Жиын барысында Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры, «100 жаңа оқулық» жобасының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы биылғы жылы аударылып бітуі тиіс 18 оқулыққа жеке-жеке тоқталып, оның маңыздылығын, қазіргі замандағы сұранысына мән берді.
«Қазіргі кезде осы 100 оқулыққа «100kitap.kz» сайты жұмыс істеп тұр. Сол жерде барлық мәлметтер берілген. Таңдап алынған кітаптарды кімдер аударғаны, қанша рет басылып шыққаны бәрі сол жерде тұр» - дейді жоба жетекшісі.
Оның аайтуына қарағанда кітаптар атауының қазақша баламасына қатысты да түрлі ұсыныстар мен нұсқалар болған.
«Мысалы негізгі атауын тура қазақшалағанда көңілге қонымсыз, қазақы түсінігімізге томпақ келетін аудармала болды. Біз солармен көп жұмыс жасадық. Тіпті әлі де кейбір кітаптардың қазақша атауын нақты бере алмай отырмыз. Karen Armstrongтің «A History of God: The 4000-year quest of judaism, christianity and islam» атты туындысы (орысша «История Бога») деген атауды тура аударсақ «Құдайлар тарихы» болуы керек. Ал біздің сенім бойынша тура солай беруге болмайды. Сонымен қатар Elliot Aronsonның «The Social Animal» атты туындысын да қазақша атау тым күрделі. Мысалы «Әлеуметтік хайуан» немесе «Қоғамдық жануар» деп атау қазақы болмысымызға жат» - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Қалай дегенмен биылғы жылға аударылады деп жоспарланған 18 кітаптың аударма жұмысы бітті.
«Қазіргі кезде биылғы жоспарланған 18 кітап аударылып бітті. Енді редакторлар жұмысы жасалып жатыр. Бірақ бұл кітаптар келесі жылдан бастап баспаға жіберіледі. Және бір айта кетерлігі бұл кітаптар латын әліпбиімен басылады деп жоспарлап отырмыз. Елбасы қазақ тілінің латын әліпбиіндегі алфавитінің соңғы нұсқасы қайсы деп бекітіп, қол қояды, сол нұсқамен басылады. Сондықтан латын әліпбиі бекітілгенше бұл кітаптар баспаға дайындалатын болады» - деді аударма бюросының атқарушы директоры.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2017 жылда аударылуға тиіс 17 кітаптың тізімі жарияланған болатын.