Бокс • 19 Қазан, 2017

Жақиянов-Барнетт – лайықты қарсыластар

330 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жексенбі күні кәсіпқой бокстағы жеңіл салмақта WBA (Super) белбеуінің иегері Жанат Жақиянов Солтүстік Ирландияның Белфест қаласындағы SSE Arena спорт кешенінде ирландиялық Райан Барнеттпен IBF және WBA белдігінің әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді.

Жақиянов-Барнетт – лайықты қарсыластар

2013 жылы Жақияновтың карьерасында ең маңызды оқиға болды. Дәл сол жылы ол кәсіпқой бокста өз заманында IBF, WBA, IBO белдігі бойынша әлем чемпионы атағын иеленген британдық Рикки Хаттонмен келісімшартқа отырды. Бұл уақытқа дейін отандасымыз 21 жекпе-жек өткізіп үлгерген еді. 20 рет қарсыласынан басым түссе, бір рет ұпай саны бойынша жеңілген-тұғын. Жанаттың 2008 жылдың қазан айында Ресейде ұйымдастырылған жекпе-жекте тәжікстандық Сахиб Усаровтан жеңіліс тапқан еді.

Рикки Хаттонның промоутерлігіне келген соң ол әр жекпе-жек сайын чемпиондық атаққа бір табан жақындай түсті. 2014 жылдың 26 сәуірінде Жақиянов француз боксшысы Карим Гуэрфты бесінші раундта нокаутпен жеңіп, Еуропаның EBU белдігін жеңіп алды. Арадан бес ай өткенде ол ринг төріне қайта көтеріліп, Белоруссияда грузин боксшысы Гаги Эдишерашвилиді бірінші раундтың аяқталар тұсында бүйірінен соққы жасап, шаршы алаңда сұлатып салды. Сөйтіп, EBU чемпиондығының жанына WBC Eurasia Pacific Boxing Council белдігінің қосып қойды. Ал 2015 жылдың жетінші қарашасында Монте-Карлода Венесуэла елінің былғары қолғап шебері Йонфреза Пареходан айласын асырып, жеңіл салмақтағы WBA титулының уақытша әлем чемпионы атағын иеленді. Әлем чемпионы деген атаққа саты-сатысымен көтерілген Жанат Жақиянов осы жылдың ақпан айында АҚШ-та жергілікті боксшы Роши Уорренмен жекпе-жек өткізіп, Бүкіләлемдік бокс ұйымының WBA әлем чемпионы деген белдігін жеңіп алды. Сол кездесудің алғашқы раундтарында Жақиянов екі рет нокдаунға түсіп қалса да, төрешілерге еш күмән қалдырмай, жеңісті жұлып қалған еді. Бұл қазақстандық боксшының АҚШ жерінде өткізген тұңғыш айқасы болатын.

Бұл кездесу отандасымыз үшін екінші чемпиондық кездесу болмақ. Қарсыласы да оңайлықпен жеңілетін боксшы емес. IBF тұжырым бойынша әлем чемпионы атанған Райан Барнетт бүгінге дейін 17 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Сондай-ақ, тоғыз қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірген. Әлем чемпионы атағын иеленгенге дейін британдық Барнетт мексикалық Сизар Рамирес, француз Энтони Сеттол және отандасы Джейсон Бут секілді тісқаққан боксшыларды қоғадай жапырған. Ал осы жылдың маусым айында IBF тұжырым бойынша әлем чемпионы белдігі бар тағы бір отандасы Ли Хаскинспен шаршы алаңда айқасып, белдігін тартып алған. Енді ол араға төрт ай салып, су жаңа белдігін отандасымыз Жанат Жақияновқа қарсы қорғамақ.

Райан Барнетт – өте шапшаң боксшы. Рингте еркін қимылдап, үнемі екі қолын төмен түсіріп жұдырықтасқанды ұнатады. Шабуылға шыққанда әртүрлі соққылар жасап көреді және онысын келесіде қайталамауға тырысып бағады. Ринг бұрышы мен канатқа тығылу арқылы қарсыласын өзіне шақырып, сол сәтте көп соққы жұмсап қалуға ұмтылады. Сонымен қатар, екі қолымен де бірдей жұмыс істеп, қарсы шабуылға иек артатыны да бар.

Шамамен, екі боксшы рингте осылай ойқастайды. Дегенмен, бокста ең бастысы – тәжірибе. Ал тәжірибе жағынан басымдылық Жақияновтың еншісінде. Өзіне соққы дарытпау жағынан да отандасымыз оқ бойы озық тұр. Мұны ол Уорренге қарсы өткен кездесуде көпшілікке дәлелдеген. Бірақ, Барнеттің соққысы америкалыққа қарағанда ауырлау. Жақиянов осыны ескеруі тиіс.

Бір қызығы, Жақиянов пен Барнетт екі жылға жуық Рикки Хаттонның қол астында жаттыққан. Тіпті, екеуі бір-біріне спарринг-серіктес те болған. Бірақ, 2015 жылы Райан Барнетт Хаттонның командасынан кетіп, Адам Буттың қарамағында жаттыға бастады. Барнетт ағылшындық басылымдарға берген сұхбатында Жақияновпен болған спаррингте жеңіліп қалғанын айтқан. «Мен онымен бір-екі рет спарринг өткізіп, тәжірибесіздігімнің арқасында есе жібергенмін. Мен ол кезде 19-20, ал Жақиянов 27 жаста болатын еді. Қазір менің тәжірибем толысып, жасым үлкейді. Бұл жолы мен жеңіске жетемін».

Ал Рикки Хаттон Барнеттің шамасын жақсы білетінін, ол Жақияновты жеңе алмайтынын айтады. «Мен екі жылға жуық Райанды жаттықтырдым. Оның мықты тұстарын білемін. Ол өте талантты боксшы. Бірақ, Жанатты жеңе алады деп ойламаймын. Егер ол Жақияновты бірінші раундтарда соққының астына алмаса, оны қиын кездесу күтіп тұр. Олар бір кездері бірге спарринг өткізген. Бірақ қазір бәрі басқаша. Райан осы уақытқа дейін Жақиянов секілді мықты боксшылармен кездесіп көрген жоқ. Шәкіртім Карим Герфи секілді Еуропа чемпионы, Роуши Уоррен сияқты әлем чемпиондарына қарсы жұдырықтасты. Ал Райанның ең атақты қарсыласы – Ли Хаскинс болды. Бірақ оның деңгейі керемет емес», − дейді Хаттон.

Қорыта айтқанда, бокс спорты шахмат сияқты ғой. Кім ақылды жүріс жасайды, сол жеңіске жетеді. Жақиянов-Барнетт кездесуінде де кім дұрыс тактика ұстанса, сол боксшы жеңеді. Бокс кеші 21 қазан күні 00:30-да басталса, Жақиянов-Барнетт айқасы Астана уақыты бойынша 03:45-ке жоспарланған.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»