«Мына құрылғы өте қолайлы екен. Бұдан былай әлеуметтік қызметкерлерді бұрынғыдай көп әуреге түсірмейтін болдық. Бұл осы мекемедегі қол арбамен жүретін қатарластарымызға үлкен көмек болады деп ойлаймын. Игі іске ұйытқы болған жандарға алғысымызды айтамыз», - дейді Қарттар үйінің тұрғындарының бірі Александр Серебриков.
«Қазцинк» компаниясының Өскемендегі кәсіподақ ұйымының төрағасы Николай Потопенко жақында осында іс-шара өткізгенде ардагерлер тарапынан жаңа құрылғының қажеттігі жөнінде өтініш білдірілгенін айтады.
«Біздің компания ардагерлерді ешуақытта назардан тыс қалдырған емес. Әрдайым қолдап, демеп отырады. Жалпы, аға буын өкілдеріне қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді», - дейді ол.
Игі шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев та арнайы қатысып, қарияларды халықаралық Қарттар күні мерекесімен құттықтады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретті түсірген автор