Оның айтуынша, Петропавл № 2 жылу-электр орталығында екі жүз мың тоннаға жуық көмір қоры жинақталған. Әлеуметтік және бюджеттік мекемелер жеткілікті түрде қамтамасыз етілген. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен «Шұбаркөл көмір» АҚ арасындағы келісімшарт аясында тәулігіне 700 тонна көмір жеткізу белгіленген. Тасымалмен «Отын LTD» ЖШС, «Турдыоглы» жеке кәсіпкерлігі де айналысады.
Алайда А.Мусин жағдай қалыпты, көмір тапшылығы болмайды деп қанша сендіруге тырысқанымен, жұртшылық көңілі әлі де алаң. Сатылымға шығарылған 27 мың тонна қатты отынның сапасы сын көтермейді. Әсіресе Қаражыра кенінен әкелінген көмірге шағым айтушылар көп. Қыстан қысылмай шығу үшін 400 мың тоннадан астам көмір қажет болса, жоспар 65 пайызға ғана орындалған. Вагондар жетіспеушілігі де анық байқалады.
Қазір сапасына қарай көмір бағасы 7000-16000 теңге аралығында құбылып тұр. Қалтасы көтере бермейтіндер амалсыз қолға тигеніне риза.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы