кезекшілік бекеттері ашылып жатыр. Биылғы қыста шамамен 20 құтқару операциясы жүргізіліп, 25 адам құтқарылған, бес адамға психологиялық көмек көрсетілген.
Құтқару қызметінің өкілдері мүлде қауіпсіз деп есептелетін аймақтарды бөле-жарып атау қиын екенін, себебі таулы жерлердің әрқайсысы өзінше қауіпті екенін айтады. Әсіресе дайындықсыз келіп, бірден тауға бет алатын туристер жайсыз жағдайға жиі тап болады.
«Қазір қаланың мамандандырылған таулы аймақтарында төрт құтқару бөлімшесінің мамандары тәулік бойы кезекшілік атқарады. Құтқару бекеттері Тұйықсу лагері, «Медеу» тау-шаңғы курортының аумағында, Үлкен Алматы мен Шыбындысай (Бутаковка) шатқалдарында орналасқан», дейді Ә.Балтабай.
Құтқарушылар тауға шығар алдында өзімен бірге азық-түлік қорын, дәрі-дәрмек, жылы киім, ауыстыратын аяқ киім, байланыс құралдары, GPS-құрылғылар мен қуаттағыш (пауэрбанк) алып жүру қажеттігін, сондай-ақ маршрут пен қайтып оралатын уақытын жақындарына ескертіп отыру керектігін түсіндіреді.
АЛМАТЫ