Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Өз бақытын қазақ жерінен тапты

326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Князь Ибрагимұлы Мирзоев – Тәуелсіз Қазақстанның әдебиеттану ғылымындағы көрнекті қайраткер ғалымдарымыздың бірі. Оның Қазақстан әдебиеттануының Шығыс халықтары әдеби ықпалдастығына, байланыстарына арналған іргелі ғылыми-зерттеу еңбектері мәдени мұралар сабақтастығының, халық­тар достығының өзекті мәселе­лерін қамтуымен құнды. Ғалым-әде­биетшінің жарық көрген ғылы­ми-зерттеу кітаптары Тәуелсіз Қазақ­­стан жаңа тарихының әлем өрке­ниеті кеңістігіндегі әдеби-мәде­ни, поэтикалық үндестіктер арналарын кеңейту бағдарындағы маңы­з­дылығымен ерекшеленеді. 

Өз бақытын қазақ жерінен тапты

Ол 1970 жылы Х.Абовян атын­дағы Армения мемлекеттік универ­ситетінің филолог-шығыстанушы мамандығы бөлімін бітіреді. 1970-1990 жылдары аралығында жоға­ры оқу орнындағы ғылыми ізде­ністері мен ұстаздық қызметтері сабақ­тас­қан ғылыми-педагогикалық ең­бек өтілі кезеңдері оның Кавказ же­рі­н­дегі ғұмыр жолының мәңгі ұмы­­тыл­майтын тағылымын қалып­тастырды.

Шығыс филологиясы бойынша жазған алғашқы зерттеулерімен-ақ жұртшылықтың жылы ықыласын иеленген жас ғалым белгілі сыншы, әлем халықтары туындылары бойынша білікті аудармашы ретінде кеңінен танымал бола бас­тайды. Соның нәтижесінде «Эдеби Эрменистан» («Әдеби Арме­ния») альманахының бас редакторы бо­лып қызмет етеді. Сонымен бірге Армения Жазушылар ода­ғы бас­қар­масының мүшесі және Әзер­бай­жан әдебиеті секциясын бас­қара­ды. 1985 жылы КСРО Жазу­шылар одағының мүшелігіне қабыл­­да­нып, одақ көлеміндегі әде­би үдеріс шығармашылық дамуы желі­­сінде танымал болды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі алғашқы еңбек жолдары Қазақ­стан­дағы тұңғыш жоғары оқу орны­­­­ның байырғы Қазақ әдебиеті кафед­расындағы профессорлық қыз­метімен басталды. Осы жоғары оқу орнындағы Қазақ филология­сы факультетінің ашылуы да, оның құрамындағы «Шығыс фило­ло­гиясы» кафедрасының қалып­тасуы мен дамуында білім­ді, білік­­ті ұстаз-ғалым Князь Иб­ра­­гим­­ұлының болғаны да ха­лық­тың жылы ықыласпен баға­лауы­мен жаңа тарихымыздың жар­қын бет­тері болып жазылды. Себебі Князь Ибрагимұлының ұйым­дас­тыруы­мен, университеттің сол кез­дегі талантты қайраткер басшысы, академик Тоқтар Сәлменұлы Садықовтың қолдауымен «Қазақ тілі және әзербайжан тілі» маман­дығы да уақыт талабына сай маман­­дар дайындаудың дәстүрін қалып­тастырды.

Жоғары оқу орнында 1990-жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Князь Ибрагимұлы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеде қолданылуының нығаюында өзі­нің жеке басының өнегесімен және қарауындағы әріптестеріне ықпал етуімен туысқан халықтар өкілдеріне үлгі-өнеге болып келеді. Яғни, ол қазақ тілінде еркін сөйлеп, мемлекет құрушы қазақ халқы ұрпақтарының алдында нағыз гуманист ғалым-ұстаз екендігін дәлелдеп отыр.

Профессор К.Мирзоев Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­ка­лық университетінің базасында ұйымдастырылған «Әлем тілдері орталығын» басқарған жылдары көптеген игі шараларды жүзеге асырды – интеграцияланған білім беру бағдарламаларын, маман­дықтарға қажетті иннова­циялық технологияларға негізделген оқу­лық­тар мен оқу-әдістемелік құрал­дарын дайындау, оқу-әдісте­ме­лік, ғылыми-теориялық және тә­жірибелік анықтамалық әдебиет­тердің электронды базаларын құру, оқу үдерісіне көптілді білім беру қағидаттарына негізделген инно­вациялық технологияларды енгізу, т.б.

