Әдетте, жыл сайын ауыл жастарының форумы облыс орталығында өтетін. Биылғы басқосуды ұйымдастырған Қостанай облысының жастар ресурстық орталығы бұрын қалыптасқан бұл үрдістен шегініп, форумды ауылдың өзінде өткізуді жөн санапты. Әдетте, жастарға арналған осындай жиын-шаралар шулы-думанды сипатта өтіп, артынша одан әр жас не түйгенін түсінбей қалатын. Ал бұл жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бағытқа алып, сонда айтылған мәселелерге орайластырылған форумда «Волонтерлік іс», «Рухани жаңғыру», «Жастар кәсіпкерлігі» деген үш секция жұмыс істеді. Оның әрқайсысына 50-ден 80 адамға дейін қатысты.
Секцияларда облыс жастарының үздік өкілдері және кәсіпкерлері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үміткерлері жастарға қажетті көптеген мәселелер туралы ойларын ортаға салды, сұрақтарға жауап берді. Мысалы, «Рухани жаңғыру» секциясында отбасылық құндылықтар, ата-ананы сыйлау, бала тәрбиелеу, салт-дәстүрді өз халқының маңызды құндылығы, артықшылығы деп бағалау, жас ұрпақ бойында туған жерге, елге, ауылға жанашырлықты, патриоттықты қалыптастыру секілді қызықты тақырыптар көтерілді. Секциялардағы әңгіме ауыл жастарымен сырласу секілді өте жылы өтті.
Үкіметтік емес ұйым өкілі Гүлмира Қапенова, философия ғылымдарының кандидаты Денис Качеев, заң ғылымдарының кандидаты Әлімжан Бекмағанбетов, әуесқой археолог Дмитрий Дей және тағы басқалары бүгінгі күннің жастарға қатысты мәселелерін жеріне жеткізе айтты. Мысалы, «Туған жерге деген патриоттық сезімді, өзің өскен ауылды жақсы көруді үлкен істермен дәлелдеймін демей-ақ қой. Жасандылыққа ұрынба. Өз үйіңді, пәтеріңді таза ұстауға, жақсартуға тырысасың. Оны сәл кеңірек ойлап көрдің бе? Біреу сен тұратын ауылдың көшесін ластап, ағашты кесіп, орманды өртеп жатса, соған шын көңілмен, жүрегіңмен жаның ашыса, оны қорғауға ұмтылсаң – азаматтығың да, патриоттығың да осыдан басталады. Әркім осылай ойласа, осылай істесе рухани жаңғыруға, мәңгілік ел болуға қадам жасалды деп біліңіз» деген Дмитрий Дейдің сөзі жастардың жүрегіндегі отты қозғағандай болды.
Форумға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты, ол бүгінгі жастардың уақыт талабына ілесуге талпынысы жоғары екендігін айтты.
– Облыста 184 жастың есімі «Қостанай облысы жастарының Алтын кітабына» енді. Қазір экономика салаларының дамуын қамтамасыз ететін мемлекеттік көптеген бағдарламалардың жүзеге асуы жастарсыз мүмкін емес. Агроном, ветеринар, зоотехник, механизатор болмаса ауыл шаруашылығы қалай дамиды? Ал мұғалімсіз, спортшысыз, мәдениет қызметкерінсіз, дәрігерсіз ауылды да тұл санаңыз. Бұл мамандық иелері біздің заманымыздың тұлғаларына айналған, – деді Архимед Бегежанұлы.
Аймақ басшысының бұл сөзіне мысал облыстан көптеп табылады. Қамысты ауданының «Алтынсарино» шаруашылығы облыс орталығынан да, аудан орталығынан да шалғайда жатыр. Ресейдің Челябі қаласында білім алған Найль Баязитов өз ауылына келді, қазір шаруашылықтың белді бір механизаторы. Осы форумда ол облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандардың бірі болды.
– Ата-анам қартайды, оларға қарауым керек. Отбасым бар, балаларым, ата-анам жанымда. Жұмысым бар, мал ұстаймын. Өз ауылым өзіме ұнайды, жастар үшін жағдайдың барлығы да бар, басқа не керек?, дейді Найль.
н ауыл жастарының проблемасы жоқ десек, шындыққа қиянат болары хақ. Таран ауданынан келген мәдениет қызметкері Бейбітхан Арғынбек ауылда дарынды жастар тұрады, бірақ оларды таныту, талантын ұштау жұмысы назардан тысқары қалатынын айтты. Ал жастар қонағы болған Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов ауыл жастары қалалық тұстастарынан ешқандай кем емес екенін, олармен жүргізілетін жұмыстың кемшіндігіне өкпелі екенін жасырмады.
– Қалада жастар ісімен айналысатын ұйым көп. Ал ауыл жастары өз қазанында өзі қайнап, олардың барлығынан тыс қалады. «Ауыл баласы қаладағы құрдасынан гөрі бір табан артта жүреді» деген қате пікір бар. Олай емес, ауылда небір талантты, дарынды балалар жүр, кез келген ауыл баласы шымыр, дайын спортшы. Бірақ дәл қаладағыдай жастармен айналысып жатқан ешкім жоқ, – дейді Сайран Бәлкенұлы. Сонымен қатар ауылдағы жастардың әлеуметтік мәселесі де көп жерде сын көтере бермейді. Ауылда үй салынбайды. Жас маманның тұрақтамайтынына басты себеп те осы екенін жасырудың қажеті жоқ. Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың бесігі, ұясы. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген Би-ағаның ұрандай сөзінің маңызына әлі дүре тиген жоқ.
Форумда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов үздік жастарды Алғыс хаттармен марапаттады. Жастық салтанатына сай ән мен күйге де орын берілді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Сарыкөл ауданы