Әуелі экономика, сонан соң саясат бағдарын ұсынған Президенттік саясат өзінің өміршеңдігін көрсетті. Осылай ширек ғасыр ішінде Қазақстан қарыштап дамыды. Әлем мойындап қана қоймай, Қазақстан лидерінің пікіріне ден қоя бастады. Бұл тәуелсіздік, егемендік әкелген ұлы тағдыр еді. Міне, осындай сәтте Н.Ә.Назарбаев ұлтына сенді, ұлты Елбасына сенді. Осының арқасында Президент ұлттық құндылықтарды жинастыру мәселесін қолға алды. Әуелі «Тарих толқынында» атты кітап жазды. Онда қазақтың бес мыңжылдық тарихының алтын көмбесін ашты. Сонан соң «Мәдени мұра» бағдарламасын жариялады. Ел тарихы мен мәдениетіне қатысты жәдігерлер жинақталды. Қытай, Еуропа мен Батыс кітапханаларына арнайы экспедициялар жіберіліп, көптеген құнды жәдігерлер табылды. Осылай М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әлемде теңдесі жоқ 100 томдық «Бабалар сөзін» шығарды.
Мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тілі де осындай ұлы саяси екшеу мен талқыдан өтті.
Иә, тіл туралы толқулы сөздер айтқан Н.Ә.Назарбаев ұлт намысын оятып қана қоймай, мемлекеттік тілдің алтын діңгегі туралы аталы сөз айтты.
Рухани жаңғыру міндетті түрде тілмен үйлесім тапқанда ғана биік миссиясын орындайды. Мұны жүзеге асыру үшін өткенді ойлайтын, болашақты болжайтын Н.Ә.Назарбаев революциялық емес, эволюциялық жолды таңдады. ТМД елдері жаппай латын әліпбиіне көшіп жатқанда сабыр сақтады. Мұны біреулер түсінді, біреулер байбалам салудан аса алмады. Кез келген мемлекеттің басшысы қоғамдық ойдың жетегінде кетпеуі керек. Өйткені ол мемлекеттің даму стратегиясы мен тактикасын айқындауға тиіс.
Шынында, егемендіктің алғашқы жылдарында Қазақстандағы саяси-әлеуметтік, демографиялық мәселелер мүлдем бөлек-ті. Өз елімізде өзіміз азшылықта болдық. Өзінің ана тілінен қол үзген 4 миллионға жуық қазақ бар еді. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев кәсіби көреген саясаткер ретінде қоғамдық ойдың жетегінде кетпеді, қайта қоғамға бүкпесіз шындықты айтты. «Кімге күш көрсетеміз? Жан-жақты көршілермен қырғи-қабақ болып ертеңгі күні елімізді үлкен-үлкен ұлттарға, елдерге қарсы қойып, талан-таражға түсірсек, тіл тұрмақ бас қайғы болады. Шыдау керек. Көпірден өтетін уақыт онша көп емес. Бір он бес-жиырма жыл уақыт керек». Бұл сөзді Нұрсұлтан Әбішұлы 1992 жылғы 26-қарашада «Қазақ тілі» қоғамының екінші құрылтайында айтып еді.
Міне, осы кезеңнен бастап Н.Ә.Назарбаев қазақ тілінің қасиеті туралы сан толғанды: «Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!».
Н.Ә.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен мемлекеттік тілде баяндама жасады. Осылай жаһандану дәуірінің жаңа бір кезеңіне жеттік. Яғни Қазақстан өркениетті елдердің отыздығында болу үшін латын әліпбиіне қайта оралу қажет болды. Осыған орай Қазақстан Президенті латын әліпбиіне көшу мәселесін 2025 жылға дейінгі Қазақстан даму стратегиясына енгізді. Әрі 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшу мәселесін өз Жолдауында жария етті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне көшу замана сұранысы екенін негіздеп берді. Әрі латын әліпбиіне көшуде Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан мен Түркия мемлекеттерінің тәжірибесін жинақтап, Қазақстан жағдайын қолайлы шешуді тапсырды. Сондай-ақ латын әліпбиін жасаудың архитектоникасын белгілеп, нақтылап берді.
Қазір әлемнің 112 мемлекеті латын әліпбиін, 48 мемлекет араб әліпбиін пайдаланады деген дерек бар. Әлемдік банк жүйесі бойынша экономикасы озық, жетілген 30 елдің 22-сі, ал экономикасы дамушы іргелі 10 елдің 7-еуі латын әліпбиін пайдаланады екен. Сондықтан да Н. Ә.Назарбаев айтқан мезгіл келді. Енді кешеуілдеуді көтермейтін уақыт басталды. Қазақстан үш тілді мемлекеттік саясатын жүргізе бастады. Рас, алғашқы кезеңде қиындықтар болуы мүмкін. Ол өтпелі кезеңнің өтпелі сынағы. Сондықтан да Президент ұсынған латын әліпбиіне көшу ұлттың көкпарға салар саясатына айналмауы тиіс. Дәл қазір «Президент біреу, халқы тіреу» болатын сәт туды. Осындай замана сынынан мүдірмей өтетін сәтте Қазақстан халқы бірегейлігін көрсетуі керек деп ойлаймын. Расында кешегі Кеңестер Одағынан түркітектес мемлекеттердің ішінде екі-ақ ел – Қазақстан мен Қырғызстан ғана кириллица аясында қалып отыр.
Латын әліпбиіне көшу қандай да бір өзге тіл мен оның жазуын теріске шығару емес, бұл біріншіден, қазақ алфавитіне реформа жасап, оны жаңғыртуға бағытталған.
Жақында қазақ әдебиетінің классигі М.О.Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай халықаралық симпозиум өткізілді. Сол симпозиумның аясында тарих ғылымдарының докторы, Түркияның Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Абдулақап Қара, Өзбекстаннан келген профессор, Халықаралық Тұран академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Қалдыбек Сейданов, Қазаннан келген профессор, Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының директоры Ким Мугаллимович Миннуллин дөңгелек үстел басындағы өрісті әңгімеге араласты. Мәселе, Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу үдерісі туралы болды.
Өзбекстандық Қалдыбек Сейданов та, ыстанбулдық Абдулақап Қара да латын әліпбиіне көшу ұлттың рухани реформасының құрамдас бөлігі екендігіне назар аударды. Олар өз елдерінде латын әліпбиіне байланысты әр кезеңде әртүрлі кемшіліктер болғанын жасырмады. «Қазақ көш жүре түзеледі» демей ме? Сондықтан да латын әліпбиіне көшу барысында аздаған олқылықтар болуы мүмкін. Бірақ ол өмір тезінен өтеді.
Қоғамға, өмірге, мектепке, жоғары мектепке ене келе кейбір «әттегенайларды» шешу қиынға соқпайтынын айтты қос ғалым. Ал Ким Миннуллин болса кезінде латын әліпбиіне өтудің Татарстанда алғышарттары жасалып, кейін ол Ресей Федерациясы Конституциясына қайшы келетін болғандықтан ол мәселенің жолы жабылып қалғанын тілге тиек етіп, Қазақстанның әлемдік 30 өркениетті елдің қатарына кіру жолында латын әліпбиіне өтуі замана сұранысы екендігіне назар аударды. Шынында, қазақ елінің латын әліпбиі аясында болған үлкен ғылыми-әдеби мектебі бар. Әрі бұл үрдісті Қазақстан жастары қолдап отыр. Өйткені олар интернет жүйесінде жұмыс істейді, ақпарат алмасады. Және қазақ тілінің жаңғырту үдерісіндегі рөлін аша түседі.
Жақында Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобының бір топ мүшелерімен кездесті. Елбасыға жұмысшы тобы қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартты жобасын ұсынды. Кездесу барысында латын әліпбиіне көшудің негізгі-негізгі принципті қағидаттарын Елбасы ерекше ескертті.
«Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыстілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады», деп кейбір қоғамдық додаға түсіп жүрген екіұшты пікірлерге нүкте қойды. 32 қаріптен тұратын жаңа әліпби қазақ қоғамының әлемдік үрдіске лайық білім алатынын жас толқынның өсіп шығуына мүмкіндік беретін болады. Қазақстан балалары ағылшын тілін, интернет тілін жетік білу арқылы әлемдік білім додасында өз орнын берік қалыптастыратын болады. Білім реформасының бір маңызды саласы осыны қамтиды.
Қоғам латын әліпбиіне көшу замана талабы екенін ұқты. Ол үшін білім беру жүйесіне лайық әдістемелік база жасау қажеттілігі туындайды. Сондықтан да Елбасы «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес» деді. Өйткені 300-ден астам ұсыныстан екшеліп алынған жаңа қазақ латын әліпбиі ұлттың әліпбиі болатыны анық. Замана сұранысына қазақ елі жаңа қадам басып отыр.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі