Аймақтар • 21 Қазан, 2017

Қостанайда құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды

417 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда құқық қорғау қызметтерін көрсету орталығының тұсаукесері өтті.   Салтанатты шараға ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов  арнайы келіп қатысты. Орталықта кезекші прокурорлар азаматтардың әлеуметтік-экономикалық арыз-шағымдарын, әкімшілік өндіріс, сотқа дейінгі тергеу мен азаматтық және қылмыстық істердің сот барысы тергеуі мәселелерін қарайды. Кез келген азамат алдын ала жазылмай-ақ, орталыққа келіп, қажетті заңды кеңесін алып, арыз-шағымын бере алады. Мамандар барлық мәселені тез арада шешуге көмек көрсетеді.

Қостанайда құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды

«Тұрғындардың кабинеттен кабинетке  жүгіріп, сенделмей-ақ, «бір терезе» ұстанымымен бір жерден құқықтық қызмет көмегіне жүгінуіне мүмкіндік туды. Келушілерге нотариус, адвокат, медиатор, салық саласы қызметкерлерінің, психолог мамандардың көмегі көрсетіледі. Бұл азаматтардың мемлекеттік және құқық қорғау органдарына сенімін арттыру болып табылады.    Бұдан былай қылмыстық процестерді электрондық цифрландыру жүргізіледі де, азаматтар  осы арадан-ақ көмек ала алатын болады, – деді Марат Мұратұлы.

 

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жаңа орталықтың    құқық қорғау қызметінің барлық саласы бойынша   тұрғындарға көмегі   зор болатынына сенімді екенін айтты. Орталықтың ашылуына облыстық әкімиат зор қолдау білдірді, ғимаратты жөндеп, жабдықтауға 13 миллион теңге қаржы жұмсалды. Бұл орталық тұрғындардың құқық қорғау саласына, жергілікті атқару билігіне сенімін арттырады. Сондай-ақ өңір басшысы мұндай орталықтар облыстың басқа да аудан-қалаларында ашылатынынан хабардар етті.

Орталық электронды кезек жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал уақыт жоғалтпау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұсынатын электронды форматтағы қызмет алуға мүмкіндік бар.  Кезекші прокурорлар аумақтық бөлімшелер мен басқа да өкілетті органдардан негізгі қажетті ақпараттарды жедел алуға орталықта мүмкіндік жасалған. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Марат Әбішевтің айтуынша,  бұл республикадағы құқық қорғау қызметін көресететін төртінші орталық   болып табылады. Ал алдағы уақытта таяу арада мұнда елімізде бірінші рет онлайн-режим   іске қосылатын болады. Орталықта сегіз кабинет келушілерге түрлі құқықтық қызмет көрсетеді.  

 Құқық қорғау қызметтері орталығы Қостанай қаласының Толстой көшесіндегі 57 үй, яғни қалалық прокуратураның ғимаратында орналасқан.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.