28 Қазан, 2011

Бауырлас Түркияға гуманитарлық көмек көрсетті

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Магнитудасы 7,2 балл болған жер сілкінісінен зардап шеккен түріктің Ван провинциясына Қазақстаннан гуманитарлық көмек артқан ұшақ келіп жетті, деп хабарлады Қазақстанның Түркиядағы елшілігі. Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев Түркия Президенті Абдулла Гүлмен телефон ар­қылы сөйлесіп, көптеген адам­дар­дың қаза табуына және ғи­ма­раттардың құлауына әкеліп соқ­тырған Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты Қазақстан халқы және өз атынан көңіл айтқан еді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті сұрапыл апаттан зардап шеккендерге Қазақстанның көмек және қолдау көрсетуге әзір екендігін білдірген болатын. Президент Н.Назарбаевтың тап­сырмасы бойынша 27 қа­занда Қазақстан Республикасы Тө­тен­ше жағдайлар министр­лі­гінің ар­найы ұшағы Түркияның зиян шек­кен аймағына ең қажетті гу­манитарлық жүктен тұратын, оның ішінде 600 орын­дық 60 қыстық шатыр, 60 жы­лыт­қыш пеш, 300 көрпе, 300 матрас, азық-түлік және т.б. зат­тарды жеткізді. Жер сілкінісінен зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек тиелген қазақстандық ұшақты Ерзурум әуежайында Қазақстан­ның Түркиядағы елшісі Ж.Түй­ме­баев және провинцияның бас­шылары қарсы алды. Гуманитарлық жүкті түрік тарапына тапсыру барысында Ж.Түймебаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың түрік халқына және басшылығына деген жылы демеу сөздерін және шынайы күйзелісін жеткізді.