29 Қаңтар, 2010

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЕҚЫҰ ТАҒДЫРЫ ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

1618 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ – ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ 2010 жылғы 29 қаңтарда 11.00 сағат­та республикалық те­леарна­ларда Қазақ­стан Рес­пуб­лика­сы­ның Президенті Н.Ә.Н­а­зарбаев­тың жыл сайын­ғы Қазақ­стан халқына Жол­дауы тікелей эфирде таратылады. Кешкі уақытта барлық теле­ар­наларда қорытынды жаңалық­тардан кейін арнайы репортажда Мемлекет басшысының сөзі қай­талап беріледі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы “Егемен Қазақстан” газетінің 30 қаңтардағы нөмірінде жарияланады. Қазақстан осынау халықаралық ұйымға төрағалық кезеңіне кірісті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) секілді осындай ықпалды халықаралық ұйымға төрағалықтың белсенді кезеңіне кірісе отырып, мен бірқатар аса маңызды мәселелерді қозғағым келер еді. Бұл – ЕҚЫҰ-ның бұдан әргі тағдыры және перспективалары, оның қалыптасатын жаңа әлемдік тәртіптегі орны. ЕҚЫҰ қазіргі тұрғыда ХХІ ғасырдың серпінді нақтылығына кіріге ала ма? Болашақ бүгіннен соның ішінде ЕҚЫҰ-ның қатысуымен жасалады. Өзінің ауқымдылығы мен Ванкуверден Владивостокқа дейінгі алып жатқан кеңістігі туралы жүйелі еске салып тұратын ұйым осы заманғы әлемнің ең күрделі де өзекті проблемаларымен айналысуы тиіс. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретіндегі Қазақстан істің нақ осындай түсінігін негізге алады. Біз ЕҚЫҰ қызметінің барлық мәселелерін шешу үшін жылдық мерзім жеткіліксіз екенін айқын сезінеміз. Біз ұйымдағы қандай да бір төңкерістердің жақтаушылары емеспіз, бірақ та енжар әрекет етпейтініміз де анық. Қазақстан осынау халықаралық ұйымға төрағалық кезеңіне кірісті Егемен мемлекеттің басшысы ретінде мен Қазақстан Республи­ка­сы­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жай стратегиялық ұлттық жоба және елдің халықаралық беделі өскенді­гі­нің дәлелі деп қана емес, сонымен бірге ұйымға жаңа тыныс, жаңа сер­пін берудің мүмкіндігі деп бағалаймын. Осыған байланысты мен ЕҚЫҰ тарихының бастаулары мен аса ма­ңызды сатыларына ойша қайта ораламын. Оның сөзсіз халықара­лық табыстарының себептері неде? Оның қызметінің басты тағылым­да­ры қандай? “Хельсинки рухын” қалай қайта жандандырып, нығайта аламыз? ЕҚЫК – халықаралық шиеленісті бәсеңдетудің жаһандық факторы Сонау 1973 жылы Женевада және Хельсинкиде Еуропаның 33 мемлекеті, сондай-ақ АҚШ пен Канада құрамында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің (ЕҚЫК) бастауы қаланған еді. Бұл бүкіл әлем үшін бетбұрыс сәт болып, ЕҚЫК аясында НАТО мен Вар­ша­ва Шарты ұйымына мүше елдердің, сондай-ақ Еуропа континентіндегі бейтарап мемлекеттердің күш-жігері біріктіріліп еді. Осы заманғы тарихта бұл аса күрделі де өте қиын кезеңдердің бірі болып, екі қарама-қарсы тұ­ру­шы әскери-саяси блокқа қатысты шиеленіс барынша өткір деңгейге жетті. “Қырғи-қабақ соғыс”, ахуал­дың қолайсыз дамуы жағдайында, “атқыласқан соғысқа” ұласуы мүм­кін еді. Жетекші әлемдік держа­ва­лар ядролық ойран-топырға ұрын­бай, бір-біріне қарсы қадам жасауы үшін олардың көшбасшыларының саяси ерлігі қажет болды. Бұл жұмыстың аса маңызды жиынтығы 1975 жылы Хельсинкиде қол қойылған Қорытынды акт болды. ЕҚЫК ХХ ғасыр геосаясатында үштік серпінді секірісті көрсетті. Біріншіден, “қырғи-қабақ соғыс­тың” ядролық соғысқа ұласу қате­рі­не жол бермеу мәселелерінде сер­пінді секіріс орын алды. Екіншіден, бұл Шығыс пен Батыстың табысты институттық үнқатысуының ал­ғаш­қы өнегесі болды. Үшіншіден, бұл екі идеология мен дүниетанымның ынтымақтастығы тұрғысынан сер­пін­ді секіріс болды. Үлкен тұрғыдан келгенде ЕҚЫК барлық “үш себет” аясында синхронды прогреске жәрдемдесіп, биполярлық әлем жағдайында жаһандық рөл атқарды. Алайда, бір кезде алынған биіктікті ұстап тұру және әлемдік үдерістерге ықпал етудің аса жоғары деңгейін сақтап қалу тіпті де әр саяси форумның қо­лынан келе бермейді. Бұл тұр­ғыда ЕҚЫК ерекшелік бола алмады. Ашығын айтайық: 1975 жылы Хель­синки үдерісінің “рухы” ғана емес, сонымен бірге, “бренді” де жа­салды. Өткен онжылдықтарда бұл бренд айтарлықтай көмескіле­ніп, өз тартымдылық күшінің бір бө­лі­гін жоғалтып алды. Қазіргі сая­сат­шы­лардың міндеті бұл брендті қайта жандандыру ғана емес, сонымен бірге оған жаңа айшық және жігер беруде болып отыр. ЕҚЫҰ биполярлық әлемнің ыдырауы кезеңінде ХХ ғасырдың 80-90-шы жыл­дары шебінде заманалық маңызы бар өзгерістер болды. Кеңес одағы күйреп түсіп, Варшава Шарты ұйымы ыдырады, Германия бірігіп, Югославия тарихи болмыстың жоқтығына айналды. Қазақстанның тікелей қатысуы жағдайында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Осынау күрделі де қарама-қай­шылықты кезеңде ЕҚЫК белгілі бір тұрақтандырушы рөл атқарып, сенім шаралары мен қауіпсіздікті нығайту жөнінде маңызды қадам­дар жасады, сондай-ақ Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі, Еуразия мемлекеттеріндегі демо­кра­­тиялық және нарықтық өзгеріс­тер­ге қолдау білдірді. Осыған бай­ла­нысты, мәселен, жаңа Еуропа үшін Париж хартиясы және Еур­опа­дағы кәдуілгі қарулы күштер жө­ніндегі Шарт пен басқа да стра­тегиялық маңызды құжаттар туралы еске алудың өзі жетіп жатыр. Өткен онжылдықтың ортасында ЕҚЫК саяси үнқатысу форумынан трансұлттық ұйымға – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға өзгертілді. Жаңарған ұйым 1996 жылы “ХХІ ғасырдағы Еуропа үшін ортақ және баршаны қамтитын қауіпсіздік моделі туралы” декларация қабыл­дап, онда шектеу сызықтарынсыз біртұтас, бейбіт те демократиялық Еуропа құру қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, ұйымның әс­ке­ри-саяси мәселелерге көңіл бө­луді біртіндеп төмендетіп жібер­генін мойындамау мүмкін емес. Осымен бірге ұйым экономи­калық ынты­мақ­тастықты дамыту саласындағы өз белсенділігін елеу­лі түрде өсірді. ЕҚЫҰ осы заманғы геосаяси нақтылықта ХХІ ғасырдың басы бүкіл ха­лық­аралық қатынастар архитек­тура­сының маңызды да терең өз­ге­рістерімен көрінді. Ұлттық мем­ле­кеттердің экстремизмнің алдында­ғы шетіндігі жаһандық және өңір­лік қауіпсіздіктің трансұлттық қатерлерімен күрес саласындағы көп­жақты ынтымақтастық үшін түрткі болды да. Халықаралық қауіпсіздіктің басқа бір сынағы Ядролық қаруды таратпау туралы шарт режімін шай­қалту, ядролық қаруға ие болуға жақындаған немесе оған қол жеткізіп қойған “табалдырықтық мемлекеттер” деп аталатын топты дереу кеңейту болды. ЕҚЫҰ-ның ұлан-байтақ кеңіс­ті­гінде де белгілі бір проблемалар баршылық. Континентегі әскери-сая­си тепе-теңдіктегі өзгерістер, “тоқтатыла тұрған қақтығыстар”, Еуропадағы кәдуілгі қарулы күштер туралы Шарт төңірегіндегі күрделі ахуал – осы және басқа мәселелер ЕҚЫҰ-ға қатысушы көптеген ел­дер­дің елеулі алаңдаушылығының тақырыбына айналды. Ақыр аяғында, іс жүзінде бүкіл әлемді қамтыған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жаңа, әлдеқайда әділ де болжап боларлық әлемдік тәртіпті құру ісінде барлық мемлекеттердің, соның ішінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің де күш-жігерін біріктіру қажеттігін тағы бір рет көрсетіп берді. Осыған байланысты ЕҚЫҰ-дан гөрі тұтастай жаһандық үдерістерге тән тағы бір маңызды үрдіске назар аудартқым келер еді. Осы заманғы әлемде барша үшін бірдей маңызды проблемаларды шешуде мемлекет­тер­дің теңсіздік ахуалы қайтадан пайда болуда. Тіпті жетекші әлем­дік державалардың өздері мұндай ахуал жеміссіз болып, барынша әділ болмайтынын бүгінде сезіне бастады. Бұл тұрғыда G-8 тұрпатын G-20-ға дейін кеңейту оң құбылыс болды, бірақ ол үлкен тұрғыдан кел­генде, ахуалды түбегейлі өзгертпейді. Баршаның қарапайым бір нәр­се­ні түсінгені жөн деп білемін: жаһандық даму қисынының өзі осы заманғы әлемде көпшілік болып табылатын орташа мөлшерлі мемлекеттердің рөлін күшейтуді талап етеді. Меніңше, орташа мем­лекеттердің рөлі жаһандық стра­те­гиялық шешімдердің консенсустық негізде қабылдануына қол жеткізу­де болуы тиіс. Бүгінде ЕҚЫҰ әлемдегі ба­рын­ша ықпалды құрылымдардың бірі деп орынды саналады, ол орасан зор географиялық және саяси кеңістікті қамтып жатыр. Солай бол­са-дағы ЕҚЫҰ-ның “ахиллестік өкшесі” үш кеңістіктің үзінділігі, еуразиялық кеңістіктің ұйым әлеуетін дамыту үдерісіне жеткілікті кірікпеушілігі болып табылады. Соңғы 35 жылда көптеген ха­лық­аралық ұйымдар мен тұтас мем­лекеттер әлемдік тарих ағы­сын­да із-түссіз жоғалып кетті. Соны­мен бір мезгілде көптеген жаңа ұйымдар мен бірлестіктер пайда болып, Еуропаның саяси картасы түбегейлі өзгерді. Осындай кезде ЕҚЫҰ қызметінде жаңа, айтар­лық­тай ықпалды әрі серпінді дамып келе жатқан өңірлік ұйымдармен өзара ықпалдастықты белсенді ету маңызды. ТМД-ның, ҰҚШҰ-ның және ЕурАзЭҚ-тың пайда болуы Кеңес Одағы кезінде болғанға қара­ғанда мүлде басқа нақтылықты көр­сетеді. ШЫҰ-ның шығуы ЕҚЫҰ-ның орасан зор бір бөлігін­де кеңістікті құрылымдаудың жаңа тетігі пайда болғанын білдіреді. Қауіпсіздіктің басқа құрылымдары­мен қатар азиялық ұжымдық қауіп­сіздік жүйесінің болашақ үлгісі – АӨСШК секілді инновациялық жобалар пайда болды. Еуропалық тә­жірибеге, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның практикалық атқарылым­дары­на арқа сүйей отырып, АӨСШК өз қызметін институттау жолы бой­ын­ша серпінді ілгерілеп, азиялық кон­тинентте барған сайын таныла түсуде. Сондықтан ЕҚЫҰ басқа өңір­лік құрылымдармен байланыстың қазірдің өзінде бар оң практи­ка­сын молайта түсуі тиіс. Басқа өңірлік жо­балармен жігерлі өзара ықпал­дастық ЕҚЫҰ қызметіне жаңа тыныс береді, оның алдынан жаңа көкжиектер ашып, жаңа бағдарлар белгілей алады. Басқа мем­лекеттер қолдау білдірген жағ­дайда Астана мұндай тұрпаттағы институтаралық және өңірүстілік үнқатысудың сенімді алаңы болар еді. ЕҚЫҰ-ға қазақстандық төраға­лық: сабақтастық және жаңашыл­дық Айрықша атап көрсетемін: Қа­зақстан ұйымға қалыптасқан дәс­түрлердің жалғастырушысы ретін­де келіп отыр. ЕҚЫҰ-ның негізгі қызметі қалыптасып үлгерген қа­ғи­­даттарға, стандарттар мен ереже­лер­ге негізделетінін біз айқын сезі­неміз, Қазақстан олардан бас тарт­пайды, өйткені олар ұйым рухын бейнелейді. Қазақстан грек төрағалығының лайықты сабақтастығын қамтама­сыз етеді. Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Шығыс пен Ба­тыс ара­сындағы жаңа қатынастар кезеңінің бастауын негіздеп, өзара сенімді ны­ғайтуға қызмет етеді деп санай­мын. Қазақстан Венадан шы­ғысқа және батысқа қарай ор­наласқан барлық мемлекеттермен іскерлік және сындарлы қатынас­тарын жол­ға қойып, қақтығыстық ахуалдар­да­ғы түрлі тараптардың белсенді ғана емес, сонымен бірге тиімді медиа­торы бола алады. ЕҚЫҰ – бұл қауіпсіздік са­ла­сын­дағы ең күрделі проблемалар бойынша пікірталас үшін оңтайлы алаң екеніне мен сенімдімін. Осы­ған байланысты біз ЕҚЫҰ-ның кең байтақ кеңістігінде баршаны қам­титын және біртұтас қауіп­сіздікті ой елегінен өткізуге қуатты серпін беретіні сөзсіз “Корфу үдерісіне” айрықша мән береміз. Меніңше, ұйым стратегиялық маңызды бастамаларды, соның ішін­де Еуропалық қауіпсіздік ту­ра­­лы шартты (ЕҚШ) ашық та қа­ғи­­дат­тық тұрғыда талқылаудан бас тартпауы тиіс. Осы заманғы жаһандық қатер­лердің тағы бірі ЕҚЫҰ-ның бар­лық мүше елдері іс жүзінде белгілі бір дәрежеде бетпе-бет келген экс­тремизм проблемасы болып табы­ла­ды. Сондықтан қауіпсіздіктің жа­һандық мәселелері туралы сөз болғанда ұйым қатерлі ісіктің ме­тас­тазасы секілді бүкіл осы заман­ғы әлемдік өркениетті біртіндеп дертке шалдықтыратын лаңкес­шіл­дік пен экстремизмге ден қоймай тұра алмайды. Тұтастай алғанда айтарлықтай елеулі де мәнді тарихи жәйтті, ал нақтылай алғанда ЕҚЫҰ конти­нент­тік еуропалық ұйымнан әлде­қа­шан жауапкершілік аймағы бой­ын­ша да, нақты жұмыс учаскесі бойынша да трансконтиненталдық сипат алған ұйымға айналғанын мой­ындау өте маңызды. Оның құ­рамына Еуропаның, Азия мен Сол­түс­тік Американың елдері кіреді. Сондықтан бүгінде еуропалық қана емес, сонымен бірге еуразия­лық қауіпсіздік туралы айту әлде­қай­да орынды болар еді. Әңгіме бүгінде берік еуропалық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету азиялық қауіп­сіздік өлшемін ескерместен қағидатында