Еліміздегі ең суық нүкте саналатын осы елді мекендегі бір отбасына Елбасының өзі трактор сыйға тартыпты дегенді естігенбіз. Жуықта Марқакөлге сапарлап барғанымызда Шанағатыға жол түсіп, Президенттің өз қолынан көлік алған отбасы мүшелерімен аз-кем тілдескен едік. «2009 жылы маусым айында бізді отбасымызбен Семейге шақырып, Күршім ауданының әкімдігі арнайы көлікпен алып барды. Сол жерде Нұрсұлтан Әбішұлы күйеуім Юрий Тереньтевке «МТЗ 80» маркалы трактордың кілтін табыс етті. Шынын айтқанда, қатты қуандық. Ауылды жер үшін трактор дегеніңіз таптырмайтын көлік қой. Мал ұстаймыз. Оған жем-шөп әзірлеу керек дегендей. Тракторсыз ешқандай шаруа бітпейді. Мемлекет басшысының өзі тарту еткен ерекше сый болғандықтан бұл тракторға айрықша жауапкершілікпен қараймыз, күтіміне көп көңіл бөлеміз», дейді Юрий Тереньтевтің жұбайы Мария.
Елбасының таңдауы бұл отбасына бекерге түспесе керек. Қоңырқай ғана тіршілік кешіп жатқан Юрий мен Мария 7 бала тәрбиелеп өсіріпті. Бүгінде немере, шөбере сүйіп, қолдарын жылы суға малып отырған жайлары бар. Ресейдің Перьмінде туған отағасы осы өңірге әскерге келіп, сол бойы Қабада қалып қойса керек. Қазақпен қыз алып, қыз беріскен отбасы Шанағатыдағы немерелерінің барлығы қазақшаға судай екенін мақтана айтады. Олардың қазақшаға жүйрік болғаны сонша, кейде бірін-бірі түсінбей дал болады екен. «Женя деген немерем бар. Биыл бесінші сыныпқа көшті. Кішкене кезінде бір күні «Апа, маған тістеуік бер» дейді. Мен оны түсінбей, «қазақша ұқпаймын, орысша айт» деймін. Ол орысшасын білмейді. Сөйтсем тырнақалғыш сұрап тұр екен. Тағы бір күні далада жүріп, қайдағы бір көбелек үшін дауласпасымыз бар ма? Мен: «бұл – бабочка» деп болмаймын. Немерем: «Жоқ, апа, қайдағы бабочка, бұл – көбелек» деп бет бақтырмайды. Кейде немерелерімізбен арамызда осындай қызықтар болып тұрады», деп жымияды зейнеткер.
Бұл отбасының қазақшаға судай немерелерінің бірі бүгінде Өскемендегі Қазақстан-Америка университеті колледжінің 3-курсында оқитын Сергей Шевен біз барғанда ауылда жүр екен. Ол Шанағатыдағы мектепте 9 жыл қазақша білім алыпты. «Қазақ тілін үйрену қиын емес пе?», деп сұрадым. Сұрауын сұрасам да, іштей «әрине, қиындау, бірақ ниет етсең үйренуге болады», деген жауыр болған жауапты еститін шығармын деп болжағам. Жоқ, Сергей бұл болжамымның быт-шытын шығарды. «Керісінше, маған қазақ тілінен гөрі орыс тілін үйрену қиын секілді. Өзім үшін орысша сөйлегеннен қазақша сөйлеу жеңілірек. Ағам да, бауырым да қазақшаға жетік. Қазір таңғалмайтын нәрсеге таңғалатын болдық қой. Әуелде Өскеменге оқуға барғанымда жанымдағылардың бәрі мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтініме таңғалған. Қазір үйренді. Кейде автобуста ұялы телефоныммен қазақша сөйлессем «мынауың кім?» дегендей қасқыр көрген ешкідей үдірейе қарайтындар да бар», дейді ол. Ана тілімізді ардақтаған бозбаланың көңілін бір ғана жайт алаңдататын секілді. «Колледж бітірген соң ауылға келесің бе?» деген сауалыма: «Білмеймін. Мектеп жабылып қала ма деп қорқамын. Ауыл мектебіндегі бала саны да, халық саны да азайып барады» деп күмілжи жауап берді. Расында, бұл мәселе жалғыз Сергейді емес, бүкіл Марқакөл жұртшылығын алаңдатып отыр десек артық айтпаған болармыз. Қазір елімізде шекаралық аудандарға ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Сондықтан Марқакөл де назардан тыс қалмайды деп ойлаймыз.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы
Суретті түсірген автор