Әуелі Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институты болып құрылған оқу орны сол жылдардан бері білім беру ісінің түрлі сатыларынан өтті. Студенттерінің оқу үдерісін, тұрмыс-тіршілігі мен бос уақытын тиімді пайдалану жағдайында инфрақұрылымы дамыған жоғары оқу орны бүгінде елімізге танымал ғылым мен білім ордасы. Институтты әр жылдары Мұхтарбай Өтелбаев, Уәлихан Бишімбаев, Әбдіманап Бектұрғанов, Махметғали Сарыбеков сияқты танымал ғалымдар мен білікті ұстаздар басқарып, оқу ордасының дамуына, қалыптасуына ықпал етті.
Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының жарты ғасырлық мерейтойы Әулиеата төрінде кеңінен аталып өтті. Айтулы шараға елімізге белгілі тұлғалар мен көрнекті ғалымдар қатысты. Әуелі институт жанынан ашылған «Баласағұн» музейінің ашылу салтанаты болды. Аталған музейдің лентасын физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев пен Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова салтанатты түрде қиып болған соң, келген қонақтар музей ішіндегі жәдігерлермен танысты. Музей кіреберісінде жастар үшін тағылым ретінде Жүсіп Баласағұнның өмірбаяны және даналық сөздері жазылған. Сонымен қатар, институт тарихынан сыр шертетін суреттер мен оқу ордасының тарихына қатысты құжаттар да музейдің құнды қазыналарының бірінен саналады. Институт ректоры Дария Қожамжарова құрметті қонақтарды музей ғимаратымен таныстыру барысында аталған орынның жастар үшін ашылғанын, болашақ ғалымдар үшін жасақталғанын айтып өтті. Бұдан кейін келген қонақтар институт ішіндегі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы мәжіліс залын аралап көрді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының, Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың, математик Мұхтарбай Өтелбаевтың және өзге де танымал азаматтардың қатысуымен институт ауласынан Ректорлар аллеясы ашылып, «Болашаққа хат» капсуласын мемориалды тақтайшаның астына бекіту рәсімі өткізілді.
Бұдан кейін «Баласағұн» орталық концерт залында «Заманауи білім беру тенденциялары: болашаққа көзқарас» тақырыбында Халықаралық ғылыми конгресі ұйымдастырылды. Халықаралық ғылыми конгреске Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев арнайы қатысып, Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымын жарты ғасырлық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев институт ұжымын құттықтай келе, көне Тараз шаһарындағы айтулы жоғары оқу орнының жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар, шет елдерден келген профессорлар да баяндама жасап, өзара тәжірибе алмасу жағдайында пікір бөлісті. Конгресс соңында институт түлектерінің «Ұрпақтар сабақтастығы» атты слеті және жұлдызды түлектердің қатысуымен гала-концерт өтті.
Жалпы, институттың өсіп-өркендеуінде, ғылым жолында кең қанат жаюында ұстаздардың алатын орыны ерекше. Мерейтой қарсаңында бірқатар үздік қызметкерлер «Құрмет» орденімен, «Ы.Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылыми дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Жамбыл облысы және Тараз қаласы әкімдерінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, облыстық және қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасымен және облыстық Кәсіподақ ұйымының грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар, атақты ғалымдар мен ұстаздар барлық факультеттерде «Рухани жаңғыру: Ұлттық код», «Рухани жаңғыру: ХХІ ғасыр ұстазының келбеті», «Рухани жаңғыру: латын әліпбиіне көшудің тарихи тағылымдары, жаңа белестері» және «Білім берудің Қазақстандағы тренді» тақырыптарында мастер-класс өткізіп, жастарға ғылым мен білімнің жаңаша келбетін түсіндірді.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы