Әдетте әдеби кітаптар туралы жазылған рецензияларды, ой-пікірлерді ғана оқуға етіміз үйренген. Есесіне жаңа оқулықтар жайында ешкім көп жақ аша бермейтіндіктен бізге ол әлем тылсымдағы сырын бүккен қара орман тәрізді елестейтін. Обалына не керек, бүгінде мектеп оқулықтарындағы түйткілдер аз жазылып жатқан жоқ. Өз ойларын ортаға салуда әсіресе, ата-аналар өте белсенділік танытуда. Ал біздің бұл жердегі қозғап отырған әңгімеміз жоғары оқу орындарында оқытылатын оқу құралының сапасы һәм жаңашылдығы хақында болмақ.
Мәселен, атап айтар болсақ, қазір баяғы кеңестік дәуірдегі көптеген оқу құралдары бүгінгі күннің талабына жарамсыз болып қалды. Көбі ескірді, заман үніне сай емес. Қысқасы, «миссиясы» аяқталды. Содан тәуелсіздік таңымен рухтанған отандық ғалымдардың тыңнан түрен салуларына тура келді. Үш тілде жарық көрген оқу құралын парақтап отырған сәтте ең әуелі осы сала бойынша келешекте білім алатын студенттердің, магистранттардың, докторанттардың өздерінің туған ана тілдерінде оқып білім алуларына барынша мүмкіндік туғызылғанына қуандық. Түпнұсқаның орыс және ағылшын тілдеріне аударылып ұсынылуына келсек, мұны оқу құралын тұтынушылардың таңдау құқын елеп-ескеруден туған шешім деп топшыладық. Екіншіден, «Бұл пән Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97, 98-қадамдарындағы жергілікті өзін-өзі басқаруға арналған төмендегі талаптарын орындайтын білімді әрі білікті мамандарды қазірден бастап әзірлеуге бағытталды», дейді оқу құралының авторы.
«Бағдарламадағы: «97. Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру.
98. Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейіндегі жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін болады. Облыс орталықтарында және республикалық маңыздағы қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істейді».
Мемлекет басшысы біздің еліміздің болашақтағы даму негіздерін құруды көздейтін институттық реформаларды таяу арада іске асыруға қатысты «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде (6 қаңтар, 2016 ж) жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға жетелейтін жол» мақаласында берген ұсыныстары 100 қадамдағы міндеттердің іске асырылатынына сенімді болуға негіз болады.
Мақаланың «Мемлекет функцияларын бәсекелесті ортаға және жергілікті өзін-өзі басқаруға беру» тарауындағы талаптардың негізгілерін қарастырсақ:
«Үш сатыда берілетін жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қосымша өкілеттіктер беру орталық деңгейдегі реформалардың заңды жалғасы болуы тиіс.
Бірінші сатыда (2016-2017 жылдар):
- аудан әкімінің аудандық маңыздағы қала, кент, село және селолық округ әкімі лауазымына ұсынатын кандидатурасын одан әрі аудан мәслихатына және сайлау өткізуге енгізу үшін келісу;
- әкімді босату туралы мәселеге бастамашы болу;
- жергілікті қоғамдастықты дамыту туралы бағдарламалық құжаттар жобаларын қарау және абаттандыру мен қоғамдық тәртіптің көкейкесті мәселелерін талқылау;
- елді мекендер шеңберіндегі жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуын және жеке тұлғалардың заңсыз иеленуіне жол берілмеуін бақылау;
- қосымша екі салықты – көлік және заңды тұлғалардан жер салығын алу құқын беру жолымен жергілікті өзін-өзі басқарудың салықтық әлеуетін күшейту.
Екінші сатыда (2018 жылдан бастап):
- аудан мәслихаты бекіткен жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін сатылап қалыптастыру;
- жергілікті қоғамдастықтың коммуналдық меншікті басқаруды енгізу;
- бюджетті тұрғындары 2 мың адамнан асатын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін ғана енгізу және оны аудандық мәслихаттың бекітуі;
- «Жергілікті өзін-өзі басқару коммуналдық меншігі» институтын енгізу.
Үшінші сатыда (2020 жылдан) төмендегілер қарастырылады:
- жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органын құру;
- халқының саны 2 мың адамнан кем емес елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» делінген.
Осы шараларды орындау мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау үдерісінің мөлдірлігін арттырады және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға жағдай жасайтыны анық.
Бұл нұсқаулар шын мәнінде ересен өзгерістерге, жергілікті өзін-өзі басқару саласының нақты енгізілуіне бастайды.
...Біз Мырзагелді ағаны көптен білеміз, кеңшар директорлығынан Парламент партасына дейін көтерілген белгілі ғалым рухани жаңғыруымызға ықпал етерлік 30 шақты еңбегі арқылы танымал десек, авторлық пән ретінде ұсынылған мына оқулығынан заман көшінен қалыспайтын жаңашылдығын, ғылымдағы жан-жақтылығын аңғартып отыр.
М.Кемелдің тек соңғы бес жыл ішінде республикалық аттестациялық комиссия тізбесіндегі журналдарға жарияланған ғылыми мақала, конференциялардағы баяндамалар саны – 48, монография, оқу құралдары мен оқулықтары – 14, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген ғылыми-көпшілік мақалалары – 55, рухани адамгершілік мәселелеріне қатысты республикалық басылымдарда жарық көрген мақалалары 111 екен. Әншейінде экономиканың тілі өте ауыр тіл деп жатамыз. Оны қазақы ұғымға салып түсіндірудің өзі оңай шаруа емес. Міне, сол отандық экономист-мамандардың арасында өз ойларын қазақ тілінде мөлдіретіп ақ қағазға мінсіз түсіріп бере алатын жан некен-саяқ. Осы реттен алсақ та, ғалымның елге сіңіріп отырған еңбегі ұшан-теңіз. Мемлекеттік басқару жүйесі туралы қолымыздағы оқу құралының маңызды болатын себебі, Елбасы қойып отырған болашаққа бағдарланған бағыт – жергілікті басқарудың жаңа сатысы, өзін-өзі басқарудың теориялық негіздері мен қалыптасуын көрсететін алғашқы толымды еңбек екендігінде. Президентіміз ұсынған жаңа бағыттарды іліп алып, оны ғылыми еңбекке айналдыруға тиісті Білім және ғылым министрлігі мен Мемлекеттік басқару академиясы бастамашы болатын бұл жұмысты алғаш болып ғылыми айналымға енгізген Мырзагелді Кемелге өмірге бейтарап қарамайтын, болашаққа бағдарланған осынау жаңа бағытқа қол ұрғанына ризалықтан басқа айтарымыз жоқ.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»