мүмкін еместігі тура­лы болып отыр. Бүгінгі әлемдегі, со­ның ішінде Еуропадағы қауіп­сіз­дік бұл мемлекеттер мен тұрақты ар­миялар тарапынан болатын жап­пай әскери шабуылдың әлеуетті қатері ғана емес, сонымен бірге мүмкін бо­латын лаңкесшілдік шабуыл­дар­мен, этностық және кон­фессиялық ерекшеліктер не­гізін­дегі жанжалдармен байланыс­ты қатерлер де. Біздің мемлекеттеріміздің қауіп­сіздігі көрші мемлекеттердің, тіпті олар ЕҚЫҰ-ға кірмесе де, қауіпсіз­дігінен ажырағысыз. Осы­ған байла­нысты Қазақстан Іс басындағы төраға ретінде ЕҚЫҰ ке­ңіс­тігіндегі жаңа сынақтарға қарсы тұру жөнін­де барынша күш-жігер жұмсайды және лаңкестікке, тра­фик­тің әрқилы түрлермен күрес және шекараларды нығайту сала­сын­дағы бірқатар маңызды жоба­лардың қосалқы демеушісі болып табылады. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің 43-і қалай болғанда да Ауған­стандағы соғыс операцияларына немесе экономикасын қалпына кел­тіруге қатысып отырғаны белгілі. Сонымен қатар ауған проблемасын өңірлік ұйымдарды қоспастан шешу күрделі болаты­нын мойындаған жөн. ЕҚЫҰ осы­нау үлкен істе өзінің бос орнын, өзінің рөлін табуға тиіс және бұл тұрғыда Ауғанстан түрлі өңірлік ұйымдар арасында өзіндік бір көпір бола алар еді. Қазақстан осынау қасіретті көп шеккен елді оңалту және жан­жал­дан кейін қалпына келтіру үде­рі­сіне бірінші кезекте көңіл бөліп, Ауғанстандағы коалицияның күш-жігеріне қолдау білдіруде. Солай болсадағы біз бұрынғыша ауған проб­лемасының соғыс арқылы шешуі жоқ екендігіне сенімдіміз. Басқа көптеген елдер секілді Қа­зақ­стан тұрақты да бейбіт Ауған­станның қалыптасуына шынайы мүдделі және ең алдымен гумани­тарлық сипаттағы жобаларға күш-жігерді шоғырландыратын болады. Мәселен, әлемдік қаржы дағдары­сына қарамастан біз Ауғанстанның бір мың азаматын қазақстандық оқу орындарында түрлі азаматтық мамандықтарға оқыту мақсатында 50 млн. доллар бөлу туралы шешім қабылдадық. ЕҚЫҰ-ның басқа мүше мемлекеттері түрлі салаларда осыған ұқсас бағдарламаларды әзірлей алар еді. Осы тұрғыда маңызды жалпы­азия­лық форумның – Азиядағы өз­ара ықпалдастық және сенім ша­ралары жөніндегі Кеңестің (АӨСШК) рөлін бағаламауға бол­майды, қауіпсіздік бөлігіндегі оның мақсаттары ЕҚЫҰ мақсат­тары­мен ұқсас. Ауғанстан АӨСШК-нің толық құқылы мү­ше­сі болып табылады және бір­қа­тар практи­калық шараларды, мы­салы, есірт­кінің заңсыз айналы­мы­мен, сондай-ақ жаңа сынақтар мен қатерлермен күрес саласын­дағы шараларды іске асыруға қатысуда. Қазіргі кезде бүкіл әлем жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарымен күресіп, дағдарыстан кейінгі даму страте­гиясын түзіп жатқанда алдыңғы тұрғыға жаһандық экономика мен экология мәселелері шықпай қоймайды. Алайда, ЕҚЫҰ-ның көптеген мүше мемлекеттері түрлі форматтағы, нақты айтқанда G-8, G-20, ШЫҰ деңгейіндегі формат­тарға қатыса отырып, шешуші күн тәртібі ретінде осынау өзекті проб­лемаларды белсене талқылайды, ал ЕҚЫҰ аясында дағдарыс және дағдарысқа қарсы проблематика тіпті факультативтік деңгейде тікелей талқыланбаған екен. “Екінші себет” мәселелеріне әлдеқайда байыпты назар аудару ЕҚЫҰ қызметін шынында да нақты мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Қазақстандық төрағалық кезеңінде экологиялық қауіпсіздік мәселе­лерінің кешені маңызды орын алады, оларды ойдағыдай шешу бү­кіл ұйымның ресурстарын бірік­тірмейінше және күш-жігерді ке­ліс­тірмейінше мүмкін емес. Әңгіме Арал теңізі мен Семей полигоны туралы ғана емес, сонымен бірге ЕҚЫҰ кеңістігінің Орталық Азия, Еуропа және басқа өңірлерінде орын алған көптеген басқа проб­лемалары туралы болып отыр. Қазақстандық төрағалықтың басымдығы қатарына ұйымның көлік-коммуникациялық әлеуетін дамыту мәселелері жатқызылатын болады. Бірқатар географиялық, та­рихи және экономикалық жағ­дайларға байланысты нақ Орталық Азияның – Батыс пен Шығыс ел­де­рінің арасында тұрақты да қауіп­сіз көпір болуға қабілетті кең бай­тақ әрі перспективалық өңір зор сау­да және көлік әлеуетіне ие бо­лып отыр. Бұл тұрғыда негізіне тран­зиттің, көлік пен логис­ти­каның өзекті мәселелері алынған “Еу­ро­паға жол” Мемлекеттік бағ­дарла­масы айрықша мәнге ие болады. Қазақстан “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” көлік дәлізін же­дел­дете құру бойынша күш-жігер жұмсауда. Басқа да ірі ауқымды жобалармен бірлесіп бұл дәліз ХХІ ғасыр жағдайындағы “Ұлы Жібек Жолын” жедел өркендетуге жәр­демдесетін болады. “Үшінші себет” мәселелері әдет­те ЕҚЫҰ қызметінде страте­гиялық маңызды орын алады. Қазақстан ұйымға төрағалық ке­зін­де бұл мәселелерге барынша жіті назар аударатын болады. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі шынайы қауіпсіздік адамның іргелі демо­кра­тиялық құқықтары мен ер­кін­дік­терін сақтап қорғамайынша мүмкін емес. Қазақстан қолға алған сайлау, саяси партиялар, БАҚ, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған қағидаттық тұрғыда маңызды қа­дам­дар демократиялық құндылық­тарға сөзсіз адалдығының дәлелі болды. Бұған қоса Қазақстанда адам құқықтары саласында 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық іс-әрекет жоспары, сондай-ақ 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылдан­ғанын айта кетейін. Жуырда мен гендерлік тендік туралы заңға қол қойдым. Біз сондай-ақ тұрмыста күш қолдануға қарсы күресті кү­шей­тіп, бала құқықтарын қор­ғау­ды қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға елеулі өзге­рістер енгізбекпіз. Қазіргі кезде ЕҚЫҰ-ның бүкіл кеңістігінде ұлтаралық және дін­аралық қатынастар проблемалары қайтадан өзекті бола түскенін байқамау мүмкін емес. Жасырын еңбек миграциясы мен ұлттық диас­поралардың келген елінің қоғамына кірігу проблемасы өткір қойылып отыр. Еуропада орныққан құнды­лық­тар жүйесі мен жедел өсіп келе жат­қан ұлттық диаспоралар мәде­ниетінің арасындағы жанжалдар байқалады. Алайда әлемнің азия­лық бөлігінде де өткірлігі бұдан кем емес проблемалар туындауда. Екі ғасырдың тоғысында пайда болған жас тәуелсіз мемлекет­тер­дің тұтас тобы әу баста осы за­ман­ғы әлемге кірігуге бағдарланған болатын. Бұл жас мемлекеттер азаттық пен демократия жолын таңдап алды. Алайда мен саяси ұмтылыстар мен өркениеттік модельдер ара­сын­да айырмашылық жүргізгім келе­ді. Бүгінде “бір өлшемді әлем” және “әмбебап өркениет” – бұл енді көнерген утопия екендігі әб­ден айқын. Әлемнің түрлі өңір­лері­нің өмір салтын, дәстүрлерін, мәдениетін, этностық тарихын жоққа шығаруға болмайды. Қарсы келген жағдайда бұл негізінде батыстық даму моделін әлеуметтік, мәдени, діни қабылдамаушылық жататын іргелі дағдарысқа соқ­ты­руы мүмкін. Бірақ та батыстық өр­кениеттің құндылықтары әлемнің басқа өңірлерінде де, сол секілді батыс қоғамының ішіндегі этнос­тық диаспоралар тарапынан сөзсіз құрметтелуі тиіс деген қағида да сондайлық әділ болып шығады. Жаһандық қаржы-экономи­ка­лық дағдарыс көрсетіп бергенін­дей, әлдеқайда серпінді саяси идея­лар туралы айтпағанның өзін­де тіпті қалыпты экономикалық стереотиптерді абсолюттендіруге болмайды. Осы заманғы аса өткір көптеген проблемалар ұжымдық күш-жігермен ғана және кон­сен­сус негізінде ғана шешіле алаты­нына біз терең сенімдіміз. Мәдениетаралық және өрке­ниет­аралық үнқатысу идеяларын жақтайтын, көпұлтты және көп­кон­фессиялы мемлекет ретінде Қа­зақстан ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, нәсілшілдікті, ксе­но­фобия мен антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ұйымның ай­тар­лықтай қуатты әлеуетін пайдаланбақ. Бұл ізгі мақсаттарды Қазақстан ЕҚЫҰ аясында ғана емес, соны­мен бірге АӨСШК, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, Ислам Конференциясы Ұйымы, ТҮРКСОЙ секілді ұйым­дарға алдағы төрағалығы барысын­да да іске асыратын болады. Сон­дай-ақ еске сала кетейін, Қазақ­станның бас­тамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010 жылды Мәдениеттер жақын­дасуының ха­лық­аралық жылы деп жариялау ту­ралы арнаулы қарары қабылданды. Біздің міндетіміз – ЕҚЫҰ бой­ынша әріптестерімізге ұлтара­лық және конфессияаралық келі­сім саласында жинақтаған тәжі­ри­бемізді беру. Осыған байланысты өзінің оң рөлін 2010 жылға бел­гіленген ЕҚЫҰ-ның Төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясы атқаруы тиіс. Мұсылман халқы басым зайырлы мемлекет, ИКҰ-ның мүшесі болып табылатын Қа­зақ­стан ЕҚЫҰ төрағасының лауа­зымында мұсылман және хрис­тиан өркениетін жақындастыру үшін, Шығыс пен Батыс арасын­дағы түсіністікті тереңдету үшін айрықша жауапкершілік сезінеді. Осынау ортақ мақсаттың практи­ка­лық тұрғысына ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы үнқатысуды белсенді ету жәрдемдесер еді. 2010 жылы Хельсинки Қоры­тын­ды актісіне қол қойылған күн­ге 35 жыл, жаңа Еуропа үшін Па­риж хартиясына – 20 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күніне 65 жыл толады. Бұл оқиғалардың сәйкес келуінде терең нышандық сипат бар және ол ұйымға және оның Іс басын­дағы төрағасына айрықша міндет­теме­лер жүктейді. Біз барлық осынау тарихи ке­зеңдерді “осы заманғы рухты” ес­кере отырып, ой елегінен өткізудің ең жақсы тәсілі 2010 жылы Қа­зақстанның жас елордасы – Еур­азия кіндігінде орналасқан Аста­нада ЕҚЫҰ мемлекет басшы­ла­ры­ның ұзақ уақыт күтілген саммитін өткізу болар еді деп білеміз. Еске сала кетейін, ЕҚЫҰ-ның мұның алдындағы, Ыстамбұл сам­миті, ұйым регламенті бойынша екі-үш жылда бір рет өткізіліп тұруына қарамастан, бұдан он жыл бұрын, 1999 жылы болған еді. Осыған байланысты біз осы сам­митті Астанада өткізу идеясына бел­сене қолдау білдірген Ресейге, Фран­­цияға, Италияға, Испанияға, Австрияға, Түркияға, Сербияға, Сло­­венияға, Белоруссияға, ЕҚЫҰ-ға мүше басқа мемлекет­терге шы­найы ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай маңызды форумға халықаралық өмірдің шын мәнін­де мәнді де өзекті мәселелері, бірінші кезекте қауіпсіздіктің бір­тұтас архитектурасын құру, “Кор­фу үдерісін” іске асыру, Ауған­станды сауықтыру және көмек көр­сету шығарылуы тиіс. Соны­мен қатар Қазақстан саммиттің күн тәртібіне Этносаралық және конфессияаралық келісімді қам­тамасыз ету жөніндегі іс-әрекет бағдарламасын әзірлеу туралы мәселені қосуды ұсынады. Мемлекет басшыларының сам­митін ойдағыдай өткізу жаңа тарихи жағдайларда Хельсинки рухын өркендету символы болар еді. Саммит ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің көшбасшыларына “сағатта­рын салыстырудың” және ұйымның көз жетерлік болашақ­тағы аса ма­ңызды басымдықтарын айқын­даудың бірегей мүмкіндігін береді. *   *   * Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа айқын ниетпен келеміз, ұйымның әбден нақтылы проблемаларын шешуге бағытталып келеміз. Қазақстан өзінің мүмкіндіктерін парасаттылықпен пайымдайды, алайда өзінің алдына барынша жоғары бағдарлар қойып отыр, оларға қол жеткізу ол үшін де, тұтастай ЕҚЫҰ үшін де пайдалы болады. Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етуді есептеп отыр, табысты дегенде өзінің ұлттық мүдделерін тиімді қорғауды ғана емес, сонымен бірге ұйымның өзін ХХІ ғасырдың жедел өзгеретін жағдайларына тиімділікпен бейімдеу жолы бойынша ілгерілетуді де түсінеді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның халық­ара­лық-құқықтық әлдеқайда же­тіл­ген мәртебесіне қол жеткізу қа­жет деп санайды және тиісті құ­жаттарды әзірлеу жөніндегі біздің ортақ жұмысымызды үйлестіруді жалғастырмақ. Біз – реалистерміз және ЕҚЫҰ-ны жаңарту үдерісі тек 2010 жылмен шектелмейтінін ай­қын түсінеміз, бұл ұзақ перспек­тиваға арналған міндет және ұйымның белсенді мүшесі ретінде Қазақстан осы бағыттағы тыным­сыз да көп жылдық жұмысқа дайын. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше бар­лық елдерді ортақ мүдделерге, іске асырылуы ЕҚЫҰ-ға қолдау бо­лып, нығайтатын, ұйымға деген сенім мен құрметті ұлғайтатын ұжымдық мақсаттар мен басым­дықтар үшін әрекет ету әзірлігін көрсетуге шақырады. ЕҚЫҰ бүкіл әлемге өзінің “қырғи-қабақ соғыс” кезінде ғана тиімді болмағанын, сонымен бірге осы заманғы жаһандық саясат пен экономиканың жанды ағзасына тығыз тоқылған, белсенді даму үстіндегі құрылым болып қалатынын дәлелдеуі тиіс. “Известия” газетінде және “Интерфакс” агенттігінің сайтында 28 қаңтарда жарияланған.