Аталған іс-шараны ұйымдастырушы – Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы.
М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының концерт залында өткен іс-шараға ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің, қаламыздағы жастар ұйымдарының өкілдері және елордамыздағы колледждер студенттері қатысты.
«Тіл-достықтың алтын көпірі» байқауы қазақстандық патриотизмді нығайту, мемлекеттік тілдің маңызын және қазақстандық жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ шығармашылық әуелетін дамыту мен оларды рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу мақсатында өткізілді.
Мемлекеттік тілді үйренуге арналған байқауға Астана қаласындағы этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты өкілдері қатысты. Байқаудың бірінші тапсырмасына сәйкес, әрбір қатысушы «Менің Отаным – Қазақстан» атты түсірілімдік маңызы бар деректерге ауызша өзіндік ой-пікірлерін білдірді және одан әрі сынақтарда тіл сауаттылығынан, қазіргі заман әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқудан, шешендік қабілеттерін танытудан және сахнада өзін ұстау шеберліктері бойынша сынақтан өтті.
Беделді әділқазылар мүшелері әрбір қатысушының мәтіндерді көркем оқу шеберлігі мен мақам сауаттылығын бағалады. Сонымен байқаудың ең жас қатысушысы «Юнчи» дүнгендер этномәдени орталығы» ҚБ жастар қанатының өкілі Залина Ибрагимоваға үшінші орын берілсе, «күміс» марапаты «Астана қаласы өзбек этномәдени орталығы» ҚБ атынан қатысқан Мухтарамхон Мамадалиховаға табыс етілді. Мемлекеттік тілді үйренуге арналған байқау жүлдесіне Астанадағы Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы жастар қанатының мүшесі Розалина Махмудова лайық деп танылды. Байқауға қатысушы жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жалпы, қалалық деңгейді қамтыған «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты байқау барлық ұлт жастарының мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілді.