Қазақстан • 23 Қазан, 2017

Петропавлда латын қарпіне көшу аясында конференция өтті

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты тақырып аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Петропавлда латын қарпіне көшу аясында конференция өтті

Жиынды Тіл және әдебиет институты қазақ филология­сы кафедрасының профессоры Жанар Таласпаева жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Елбасы мақаласында ұсынылған бірегей жобалардың бірі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру болып табылатынын, бұл шара кезең-кезең бойынша дәйектілікпен, жүйелілікпен жүзеге асырылатынын еске салды.  

­Солтүстік Қазақстан мемле­кет­тік мұрағатының бас маманы Мереке Баймұқанов «Қазақ тілі­нің болашағы – латын әліпбиі» та­қы­рыбында баяндама жасап, қазақ әліпбиінің тарихына шолу жасады. Қазақ тілінің әліпбиін Орхон-Енисей жазулары мен XIV ғасырдағы қыпшақ тілінде жазылған «Кодекс-Куманикус» сөз­дік­терімен байланыстыра оты­­рып, «Солтүстік Қазақстан мем­лек­еттік мұрағатында 1929-1940 жыл аралығында қолданылып кел­ген латын әліпбиінде жазыл­ған құжаттар көптеп сақтал­ға­нын, оқу соншалықты қиындық тудырмайтынын, өйткені «бір әріп – бір дыбыс» нұсқасы ізі­мен құрас­тырылғанын айтты.

Дү­ние­­жүзі қазақтары қауым­дас­ты­­ғы жергілікті филиалының төр­ағасы Сағындық Салмұрзин «Дүниежүзі қазақтары пайдаланатын әліпби және қазақ тілі әліпбиінің болашағы» туралы ой қозғады. «Түрік ағайындардың есебіне қарағанда сыртта жүрген қазақтардың саны 7 миллионға жетеғабыл көрінеді. Әлемнің 42 елінде тұрып жатқан олар ор­тақ әліпбидің болуын қуана құп­тап отыр. Біз өз тарапымыз­дан ла­тын графикасын қолданып, электрондық оқулық шығардық. Бұл қадам Түркиядағы қазақ­тар­мен қолайлы байланыс орнату­ға мүм­кіндіктер берді. Енді Қытайдағы ағайын­дармен қарым-қатынас жасау ойы­мызда бар», деді ол. Әліп­би­дің әбден сараланған, бірыңғай стандарты қажеттігін алға тартты.

Тілдерді дамыту жөніндегі бас­қар­маның бас маманы Ернияз Сұл­тановтың пайымынша, бүгін­де латын әліпбиіне көшу еш талас тудырмайды. Тек қандай әліп­би көңілге қонымды деген м­ә­се­лені әбден екшеп алуымыз кере­к. Көптеген елдер латын әр­пін қолданады. Қазақстан да өркениет көшінен қалмау керек. Бұл орайда түркі халықтарының озық тәжірибесіне сүйенген еш артықтық етпейді. Меніңше, Ахмет Байтұрсыновтың «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымын бас­­шы­­лыққа алған дұрыс. Көрші бауы­рлас елдер сияқты жаңа әліп­биі­мізді бірнеше рет рефор­маға ұшыратпау үшін апробациядан өткізіп барып қабылдаған жөн.

«Қазақ филологиясы» кафедра­сының аға оқытушысы, ғылым магистрі Гүлфайруз Синбаеваның сөзі де әсерлі шықты. Ол «Латын графикасына неге көшеміз?», «Қазақ тілінен, оның қасиетінен ай­рылып қалмаймыз ба?», «42 әріп­ті 26-ға дейін қысқарту бел­гілі қиындық тудырмай ма?» деген дүдәмал ой-пікірлер ел ішінде жиі айтылатынына тоқтала келіп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуге жиналғандардың назарын аударды. Кириллицаға көшу кезінде еріксіз енгізілген әріптер аз емес. Оларды қолданғанда тіл заңдылықтары бұзылып жатады. Екі дауысты дыбыстың қатар келуі қазақ тілінің ережесіне қайшы десе, М.Жұмабаев атын­да­ғы гуманитарлық колледж оқыту­шысы Жұлдыз Құдыкенова кірме сөздердің тіл тазалығына кері әсер ететінін сөз етті.

Конференцияға қатысушылар өзгелердің тәжірибелерін ескере отырып, жұртшылық талқысына ұсынылған нұсқаларды әлі де же­тіл­діре түсу керек деген қорытын­дыға келді.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы