– Қайрат Қалелханұлы, жалпы біздің өңірге қарасты Қалқаман – Пограничик – Төртқұдық жол бөліктерінің аяқталуын асыға күтіп жүрген жұртшылыққа не айтасыз?
– Елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Орталық-Шығыс» автожол дәлізінің Павлодар облысы аумағында 2014 жылы Астана-Павлодар бағытындағы 383 шақырымында жұмыс басталды. Яғни Ақмола облысы шекарасынан өңіріміздегі Ленин кентіне дейін 215 шақырым және Павлодардан Шығыс Қазақстан облысына дейінгі 168 шақырым жер. Жол құрылысы қазіргі заманға сәйкес салынуда. Жолдың параметрі I-А категориясына сәйкес, төрт жолақты қозғалыспен, бетонды және асфальт-бетонды жабынды төселіп, қоршаулармен қоршалады. Қазіргі уақытта жұмыс Астана – Павлодар, Павлодар – Семей автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша 15 бөлікте іске асырылуда.
Бұл ауқымды жобаның құны 202,8 млрд теңге, 2014-2016 жылдары 104,7 млрд теңге игерілді. Мысалы, Ақмола облысының шекарасынан Екібастұзға дейін 34 шақырым асфальт жабындысы, Екібастұздан Ленин кентіне дейін 56 шақырым цемент-бетон жабындысы жасалды. Биыл Астана – Ерейментау – Шідерті, Қызылорда – Павлодар – Өспен – РФ шекарасы, Павлодар-Семей аралығындағы 207 шақырым жол пайдалануға берілді. Осы Астана-Павлодар автожолының Қалқаман – Пограничник – Төртқұдық ауылдары аралығындағы 235-259 шақырымында «Ақмола Құрылыс Материалдары» ЖШС, 1206-1251 шақырымында «Автодорсервис фирма» ЖШС, сонымен қатар «К-Дорстрой» АҚ жұмыс жасауда. Қалқаман – Пограничник – Төртқұдық аралығындағы тоқтап қалған жол жобасы асфальт-бетон жабындысымен жасалуда. Ауа-райы бөгет келтірмесе, бұл жол да ашылады деген ойдамыз.
– Осы Қалқаман – Пограничник – Төртқұдық аумағындағы жол бөлігін аяқсыз қалдырып кеткен Иранның «Дена Рахсаз Констракшн» компаниясының жағдайы не болды?
– Қазір «Дена Рахсаз Констракшн» компаниясымен келісімшарт тоқтатылды. Есепшотындағы қаржы мен техникасы түгелдей кепілге алынды. Жалпы, белгіленген айыппұл мөлшері 2 млрд теңгеге жеткен. Мердігер өзіне тапсырылған талаптарды, жұмыс жоспарының кестесінің орындалмағаны, техникаларының және адамдарының жеткіліксіздігін ескеріп, 2017 жылдың сәуір айында «ҚазАвтоЖол» АҚ біржақты тәртіппен келісімшартты бұзған болатын. «Дена Рахсаз Констракшн» компаниясымен келісімшарт бұзылғаннан кейін «ҚазАвтоЖол» АҚ жоғарыда аталған жаңа фирмалармен келісімшартқа отырған.
– Ерейментау шекарасынан басталатын Шідерті – Екібастұз – Павлодар бағытындағы жолда жұмыс қалай жүргізілуде?
– Біріншіден, Ақмола облысының шекарасынан Екібастұзға дейінгі бөліктегі 99 шақырымдық жолда қиыршық тас, асфальт-бетон төселеді. Жол 5 қабаттан тұратын болады. Екібастұздан Ленин кентіне дейінгі 116 шақырым жолға бетон пайдаланамыз. Өйткені бұл жол аралығында ауыр жүк көліктерінің қозғалысы жоғары болмақ.
Жаңа технология бойынша бетон негізінде салынған жолдар ұзақ уақыт қызмет етеді. Екіншіден, жалпы жоба бойынша Шідерті және Қалқаман бекеттері маңындағы «Ертіс-Қарағанды» каналы арқылы 2 көпір салу қаралған. Көлік қозғалысының қауіпсіздігі үшін қоршаулар орнатылуы керек. Барлық құрылыс бөліктерінде қайта жаңғырту және жөндеу, 5 сатылы жол сапасын бақылау жұмысын мердігердің сапа кеңсесі, авторлық кеңсе, техникалық қадағалау кеңсесі, «Павлодаржолзертханасы» РММ, тапсырыс беру сапа кеңсесі қадағалайды. Сонымен қатар әр апта сайын филиал қызметкерлері, мердігерлер, техникалық қадағалау кеңсесі жол бөліктері бойынша сапаны қадағалап жүреді және жұмыс өндірісі бойынша жиналыстар өтеді.
– Жалпы, бетон жолдың тиімділігі қандай? Бетон жол қымбатқа түспей ме? Қаншалықты қауіпсіз?
– Қазір жол құрылысына инновациялық материалдар мен құралдар жиі қолданылады. Елімізде 2009 жылы бірінші рет бетондалған жолдар пайда болды. Мысалы, Астана мен Бурабай арасын жалғайтын жол өте сапалы. Қызмет ету жағынан бетондалған жолдар құрылысы тиімді дер едім. Астана – Павлодар бағытындағы жол құрылысының жобасын талқылау барысында техникалық кеңес Павлодар-Екібастұз аралығында бетон, ал әрі қарай асфальт-бетон төсеу салу туралы шешім қабылдаған еді. Рас, бетон жол көп қаражатты қажет етеді, материалдар қымбат, қыста күтіп ұстау да қиын. Көктайғақ кезінде асфальт бетіне тұз себе аламыз, ал бетон жолға алғашқы 1 жылда ештеңе себуге болмайды. Оны тазалайтын химиялық құралдар да қымбат. Жалпы, республикалық маңызы бар жолдарды бетоннан салуға көшетін уақыт келген сияқты.
– Бетонды қайдан аласыздар?
– Астана – Павлодар жолы құрылысында мердігер компаниялар жергілікті материалдарды пайдалануда. Қиыршықтас Майқайыңнан әкелінсе, құмды-гранитті қоспа Ақсу қаласына қарасты Спутник ауылынан жеткізілуде. Бетонды да облыс аумағынан алады. Құрылыс жұмыстарына тартылған мамандардың 60 пайызы жергілікті тұрғындар.
– Жаңа әдістің ерекшелігі қандай?
– Бұл инновациялық технология Германияда қолданылып келеді. Ресайклирование дегеніміз – ескі асфальттан жаңа жол жасау әдісі. Арнайы машина ескі асфальтты ұсақтап үгітіп, осы үгіндіге жол жасауға қажетті қоспалар қосу арқылы суық күйінде қайтадан жолға төсейді, тегістейді. Суық күйінде төселген асфальт қатып қалады.
– Мердігерлер жолдардың сапалы салынып жатқанына сенімді ме?
– Әрине, 5 жылға кепілдік береді. Материалдар мен құрылыс жұмыстарының сапасына күн сайын зертханалық тексеріс жүргізіледі. Жоғарыда айтып өткендей, бес сатылы қатаң қадағалау болады.
– Жол бойында «қоқыс тастамаңыздар, жолдарды сақтап, күтейік» деген ескертпе жазулар неге көрінбейді?
– Жүргізушілер мен жолаушыларды жол бойындағы мәдениетті сақтауға үйретер едік дейсіз ғой. Бильбордтар орнатылса, үгіт-насихат тақырыбы бойынша ақпараттар, әрине, қажет. Ал 2018 жылы жол құрылысы да аяқталып, Астана мен Павлодарды бірінші санаттағы автожол – төрт жолақты заманауи автобан байланыстырады. Жол мәдениетіне де үйренерміз. Өмірге жаңа технология, жаңашылдықтар, өркениет талаптары келді. Жылдар бойы ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу, шұңқырларды жабу сияқты жұмыстармен сақталып келген үлкен жолға бүгінде жаңалық, жаңғыру келді. Жолдар, көпірлер салу әрине, бір күннің, бір жылдың үлесінде тұрған жоқ, стратегиялық жобалар игілігін біз ғана емес, болашақ ұрпақ көреді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы