23 Қазан, 2017

Қаржы жүйесіндегі тарихи шешім

586 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алпауыт ел Америка Құрама Штат­тары­ның экономикасы қазіргі кезде өз жарасын өзі жалап жазатын көк­жал қасқырға ұқсайды. Ол өзінің осы қасиетінің арқасында жазылмастай сыр­қатқа шалдыққан қазіргі қаржы ка­питализмнің ғұмырын барынша ұзартып келеді. Бүгінгі күні бүкіл әлемге билігін жүргізіп отырған ка­пи­тализмнің басты тірегі бастапқы кезде осы формациялық құрылыс­тың отаны әрі таратушысы болға­нымен соңғы жылдары барынша әлеу­меттене бастаған Еуропа емес, нарық­тық жолға түсіп, жедел байып келе жатқанымен Конфуций қағидасы бойынша мемлекетті әке деп қабыл­дап, бүкіл халық үшін одан әкелік қам­қорлық талап ететін дана Қытай емес, корпоративтік рухты ту етіп көтерген еңбекшіл Жапония мен Оңтүстік-Шығыс Азияның елдері емес, нақ осы АҚШ-тың өзі болып отырғандығын біраз жұрт жақсы біледі.

Қаржы жүйесіндегі тарихи шешім

Кез келген биологиялық ағзаның қар­тайған, қалжыраған тұсында оның бойында түрлі аурулардың бас кө­те­ретіндігі, жастық шақта байқалмаған ісіктердің пайда болатындығы – табиғат заңдылығы. Адамзат қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастардың жүйелік проблемалық мәселелері де осылайша өрбитіндігі­не капитализмнің қазіргі сипатына қарап көз жетіп келеді. Қазіргі қаржы жүйесінің көбіктенгендігі, мұның өзі капитализм экономикасының табиғи даму заңдылықтарын бұзғандығы, алаяқтық әрекеттердің күшеюіне алып келгендігі көп айтылған дүние. Кезінде осы проблеманы әлемдік деңгейде еңсеру жөнінде біздің Елбасымыз бас­тама көтерген болатын.

Оның бер жағында АҚШ-та (яғни көбікті туындатып отырған елде) 2007-2009 жылдар аралығында үлкен қаржы дағдарысы орын алған болатын. Сол кезде АҚШ-тың Федералдық резервтер жүйесінің (біздіңше орталық банкінің) доллар басу станоктары іске қосылды. Станоктар ешқандай материалдық игіліктермен қуатталмаған трил­лион­даған доллар сабан ақшаны артық басып шығарады. Бұл қаржы дағ­дарысқа тап болған елге жағдайды шұғыл түзеу үшін (сырттан мұнай сатып алу, компаниялар мен халыққа кө­мек беру, тағы басқа мәселелерге) қа­жет еді. Бүкіл әлемнің басты валю­тасы бо­лып отырған долларды басып шы­ғару құқығы мен тетігі тек қана Феде­рал­­дық резервтер жүйесінің қолында бол­­­ған­дықтан, ол міне, осындай тәсіл қол­дану арқылы дағдарыстың ауыр сал­ма­ғының астында қалған АҚШ эконо­ми­касын қайта көтеруге үлкен үлес қосты.

Әрине, бұл жағдай әлемнің басты елдерін ойландырып тастады. Әлем елдерінің долларға деген сенімін азайта түсті. Өйткені ешбір материалдық игіліктермен қуатталмаған 4,5 триллион долларлық сабан ақша АҚШ экономикасы арқылы әлем экономикасына қосылып отыр ғой. Мұның өзі қалжыраған капитализмге уақытша демеу болып көрінгенімен, ал шын мәніне келгенде оның ауруын одан әрі асқындыра түсетін жағдай еді. Сондықтан Федеральдық резервтер жүйесі АҚШ экономикасы үшін ең қолайлы кезең деп белгіленіп отыр­ған қазіргі уақытта көбікті қайта қал­қып алып тастаудың бұрын-соңды бол­ма­ған шарасын қабылдады. Яғни көкжал өз жарасын өзі жалап жазуға кірісті.

Артық сабан ақшаны айналымнан шығарудың белгіленген тәртібі бойынша бұл үдеріс АҚШ экономикасын ғана емес, әлем экономикасын да қиыншылыққа ұрындырмайтын жағдайда бірте-бірте жүзеге асырылып, білінбей өтуі тиіс. Шара үстіміздегі жылдың қазан айынан басталмақ. Әуелгі кезекте айналымнан 10 миллиард доллар ақша алынып, тоқсан сайын алынатын ақша көлемі өсіп отыратын болады. Ең соңында айналымнан шығарылатын ақша көлемі 150 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Сөйтіп 4,5 триллион долларды айналымнан шығару шарасы бірнеше жылдарға дейін созылуы тиіс. Бірқатар сарапшылар мұны көбікті сапырып, әлемдік экономиканы сауықтырудың тарихи шешімі деп отыр. Өйткені осыншама зор ақша массасын айналымнан шығару ісі бұрын-сонды болған емес. Оның үстіне Федеральдық резервтер жүйесінің осы бастамасы басқа да елдерге үлгі болып, олар да осындай қадамдарға баруы мүмкін. Атап айтқанда, Еуропаны дағдарыс тұманы басқан кезде еуроны басып шығаруды күшейткен Еуропалық орталық банк және басқа да ұйымдар.

Федералдық резервтер жүйесінің бұл қадамы қаржы сарапшыларын екі ұдай сезімге қалдырып отыр. Біреу­лер бұл шара доллардың құнын қымбаттатып, дамушы елдердің жағдайын ауырлата түседі десе, енді біреулер шара сақтықпен жүргізілетіндіктен әлем экономикасына бәлендей әсері бола қоймайды дейді. Нәтижесін кейінірек көреміз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»