Әдебиет • 24 Қазан, 2017

Фариза феномені

1421 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Жетпісінші жылдың аяғында екі жыл әскер қатарында болып, Алматыға оралсам, Атыраудан келген ақын қыз Фари­заның жырлары астананы әбден шулатып жатыр екен» – Әбіш Кекілбаевтың «Фа­риза» атты эссесінің қолжазбасынан осы жолдарды оқығанда авторына телефонмен хабарласқанмын. Әбекеңе: «Ол өлеңдер ауылды да шулатқан. Сіздің жазғаныңыз есіме бір оқиғаны түсіргені. Баяғыда Фәкеңнің өлеңін оқимын деп мені мәшине қағып кете жаздаған» дегенмін. Қалай болғанын айтып бергенімде Әбекең әуелі лекітіп күліп алып, артынша: «Қой, бұл күлетін нәр­се емес екен, бұл жазатын нәрсе екен. Қа­ғазға түсіріп қой» деген. Содан бастайын онда.

Фариза феномені

...Ауылымыздың пошташысы Өмір­бек деген кісі еді. Қызы Гүлбара бізбен бір класт­а оқыған. Ол кісі поштаны сов­хоз орталығынан алады. Бір күні Бес­құбырда (совхоз орталығы, мекте­біміз сонда) жүрсем, Өмірбек ағай поштадан шығып келеді екен. Қос қоржыны толы. Атына мінгелі жатыр. Көре салып: «Біздің үйдің «Лениншіл жасын» бері­ңізші» дегенім. Әуелде «Ой, мына көп газеттің арасынан қайдан табамын? Үйге барған соң оқисың» десе де, көңілімді қимай, қоржынына қолын әрі сұғып, бері сұғып, бір кезде газетті ұс­татты. Сұрап алған жаңағы газетті тап сол жерде оқи бастадым. Үшінші бетіне бір топ өлең беріліпті. Топтаманың жалпы тақырыбы – «Мен саған ғашық емес ем...». Беттің жартысынан астамын алып жатыр. Авторы – Фариза Оңғарсынова. Әр өлеңнен кейін кішкентай штрих суреттер салып безендіріп, әбден әрлеген. Фотосы да бар. «Өлең де жазады екен ғой» деп ойлап қойдым. Газеттің респуб­ликаның батыс облыстарындағы мен­шікті тілшісі екенін білемін, очерк, ма­қала, суреттемелері екі-үш күн сайын борап шығады да жатады. Жарайды, өлең­дерін де оқып қарайық. Оқып қара­сам, түрі басқа. Үні, сөзінің сазы, ырғағы басқа.

Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем...
Әйтеуір, жаным,
«бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой» демесең,
мен саған ғашық емес ем.

Ғашық адам ғашық екенін айтушы еді. Бұл ғашық емес екенін айтады. Дұ­ры­сырағы – ғашық екенін сөйтіп айтады.

Келесің дәйім шілденің
от күні болып ынтығып,
құшағыңда құрып сүлдерім,
шыға алмай қалам бұлқынып.

Кетеді сонда жон аттап
тәкаббар менің өрлігім,
жанарда жүрген қонақтап
қоңырқай күздей сорлы мұң.

Әр шумағын оқыған сайын әкетіп барады, әкетіп барады бір жаққа. Бөлек бір әлемге. Қайталап оқыдым. Енді дауыстап оқи бастадым... Бір кезде оқыс шыққан үннен шошып кеткенім. Қарасам – жолдың дәл жиегінде тұрмын. Анандай жерге барып, бір жүк мәшинесі тоқтады. Жанымнан зу етіп өте шыққан көрінеді. Шопыры маған қарай келе жатыр. Түтігіп алған. «Есің дұрыс па өзі! Қағып кетсем қайтесің?!», дейді. Жа­ңағы өлеңдерді оқи-оқи орнымнан жыл­жып кеткенмін бе, әлде о баста жол­дың дәл жиегінде тұрғанмын ба, ұқ­сам бұйыр­масын. Шопыр жігіт зеки ұрсып, бетіме бажырая қарап кетті де қалды. Жол­дың шетінде дауыстап газет оқып тұрған бала туралы не ойлағанын кім білсін!..

Фариза Оңғарсынова жырлары, ақын сырлары менің өміріме, бозбала жүрегіме осылай оқыс енген болатын. Кейін білсем, бұған дейін, 1966 жы­лы «Сан­дуғаш» деген атпен тұңғыш жыр жинағы жарық көрген екен. Одан хабарсыз­бын. Қатты қайран қалдым. Сол газеттегі оншақты өлеңімен Фариза Оңғар­сынова менің санамда бір сәтте ту биікке көтеріліп кеткен еді. Сол биігінен түспеген күйі өтті өмірден.

Университеттің бірінші курсында жүргенімізде әдебиет әлемінде бір тосын оқиға болды: «Жұлдыз» журналына кітап жарияланды! Иә, кітап. Фа­риза Оңғарсынованың «Мазасыз шақ» деген кітабы. Бас-аяғы бүтін, тұтас жинақ. Басталуынан, аяқталуынан, тақы­рып­тарға бөлінуінен кәдімгі кітап етіп дайын­далғаны, сол күйінде (редакция іші­нен таңдағанын алар деген оймен) ұсынылғаны көрініп тұр. Әдетте, әдеби журналдың жылдар бойы қалыптасқан құрылымы болады. Роман, повесть, өлеңдер, әңгіме, публицистика, очерк, әдеби сын, рецензиялар, библиография деген сияқты. Сонда өлеңдерге шамамен он пайыздай ғана орын тиеді, оның өзі 3-4 авторға бөлінеді. Бұл жолы бір автордың өлеңдері қалың журналдың ширек бөлігіндейін керіп тұр. Жұрт айран-асыр болды. Осынша орынның бір авторға берілгені бір таңдандырса, ол автордың бұдан бұрын «Тұңғыш кітап» деген пышақ қырындай сериямен жалғыз жинағы жарияланған жас ақын екендігі екі таңдандырды. Аспаннан меруерт жауғандай болып еді-ау. Ойпырмай, сонша өлеңнің ішінде «Шынында да көлемі тым қомақтылау екен. Дәл мынаны бас­паса да болады екен» дегізетін бір өлең болсайшы! Бірінен бірі өтеді.

Сенің от құшағыңда
дүниені ұмытып, талықсыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ далада тек екеуіміз
жүргендейміз айналып ғарышты мың.
Көзімді ашсам, шырын сәт көзден ұшып
кететіндей жанарды тарс жұмдым.

Фаризаға дейін әйел жанының жан-жүректі өртейтін ыстық жалыны, сөзбен суреттелмейтіндей сезілетін сиқырлы сырлары ұлттық поэзиямызда ешқашан дәл осылайша жеткізіліп көрмеген болатын. Әлемдік әдебиеттің ең әйдік ақындарының ең бір жақұт жырларымен салыстырып қарағанда да Фариза Оңғар­сынова өлеңдері поэтикалық бей­­нелерінің қара қағазға ақ бояумен өрнек салғандай ашықтығымен, айқын­дығымен, татаусыз төгіліп келетін тіл кес­тесімен, ағыл да тегіл құйылып жата­тын тың теңеу, оқыс ойларымен атақ-даң­қы аспандаған талай классиктердің тұ­сы­нан табылатынын қадап көрсету шарт.

Өзiңдi жерлеп келiп
жапа-жалғыз отырмын. Меңiреумiн.
Айналамда қыстыққан еңiреулi үн...
Әлем деген қап-қара бұлтқа оранып,
Жел соғады әйнектi сыртта налып,
есi ауысқан шығар бұл сығыр құдай,
сосын, сосын... денемдi бұрынғыдай
аймалаған секiлдi сенiң ернiң.

Жерлеп келiп...
Жоқ, жоқ! Иә, өзiңдi жерлеп келiп,
отырдым сен деп семiп,
өмiр деген өзiңсiз қараң қалып,
керең болып кеткендей тәмам халық...
осы менiң бүгiнгi есiмдегi.
Сенi осылай жерлегем. Кешiр менi.

Шабыттың шаңқай түсінде тұрған жылдарында Фариза қаламынан осындай ғажайып жырлар талай-талай төгілді.

«Мазасыз шақ» – ұлттық өлең өнерін­дегі өлшемдердің талайын өзгертіп жі­бер­ген, талап-талғам планкасын көте­ріп жіберген жинақ. Арғыдағы Ұлбике, Сарадан тартатын, бергідегі Шол­пан, Зияш, Мәриям, Тұрсынхан, Кү­ләштармен жалғасатын, өзіндік дәс­түрі бар қыз-келіншектер поэзиясы Фаризадан кейін көктемгі даладай дүр сілкінді, сан түрлі себептермен тұншығып келген жыр бұлақтарының көзі ашылып, арнаға айналды, бірте-бірте өзенге, одан теңізге ұмтылды. Осы тұрғыдан қарағанда Фариза Оңғар­сынова өзінің екінші жинағында-ақ таңданарлықтай талант күшімен таныт­қан тізгінүзді үлгісімен қазақ поэзия­сында ақын қыздарға жаңаша сүр­леу салған жолбасшыға айналды дей аламыз. Бұл – бер жағы. Әдебиетке қа­тысты жағы. Бұл құбылыстың әр жағы бар. Өмірге қатысты жағы бар. Фариза осы жинағымен, одан кейінгі бүкіл өнерімен әдебиетімізге, жалпы мәдениетімізге ғана емес, біздің өмі­рімізге де өзінше өзгеріс әкеле алды. Фа­риза арқылы біз қазақ әдебиетіндегі ақын қыздарымыздың ғана емес, жалпы қыздарымыздың аз-аздап болса да өзгере бастағанын көрдік. Фаризаның сөзін оқып, өзін көріп, мінезін танып барып, халықтың сана-сезімінде қазақтағы қыз баланың еркөңілділігі, еркіндігі, еркелігі дегендердің бәрінің бағасы білініп, бәсі артып шыға келді. Фариза арқылы қазақта қыз бала қадірлірек бола түсті. Онсыз да «қыз – қонақ» дей­тін халық едік, Фариза жырлары әйел әлемінің қатпар-қалтарыстарын қопара қозғай отырып, ана, апа, әже, әпке, қарындас, сіңлі, қыз бала, жалпы әйел заты ұғымдарының ұлағатын сана-сезімімізге сіңіре түсті.

Ақынның қанаты әбден жайылды. Бір кітаптан кейін бір кітапқа өсумен, өрлеумен болды. Фаризаша жазуға тырысқан ақындар көбейді, Фаризаға арналған жырлар көбейді. Фариза сөзі өлеңнің өресінен асып, халықтың арман-аңсарына айналды, ұлттың ұятын жүктей бастады. Иә, ол жылдарда өлең­де ғана емес, өмірде де Фариза куль­ті пайда болған еді деудің еш ар­тық-кемі жоқ. Ақынның басына бақ тұр­ды, сөзіне халқы тақ тұрды. Жазған балаң жырына берер бағасын білуге, батасын алуға ұмтылған жастарды былай қойғанда, баласын оқуға түсірудің әуре­­сімен жүрген ата-аналардың, жұ­мыс­қа тұрмақ болған, пәтер алмақ бол­ған, жер алмақ болған жастардың, тіпті жақынын жазықсыз жазаланды деп санап, түрмеден шығарып беруді сұраған шерменделердің Фаризаның алдына жетуі, солардың бірде дұрыс, бірде бұрыс ісіне араласамын деп бар беделін салып, басы қатып, жүйкесі жұқарып жүруі, біразының разы, біразының наразы болып кетуі, өзінің содан бірде қуа­нып, бірде қуарып қалуы ол жылдарда қа­лыпты жайға айналғанын апаймен бір ғимаратта – редакциялар үйінде талай жыл бірге жұмыс істеген мына біз біле­міз. Ақын даңқының дәл осылайша ас­қақ­­тауының басқа мысалын табу оңай емес.

 Қайран қазағымыз жақсы көрген адамына абыройдың бәрін аямай арқалата береді ғой. Фаризаға да сөйтті. Бір облысқа барып, жиналысқа қатысыпты. Сол жиында обкомның идеология жө­ніндегі хатшысы сөйлепті, сөйлегенде қағаздан басын алмапты, қағаздан басын алса-ақ сөзінен жаңылыпты. Соған Фәкең: «Сен өзің қандай идеологсың?! Не айтып, не қойғаныңды білмейсің» деп салыпты. Оған жиналған жұрттың айызы қаныпты. Араға аз күн салып әл­гі хатшыны орнынан алыпты. Сол-сол-ақ, «Фариза бір ауыз сөзімен обком секретарын ұшырып түсіреді екен» деген әңгіме ауыздан ауызға таралыпты... Ойын шешен тілмен, өз сөзімен жеткізе білмегені үшін, айтарын қағаздан оқып бергені үшін орнынан алынған хатшыны естіп-білген емеспіз, ол кезде ілуде біреу болмаса жұрттың бәрі-ақ қағаздан басын көтермейтін, бұл жолы да олай болмағаны анық. Ал халықтың көңіліндегі келісті көрініс мынандай. Фариза сол сапардан Алматыға орала салысымен Орталық Комитет бас­шылығына телефондайды (ол кабинет­ке өз аяғымен барып жатпайды, әри­не), сөзін «Кадрларға талапты әбден төмен­деткенсіңдер. Кім болса соны обком­ға хатшы қоясыңдар. Әнеу күні ана облысқа жолым түсіп еді...» деп бас­тай­ды, содан кейін-ақ көп ұзатпай әлгі хат­шыны орнынан алады да тастайды...

Халықтың адамға жасайтын жақ­сы­лығының ең үлкені – көзі тірісінде аңыз­ға айналдыруы. Фариза сол бақытты көрген адам. Көзі тірісінде аңызға айналған адам қазақта аз. Ондай адам қай халықта да жалпы аз болады. Сол аздың бірі – Фариза. Қайда барса да қалың қазақ аяулы ақынына қоғадай жапырылып құрмет көрсететін, иіліп жастық, жайылып төсек болып жататын. Ерлігін, өрлігін қадірлейтін. Еркіндігіне ерік беретін. Еркелігін көтеретін. Артық кетсе де айыпқа бұйырмайтын. Соның бәрі ақынға қалтқысыз құрметтің, шын мәніндегі бүкілхалықтық махаббаттың көрінісі. Еліне еркелей алған, елі еркелете алған ақынның баянды бақыты.

Фаризаның бір бақыты, өзі қанша жерден «Мені ақын еткен – тоқырау зама­ны» дегенімен, мына дүние өзгер­ген, екі қоғамдық жүйенің тайталасы тікелей жаулықтан идеологиялық теке­тіреске көшкен, кеңестік қоғам еркін ой иелерінің бәрінен «халық жауын» көрмеуге ауысқан, диссиденттердің өзін әрі барғанда елден шығарып жіберумен шектеле бастаған уақытта әдебиетке араласқандығы дер едік. Ол тұста әде­биет­ке, мәдениетке қамқорлықтың тәп-тәуір болғандығына кезінде партияның Орталық Комитетінде мәдениет секторын басқарған мына біз кепілдік ете аламыз. Ақын өзінің өмір жолын­да ондай қамқорлық көрсеткен кісілерді, бір сәтке демеп жіберген жақсы адамдарды ұмытпайды, алғыс сезіммен еске алады. «Облыстық партия комитетінің сол кездегі идеология хатшысы Мұхам­бетқазы Тәжинге кіріп, өзім твор­честволық орта іздеп жүргенімді, аздап өлең жазатынымды айтып ем, ол кісі ре­дактормен сөйлесіп: – Біздің об­лыс­та мына Фаризадай өлең жазатын, мәдениет, әдебиетке жанын салатын қыздар көп қой, шамасы? – деп бірден отырған орындығының салмағын сездірер дауыспен тіл қатты», деп жазады Фариза мектепте сабақ беріп жүр­ген жерінен облыстық газет редак­циясына орналасуының жайын айтқанда. Газет редакциясы демекші, Ф.Оңғар­сынованың қаламгерлігі журналистіктен басталғанының кейін өзіне көп пайдасы тиген. Нақтылық, дәлдік, айқындық оның қай жазғанына да тән болып келеді.

Фариза атты феномен құбылыстың қыр-сырына зер салғанда біз ақынның бүкіл шығармашылығы өмірдің өзекті өртер өкініштерімен, өзінің де, өзгенің де басынан өткен қияметтей қиын қо­ғам­дық катаклизмдермен өрілгенін көре аламыз. «Если не трагичен, значит не поэт» – Пушкиннің осы сөзіне Фариза Оңғарсынова бірнеше рет сілтеме жасаған. Мақалаларында да, сұхбаттарында да бар. Трагизмнің кернеу күші Фаризаның жеке басының тағ­дырынан да, ең бастысы, елінің арғы-бергідегі қиын өмірінен де арна тартады. Бірақ Фариза шығармашылығын көктей өтіп тұратын жібек желі, алтын арқау – қайсарлық. Қайғыны жеңген жасампаздық. Елінің арғы-бергіде басынан кешкен қиындықтарын айта отырып, ақын халқының жарқын жолын да кестелейді. Қайғыра білмеген қуана да білмейді. Мұңдана білмеген мақтана да білмейді. Фаризаның қайғысы да, қуанышы да, мұңы да, мақтанышы да жалқыдан өтіп, жалпыға жетуімен бағалы. Ақын поэзиясын керіп тұратын трагизм де, кернеп кететін оптимизм де табиғи шығатыны содан.

Сырт көзге суықтау көрінетін ақын­ның жүрегі жібектей жұмсақ, жаны даладай дарқан, тұла бойы тұнып тұрған мейірім болатын. 1996 жылы, ол кезде Мәдениет министрінің бірінші орынбасары едім, Жамбылдың біржарым ғасырлық тойын Ленинградта атап өт­пек­ке жиналып, делегация құрамына ақын-жазушылардан Шерағаң мен Фәкеңді қосып, ұсыныс айтқанымда: «Жеті жасар немерем Анитаны бірге апаруға болса, қарсылығым жоқ», деп шарт қойып барып келісім бергені есте. Ол сапарымызда атақты Таврия сарайындағы Дума залында салтанатты мәжілісті жүргізгеніме ( жиналыс спикері ретінде маған кезінде, яғни 1906-1917 жылдар аралығында, Мемлекеттік Дума Председателі отырған ең төрдегі орын тиген) апай сондай ризалық танытып еді. Кейін оны «сөйлеген сөзі соншалықты әрлі де нәрлі болғаны сондай, кез кел­генді менсіне қоймайтын ақсүйектер тұқымының тұяқтары қайта-қайта қол соғып қошемет көрсетумен болды. Президумда отырған менің сүйсінгеннен жанарыма жас келіп, мына мінберден осыған дейін қазақ сөйлеп көрді ме екен деп толқып отырғаным есімде», деп жазды да. Жалпы, апай жақсы көрген адамы жайында асырыңқырап айтуға да бейім болатын. Өзім деген жанға өзегін үзіп беруге дайын тұратын.

Сырбай ақын өмірден өткенде Фари­заның Торғайға барғандағы жазғаны еске түсіп еді.

Желпінді торғайлықтар үй бұзардай,
«Сыр-аға біздікі» деп тұр қызармай.
Бір ауыл меншіктейді, жүрсем Сізді
қазақтың аспанына сыйғыза алмай.

Фариза да қазақтың аспанына сыймайды. Қазір, еліміздің мәдениетін әлемнің ең кең тараған алты тілінде насихаттауды ойластырып жатқан кезде құнттылықпен қолға алар шаруалардың бірі қазақтың ғажап поэзиясын бар бояуымен аудартуға кірісу десек, бұл істе біздің әдебиетіміздің абыройын алысқа асыра алатын ақындардың бірі, сөз жоқ, Фариза Оңғарсынова.

Әбубәкір Кердерінің «Талайлар өтті-ау жалғаннан, көрген адам таңқалған» дегені бар. Сол сөзді біз Фариза Оңғар­сы­новаға да қаратып айта аламыз. Фариза феноменін, әрине, алдымен ақын­ның өзі жасады. Оның телегей-теңіз таланты, дарқан дарыны, жомарт жүрегі, ешкім ақыры еліктей де алмай-ақ қойған бөлекше мінез бітімі, жан-жүректі жібітіп жіберетін жайсаң жаны мен тіліп түсетін тік сөзінің бір бойына таң қаларлықтай қабысуы деген сияқты, санай берсең саусағыңның бәрі бүгіліп бітетіндей қымбат қасиеттері жасады. Ол солай. Екінші жағынан, Фариза фе­но­менін қазақ деген халықтың өзі де жасады. Жұртты жаппай жайлаған конформизм кезінде, сананы сансыратқан тоқырау тұсында қоғамға Фариза сөзі сынды сара сөз, Фариза мінезі сынды дара мінез керек болып тұрған еді. Оның алдында қазақтың осындай қажетін батыр Бауыржан барынша өтеп берген-ді. Фаризаның алабөтен таланты мен сол талантына сай келген адамдық тұлғасы арқылы да барша халықтың «Міне, біз қандаймыз! Қазақтың қызы осындай болады, апа-әжелеріміз осындай болған, қыздарымыз, қарындастарымыз, сіңлілеріміз осындай бола алады» деп ойлағаны, Фариза арқылы да ұлттық мақтаныш сезімінің орныға түскені тағы талассыз. Ең қызығы, ең тамашасы да мынада – Фариза феноменін ақынның тұрақты оқырмандары, талантына тағзым етушілер ғана емес, оның кітаптарын дұрыстап оқымағандар да, бірен-саран жырын үзіп-жұлқып қана білетіндер де, жалпы кітап оқи қоймайтындар да, әсіресе өлең кітаптарын қолға ала бер­мейтіндер де, көзі әріп көруден қалған, тіпті атымен қара танымаған ата-әжелеріміз де жабыла жасағандығында. Ауыл-елге барғанында «Пәризашымыз келіп қалыпты ғой» деп айналып-үйіріліп алдынан шығатын адамдардың бәрінен бұрын біздің ұлтымызда осындай асылдардың барына қуана, мақтана дүрлігісіп жүргенінің өзі қадірін білген адамға ғажайып құбылыс!

Сондай ғажайып құбылысты жасай алған адам еді Фариза Оңғарсынова.

Сана өзгерсін, сана өзгеріп, адам өзгерсін, адам өзгеріп, қоғам өзгерсін, қоғам өзгеріп, заман өзгерсін деп Елбасы бастап, елі қостап, жалпақ жұрт болып жаңғыруға жұмылып жатқан, алдымыздан ашылатын жаңа тарихи кезеңге ауысудың ұлы белесінің басында тұрған ұлтымызға Фариза дәл қазір қай кездегіден де қымбатырақ, қастерлірек.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