Қазақстанның көрнекті ғалым­дарының қатарында қажырлы ең­бек етіп келе жатқан ғалым қазақ әдебиеті және қазақ тілі, соны­мен бірге еліміздегі туысқан халық­тар­дың әдебиеті мен мәдениеті мәсе­лелеріне де арналған еңбектер жазып келеді. Мысалы, «Абай поэ­зиясы: Жүрегімнің түбіне терең бойла», «Қазақстан халықтарының әдебиеті», «Қазақстан халқының қазіргі заманғы әдебиеті», «Тілдік компоративистика аясында Қазақ­станның шетелдік Шығыс елдері­мен тарихи-мәдени байланысы», «Танылған мемлекеттің сенімді тірегі», «Тәуелсіздік жылдарын­да­ғы Қазақстан халқының көпұлтты әде­биеті» және басқаларды айтуға болады. Ғалымның әлем әдебие­ті­нің көрнекті шығармаларын күрд тіліне аударғаны да оның шы­ғар­машылығындағы маңызды ерек­шелікті танытады. Сондай-ақ ол қазақ әдебиетінің классиктері ха­кім Абайдың, Мұхтар Әуезов­тің, Олжас Сүлейменовтің, Нұр­лан Оразалиннің, Фариза Оңғарсынова­ның, т.б. да ақын-жазушылардың шы­ғармаларын күрд тіліне аударған.

Ол Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің жанындағы кандидаттық, доктор­лық диссертациялар қорғалатын кеңестің тұрақты мүшесі ретінде жас ғылыми мамандарды дайындау ісіне де мол үлес қосуда. Оның жетекшілігімен 10-нан астам кандидаттық, кеңесшілігімен бір­неше докторлық диссертация­лар қорғалды. Ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарының кең ауқымдылығы ая­сында оның Шығыс халық­тары­­ның классикалық әдеби мұ­ра­­ларын зерттеудегі біліктілігі алыс-жақын шетелдерге де мәлім. Салыс­тырмалы әдебиеттану (компоративистика) ғылымының жаңа­шы­л­­дық бағыттары бойынша ғалым­ның зерттеуі қазіргі жаңа ізденіс­тері­мен жалғасып отыр. Қазіргі кезде 500-ге жуық ғылыми еңбек­тері оның ішінде 20 монографиясы ға­лым­ның әлемдік деңгейдегі ғылыми шығар­машылық тұлғасын даралап тұр.

Қайраткер-ғалым К.Мирзоев Қазақ­стан халқы Ассамблеясын құ­руға да белсене атсалысып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елішілік және халықаралық байланыстардағы саясатының жүзеге асуына мол үлес қосып келеді. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың, инновациялық технологиялардың жемісті нәтижелерге жетуіне Ассам­блея мүшесі ретінде өзіндік көз­қарастарын отандық және шетел­дік бұқаралық ақпарат құрал­дарында үнемі жариялап жүр. Оның әлем халықтарының тілдерінде 100-ге жуық әлеуметтік-танымдық ма­қа­лаларының, ғылыми-зерттеу еңбек­терінің жарық көруі Қазақстан Республикасының өркениет кеңіс­тігіндегі беделін нығайту қызметін танытып отыр. Ол 2013 жылы кезек­ті сессиясында Қазақстан хал­қы Ас­сам­блеясы Төрағасының орынбасары болып сайланды. Ал 2014 жы­лы Қазақстан Республикасы Пре­зи­­денті Н.Ә.Назарбаевтың Жар­лы­ғымен Қазақстан халқы қауым­дастығын ұйым­дастыру және өт­кізу жөніндегі Мемлекеттік ко­мис­­сияның мүшесі болып тағайындалды.

Ғұмырнамалық өмір белес­терінің ширек ғасырдан асқан кезе­ңінде Қазақстан Республи­касы­ның азаматы болып келе жат­қан Князь Ибрагимұлы Мирзоев­тың ғылыми, әдеби-шығармашы­лық және ұстаздық-тәлімгерлік бас­шы­­лық қызметтерді атқаруы мем­­ле­кет басшылығы тарапынан үнемі лайықты бағаланып келе­ді. Оған 1998 жылы ғылыми-зерт­теу­леріндегі, білім беру мен мәде­ниет құндылықтарын дамытудағы жетіс­тіктері мен белсенді қоғам­­дық-әлеу­меттік қызметі үшін мемле­ке­ті­міздің жоғары марапаты – «Құрмет» ордені берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарындағы алған ма­ра­паттауларының бәрі де қай­раткер-ғалымның еңбегіне берілген лайықты бағалар.

Ғалым К.Мирзоев үлгілі отбасы иесі. Зайыбы Гогарчин Тааровна екеуі бес перзент өсіріп, олардың қоғамдық ортада өз орындарын табуына мүмкіндік жасады. Тұңғыш қызы Теймине – акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты, одан кейінгі қызы Медина – халықаралық заң кеңесшісі, ұлы Везир – заң ғылымдарының кандидаты, прокуратура органының қызметкері. Одан кейінгі ұлдары Назир – кәсіпкер, Саладин – «АлматыИнжСтрой» халықаралық компаниясының заң кеңесшісі. Әртүрлі тағдырлы жолдарымен кел­ген әлем халықтарына жайлы қоныс, ақырында өздеріне мәңгілік бақыт мекені болған Ұлы Дала елі – Қазақ елі осылайша күрд халқының сөз арқауындағы перзенттерінің де сүйікті Отаны болып отыр.

 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор