![281011-5](http://old.egemen.kz/2011img/281011-5.jpg)
Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына қоныс аударған кез. Жиналыстар көп шақырылатын. Президиумда республикалық деңгейдегі лауазымды кісілер жиі отыратын басқосулардан газетке есеп жазуға тура келгендіктен барамыз. Осы жиналыстардың маңызын салмақтандыру үшін әлгі өкілдердің аты-жөнін тәптіштеп, сөйлеген сөзіне екпін түсіре жазамыз.
Уақыт өте стиль өзгерді. Таңдап барып, талғап жазуға тырысамыз. Бірде «Нұр Отан» ХДП облыстық ұйымының есеп беру-сайлау жиналысына шақырылдық. Дайындық мықты. Концерттер қойылып, көрмелер ұйымдастырылған. Делегаттарды былай қойып, мекеме басшылары, партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қосқанда, жалпы адам қарасы 300-ге жуықтайды. Президиумда екі орындық қойылған. Мені ғана емес, баршаның жүзінен «екінші креслоға кім жайғасады?» деген сұрақ менмұндалап тұр. Көп ұзамай сахнаға облыс әкімі, филиал төрағасы Сергей Дьяченко мен сұңғақ бойлы, ашаң жүзді кісі ширақ қимылдап шықты. Біраздан кейін жиналыс төрағасының тәртіпке шақырғанына қарамастан, залдың әр бұрышынан «Оу, бұл өзіміздің Иван Адамович қой!» деген таңданысынан қуанышы басым дауыстар дүр етті. Президиумнан астаналық адамдарды іздеп дағдыланғандықтан болар, алғашында танымаппыз. Алдымызда Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры Сауэр отыр. Ол «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі екен. Көпшілік жетекші партияның жаңашыл ұстанымына риза болды. Біз де есепті құлшына жазғанбыз.
Одан бері де біршама жылдың жүзі өзгерді. Өзгермеген бір нәрсе бар. Ол – жұртшылықтың осы адамға қаратып айтатын «Өзіміздің Иван Адамовичі». Көшеде көрсе де, көшелі жиналыста көрсе де, теледидардан көрсе де осыны айтады. Ауқымында қаншама ізет-құрмет жатыр десеңізші. Иван Адамович туралы, оның «Родинасы» туралы әжептәуір мақала жаздым. Халық құрмет сөзін жай айтпайды екен. Әмбебап шаруашылық «Алтын сапаның» ең алғашқы жеңімпазы. Былтыр тағы да иеленді. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің «Қараөткел-2010» көрмесінің «Алтын белгісін» де жарқыратты. Көкөрімге бөленген Родина ауылының үйлері орталықтан жылытылады. Су жүйелерінің өзі 40,6 шақырымды, электр шамы тартылған асфальтты көшелердің аумағы 40 шақырымды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 50000 теңгеден екен. Ұжым мүшелері 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150000 теңгені иемденеді. Өткен жылғы 65 жылдық мерекеде соғыс ардагерлері С.Глушко мен П.Богатыревқа «Ваз-2167» автокөлігі мінгізілді. Ауыл мәдениет ошағы республиканың «Үздік клубы» атанса, алдыңғы жылы шаруашылық «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша республикалық «Парыз» байқауының жеңімпазы атанды.
Осылайша жалғастыра беруге болар еді. Бірақ, менің айтпағым басқа жыр. Елбасының «Родинаға» сапарларында байқағаным, Нұрсұлтан Әбішұлы «Өзіміздің Иван Адамович» дегенді кішкене өзгертіңкіреп, әңгімесін «Есіңде ме, Иван...» деп бастайды екен...
Ойымнан кетпей жүрген тақырыпты аша түсудің орайы келді жуырда. Шаруашылық 60 мың гектар егістіктің рекордты ырыздығын құт қамбаға құйып, көңілі жайланған тұс. «Есіңде ме, Иван...» тектен тек айтылмайды ғой, Елбасымен кездесулеріңіздің кейбір сәттерін әңгімелесеңіз» деймін оған. Бұл жолы кәдімгідей ашылды.
– Президентпен кездесу көп болғанымен, еркінсіп кету мүмкін емес, әр кездесудің жауапкершілік жүгі ауырлай түседі, – дейді И.Сауэр. – Нұрсұлтан Әбішұлымен алғашқы кездесуім 1989 жылдың тамызында, біздің астықты алқабымызды аралаған шағында болып еді. Ол кісі 22 шілдеде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болып сайланған. Ал, менің директорлық қызметіме екі жыл енді толған. Мені таң қалдырғаны, біріншіден, оның аңғарымпаздығы, еш нәрсені қалт жібермейтін қасиеті. Қолымды жең ішіне жасырып, өзімді барынша сергек ұстауға тырысқаныммен, жол апатынан кейін ауруханадан ертерек шыққаныма ескерту жасады. Екіншіден, өзінің негізгі мамандығы металлург екендігіне қарамастан, біздің кеңшардың жер өңдеу ерекшелігі, егіншілік технологиясы, тұқым сұрыптау мәселелері туралы білікті ғалым агроном деңгейінде пікір білдіруі.
Одан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше рет кездестім. Әсіресе, 1993 жылғы жаңбырлы қыркүйектегі шаруашылығымызға сапары айрықша есімде қалды. Күн жарықтық шайдай ашылды. Президент «мен сіздерге қолайлы ауа райы мен жылылық алып келдім, енді астықты жинап аласыздар» деп қалжыңдап қояды (дәл солай болды да). Одан кейін іс барысына ауысып: «Сен жас директорсың, жекешелендіруді неге қолдамайсың, реформаларды жақтамағаның ба?» деп, маған сынай қарады. Мен батылданып, меншік түрінің мұндай формасы соншалықты өзгеріс әкелмейтінін айтып, жеке пікірлерімді ортаға салдым. Ол мені мұқият тыңдап, сол кездегі Премьер-Министр Сергей Терещенко мен Ауыл шаруашылығы министрі Сергей Кулагинге менің айтқандарым бойынша ұсыныс жасауға нұсқау берді. Президент кісіні тыңдай білуімен қатар, қарапайым пікірдің өзін назардан тыс қалдырмайтынын, осы арқылы адамдарды қанаттандырып отыратынын қоғам дамуындағы нақты істерімен үнемі дәлелдей білетініне тәнті болдым.
Біздің 1994 жылғы 5 маусымдағы кездесуіміз ұмытылмас әсер қалдырды. Ауылымыздағы ардагерлер аллеясында Нұрсұлтан Әбішұлы жергілікті қариялармен бірге өз ақ қайыңын отырғызды.
Тәуелсіздігіміздің бес жылдық мерекесіндегі салтанатта Елбасы қолынан алғашқы наградам – «Достық» орденін алғаным мәңгі есте сақталады. Марапаттау рәсімінен кейін Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болып, 40 минуттай әңгімелестік. Ол маған жоғары лауазымды қызмет ұсынды. «Мен өз орнымда еліме көбірек пайда келтіремін» дегендей сылтаумен бас тарттым. Қатты қиналдым. Бірақ, ренжіген жоқ. Одан кейінгі кездесулерде маған деген пиғылы мен ықыласын өзгерткен емес.
Мемлекет басшысы 2001 жылғы 18 наурыздағы сапарында да ауылымызға көтеріңкі көңіл-күймен келді. Еуростильмен күрделі жөндеу жүргізілген мектебімізге риза болумен қатар, көп балалы отбасынан дәм татып, теледидар сыйлады. Машина-трактор шеберханасында өңір шаруашылық басшыларымен кеңес өткізді. Ал, 2008 жылдың 3 қыркүйегінде Германия Президенті Келлермен бірге тікұшақпен келуі ауылымыз үшін нағыз мейрамға айналды.
Осынау тарихи тұлғамен алғаш жүздесіп, көрісіп, қол алысқанымызға жиырма жылға жақындап қалыпты. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылымен тұспа-тұс ұмытылмас кезең екен. Елбасымен, Ұлт көшбасшысымен әрбір кездесу өзіндік қимас әсерге бөлейді. Әсіресе, қалыпты жағдайға айналған «Есіңде бар ма, Иван...» деп басталатын әңгімесі терең тағылым-толғанысқа бастайды. «Құрметті Президент мырза, әрине, есімде және мұндай кездесулер әлі талай болады деп үміттенемін. Сіз біздің «Родинамыздың» аса құрметті қонағысыз, әрдайым төрімізден орын аласыз!»
Біз бұған сөз қосып, толғаныс толқындарын бұзғымыз келмейді.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы, Целиноград ауданы.